Қордай аудандық музейінде ел үшін еңбегі ерен, есімі аңызға айналған дәрігер-хирург, денсаулық сақтау саласының даңқты ұйымдастырушысы ДОЕВ БАДЖЕРИ МЕТКАЕВИЧКЕ арналған естелік бұрышы ашылды.
Бір ғасыр тарихы бар аудан медицинасының жаңа белеске көтерілуі – дәл осы тұлғаның есімімен тығыз байланысты. 1963 жылдан 1994 жылға дейін аудандық денсаулық сақтау саласын басқарған Баджери Меткаевич аурухана тұрғызумен ғана шектелмей, тұтас жүйені жаңғыртып, медициналық көмектің сапасын мықтап қалыптастырды. Оның бастамасымен 150 төсекке арналған аурухана, кең бейінді емхана, 11 учаскелік мекеме бой көтеріп, халыққа тұрақты әрі сапалы медициналық көмек көрсетілді.
Тәуелсіздікке дейінгі тоқырау жылдарында да ол дәрігерлер мен науқастарға жағдай жасауды басты борышым деп білді. Ауруханаларды жарықпен, жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етуді көздеп, қай есікті қақса да, нәтиже шығармай қоймады.
Нағыз кәсіби маман, үлкен жүректі ұстаз, кемел көшбасшы ретінде ол тұтас бір буын дәрігерлердің тұлғалық қалыптасуына себепкер болды. Оның шәкірттері бүгін де адалдық пен адамгершіліктің үлгісін сол кісіден алғандарын мақтанышпен айтады.
«Еңбек Қызыл Ту» мен «Халықтар достығы» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иесі болған Баджери Меткаевич — кәсіби шеберлікті кісілікпен ұштастырған жан.
Музей төрінде ашылған бұл бұрыш-тек тағзым белгісі емес. Бұл-шынайы адалдықтың, азаматтық биіктің, дәрігерлік антына өмір бойы адал болған жанның рухани ескерткіші.