«ЕЛІМ МЕНІҢ – ҚАЗАҚСТАН»

0

25 қазан – Республика күніне орай, аудандық Мәдениет үйінде мерекелік салтанатты жиын өтті. Араға жылдар салып қайта оралған ұлттық мереке еліміздің барлық аймақтарында атап өтілді.

Мерекелік шараға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, бөлім мен мекеме қызметкерлері, түрлі сала ардагерлері қатысты.

Жиын басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы баянды болашаққа бет бұрған Тәуелсіз Қазақстан Республикасы 1990 жылдың 25 қазан күні тәуелсіз ел ретінде жаңа парақтарын бастағанын айтып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

«Құрметті қордайлықтар! Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – біртұтас Қазақстанның берекесі мен бірлігінің, нәтижелі нышаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы Ұлытау жерінде өткен құрылтайда: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының  символы  болуы керек. Қазанның 25-ін, Егемендік күнін жыл сайын еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз қажет» деп Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президентіміздің бұл саяси шешімі егемендікке арқау болған декларацияны қабылдау туралы тарихи құжаттың  салмағын еселеп, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсті.

Аудан тұрғындарының игілігі үшін әлеуметтік нысандар бой көтеріп, бірқатар салаларда биік белестер бағындырылуда. Әсіресе, өңірлік стратегиялық жобаларды іске асыруға Қордай ауданы қомақты үлес қосуда.

Осы Республика күні қарсаңында «Келешек мектеп» жобасы аясында Қарасу және Қаракемер ауылдарында 300 орындық екі мектеп пен Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл – тұрғындардың білім мен мәдени сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған нақты нәтижелердің көрінісі»,-деп бұл мерекенің маңыздылығына тоқталып өткен аудан басшысы ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлесін қосып жүрген қызметкерлер мен ардагерлерге марапаттар табыс етті.

Әрмен қарай, мәслихат төрағасы Нұрдин Есенгелдіұлы аудан жұртын Республика күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, мерекелік шарада бірқатар азаматқа аудандық мәслихат төрағасы атынан Алғыс хаттар мен «Құрмет» грамоталары табысталды.

Салтанатты іс-шарада аудан өнерпаздары патриоттық әндерді орындап, концерттік бағдарлама ұсынды.

Әділет САТЫШЕВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.