ЭЛЕКТРОНДЫ ШЫЛЫМҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛАДЫ

0

Қазіргі кезде жастардың денсаулығын улайтын заттардың қатары көбейіп жатқаны ащы болса да шындық. Ішімдік пен есірткіден айырыла алмай жүргенде құрамында түрлі химиялық қоспалары бар зиянды заттар көбейді. Соның бірі мектептегі балалардың ермегіне айналған – электронды шылым, немесе «вейп».

Жақында Қордай ауылының мектептерінің бірінде екі жасөспірім «вейп» шегіп, есінен танып қалды. Абырой болғанда, дәрігерлердің көмегімен естерін жиып, аяққа тұрды. Бұл алаңдатарлық жағдай екені анық. Осы орайда аудандық әкімдікте нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі комиссия отырысында электронды шылым мәселесіне ерекше назар аударылды.

Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай басшылық еткен жиынға АПБ нашақорлық бөлімінің аға инспекторы Олжас Мамыт, АОА бас дәрігерінің орынбасары Иван Черных және психиатр-нарколог дәрігері Салтанат Жолдасбекова, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қатысып, күн тәртібіне көтерілген мәселені талқылады.

Нашақорлық бөлімінің аға инспекторы аудандағы ахуалды баяндаса, психиатр-нарколог дәрігер осы шылым түрінің қаупін түсіндіріп берді. Ал, білім бөлімінің басшысы аудандық мектеп оқушылары арасында зиянды әдеттерді алдын алуға бағытталған жұмыстарды баяндап берді. Жиынға қатысушылар «вейп» шылым саналатындықтан, заң бойынша қоғамдық орындарда ашықтан-ашық ұсынылмауға, пайдаланылмауға және сатылмауға тиіс екенін атап өтті. Дегенмен, анығында олай болмай тұр. Жасөспірімдер арасында «вейп» эпидемиясы белең алып барады. Комиссия мүшелері осы сатылымға шектеу қою турасында ойларымен бөлісті. Өз кезегінде Дамира Маратқызы бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, мектеп оқушылары арасында анонимді сауалнама жүргізу, электронды шылымның зияны жайында видео роликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде тарату және ата-аналарды балалар тәрбиесіне қамшы басу қажеттігін түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Комиссия мүшелері бірауыздан электронды шылымға тосқауыл қою керектігін атап өтіп, жұмысты күшейту қажеттіне тоқталды. Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде электронды шылым сатылымына тыйым салу бойынша заң жобасы мақұлданды. Ендеше, жастарды улайтын «вейп» сатылымы тоқтайды дегенге үміт көп.

Leave A Reply

Your email address will not be published.