ЕЛІМІЗДЕГІ ЖЫЛУ ЖЕЛІЛЕРІ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢМЕН ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

0

Қазақстандағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту үшін жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланған.

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Ведомство басшысы айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында келесідей шаралар әзірленді.
«Біріншіден, еліміздің өңірлеріндегі жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту көзделген. Алғашқы кезеңде, ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл тозу деңгейі 75%-дан астам желілерді құрайды (талап етілетін инвестициялар көлемі 538 млрд теңге). Екінші кезеңде, тозу деңгейі 50%-дан бастап 74%-ға дейінгі жылу желілерін ауыстыру жоспарда бар. Мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырым», деді Қ.Өскенбаев.
Сонымен қатар министр тозу деңгейі 50%-дан төмен желілерді табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылып отырғанын айтты.
«Қазір ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, уәкілетті органның қарауына бюджеттік өтінімді енгізіп, жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізу қажет. Екіншіден, 2024 — 2028 жылдар аралығында 68 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту межеленіп отыр. 26 қалада бұл бағыттағы жобалар мемлекеттік кепілдікпен микроқаржы ұйымдарынан зайымдар тарту есебінен іске асырылады», деп атап өтті ҚР ИИДМ-нің басшысы.
Бұған қоса Қ.Өскенбаев 36 шағын қалада аталған саладағы жобаларды республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен іске асыру көзделгенін айтты. Мәселен, келесі жылы 6 шағын қалада кәріз-тазарту құрылысы жоспарланып, қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек халықты тұрғын үймен қамту бойынша да жүктелген міндеттер орындалып жатқаны айтылды. Айталық, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 143,5 мың тұрғын жай салу межеленіп отыр. Сондай-ақ өңірлерде үлестік қатысуы бар проблемалық объектілердегі жұмыстарды аяқтау мақсатында инвесторларды тарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Республика бойынша барлығы 44 проблемалық нысан бар, оның ішінде 2023 жылы 14 нысандағы жұмыстарды аяқтау көзделіп отыр.
Ведомство басшысы заңсыз берілген кен орындарын қайтаруға да байланысты жұмыстар іске асырылып жатқанын жеткізді. Мәселен, қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен жасалған 87 келісімшарттың 40-ы өз күшін жойып, 47 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауына қатысты талдау жүргізіліп жатыр. Өндіруге дайын, бірақ барлауға заңсыз берілген 143 кен орнының 10-ы (лицензиясы/келісімшарты) қайтарып алынды. 25 жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарламалар жіберілді.
FIDIC КЕЛІСІМШАРТТАРЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫН БАРЛЫҚ ЖОЛ ЖОБАСЫНА ЕНГІЗУ
ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ оқу орталығы Астанада қазақстандық жол-құрылыс, жобалау және мердігерлік 35 ұйымның мамандары үшін «FIDIC келісімшарттарымен танысу» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шара барысында институт консультанттары Халықаралық инженер-консультанттар федерациясының стандарттары мен келісімшарттарының ерекшеліктері туралы жан-жақты түсінік беретін ақпаратпен бөлісті.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр семинарда 2023 жылдың көктемінен бастап қаржыландыру нысанына қарамастан FIDIC келісімшарттарының талаптарын барлық жол жобасына енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Тиісті заң жобасы қазір Үкіметте қаралып жатыр.
«Қазіргі уақытта олар халықаралық қаржы институттары — Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Дүниежүзілік банктің қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларда ғана қолданылып келеді», деп атап өтті спикер.
Халықаралық инженер-консультанттар Федерациясының келісімшарт ережелері 1 ғасырдың көлемінде әзірленіп, жетілдірілген. Сәйкесінше, күллі әлемге танымал. Құрылыстың барлық қатысушысының іс-әрекеттері мен жауапкершілігін белгілейтін нақты механизм ақшаның тиімді жұмсалуына және сапаның сақталуына кепілдік береді. FIDIC стандарттарының элементтері инженер орындаған жұмыстардың сапасы мен көлемі үшін жауапкершілікті, негізгі құрылыс материалдары мен жабдықтары бағасының нарықтық ауытқуларына сәйкес жедел әрекет етуді, сонымен бірге құрылыс мерзімдерін бұзғаны үшін айыппұл санкцияларын және басқа да шараларды қарастырады.
ҚР ИИДМ өкілдері FIDIC стандарттарын белсенді пайдалану Қазақстанның жол саласының күрделі мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп, оны тәжірибелі шетелдік компаниялардың алдында тартымды етеді деп санайды.
«Біз басым проблемалардың шешімін табуға септігін тигізетін негізгі элементтерді енгізуді жоспарлап отырмыз. Мәселен, соңғы екі жылда жобалардың қымбаттауы және құрылыс құнын түзету мәселесі өзекті болды. Бүгінгі таңда бұл —жұмысты тоқтата тұруды талап ететін күрделі және ұзақ процедура. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға тұрғындардан ескертулер түсіп жатады. FIDIC стандарттарының элементтерін қосу құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатпай-ақ түзету процестерін автоматтандыруға және оларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді», деді Жамбыл Бақтияр.
FIDIC келісімшарттарының талаптарын енгізу жоспарлары келесі жаңашылдықтарды да көздейді. Атап айтқанда, жолдарды пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру, соңғы төлемді кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана жүргізу және банк кепілдігін қайтару, мердігерлердің қаражатынан барлық ықтимал шығынды және жұмысшылар мен техниканы міндетті сақтандыру.
Өз кезегінде «ҚазжолҒЗИ» мамандары тыңдаушыларға инновациялар туралы толығырақ айтып берді. Аталған ғылыми институт инженерлер мен консультанттар ретінде шамамен 8 жыл бойы халықаралық жобаларға қатысып келе жатқанын атап өткен жөн.
«Мемлекет басшысы FIDIC стандарттарының элементтерін енгізуді тапсырды. Мердігерлер мен жобалық ұйымдар үшін бұл мәселеде көптеген түсініксіз жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан біздің институт FIDIC келісімшарттарын қолдану үрдісін жүзеге асыруға және жол саласына кадрлар даярлау ісіне өз үлесін қосады. Семинарлар барлық мүдделі тарап үшін жүйелі негізде өткізілетін болады», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева.

ЖЕР ҚОЙНАУЫН ИГЕРУШІЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ
ҒАРЫШТАН БАҚЫЛАНАДЫ

Геологиялық барлаумен айналысатын кейбір ұйымдардың жер қойнауын игеруге де кірісіп, белгіленген аумақтың шекарасынан асып кетіп жатқан жағдайлары да байқалып отыр. Сол себепті олардың қызметін бақылау үшін ғарыштық мониторинг енгізілмек.

Бұл туралы Павлодар облысының халқымен кездесуде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова айтты.
Аталған кездесуде өндірісі өркендеген өңір халқының вице-министрге қойған сауалы аз болған жоқ. Мәселен, павлодарлықтарды жер қойнауын игеру саласындағы бейберекеттік алаңдатып отыр. Облыс халқының айтуынша, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінде мемлекеттік бақылау тәртібі жеткілікті деңгейде қарастырылмаған. Қағаз жүзіндегі бақылау тәртібінің салдарынан жер қойнауын игерушілер айыппұл және басқа да әкімшілік жауапкершіліктен сытылып келеді», дейді жергілікті халық. Бұл ретте ҚР ИИДМ басшысының орынбасары жоғарыда аталған заң қайта қарастырылып жатқанын жеткізіп, әсіресе жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне қадағалау жүргізуге өзгеріс енгізу көзделіп отырғанын айтты.
«Қолданыстағы кодексте қажетті ақпарат қағаз жүзінде ұсынылып келгендіктен, оны қайта қарстыруға тура келіп отыр. Неге десеңіз, қазір бұл бағытта цифрлы технологиялар енгізіліп, барлық мәлімет қамтылған арнайы портал іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ қадағалау тәртібіне өзгерістер енгізілетін болады. Айталық, ғарыштық мониторинг жер қойнауы игеру саласына бақылауды күшейтуге септігін тигізбек. Өйткені Шығыс Қазақстан облысында жер қойнауын пайдаланушылардың белгіленген аумақтан ары асып, геологиялық барлаудан бөлек жерді игеруге кіріскен жағдайлары байқалды. Қажетті деректермен ҚР ИИДМ-ні «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы қамтып келеді. Біз оларға жер қойнауына геологиялық барлау жүргізуге және игеруге лицензиясы бар барлық компанияның және белгіленген учаскенің тізімін бердік. Соған сәйкес бізге тиісті ақпараттар ұсынылады. Жоғарыда келтірілгендей, еліміздің шығысындағы жағдай бойынша арнайы комиссия тағайындалып, тиісті тексерістер жүргізіледі», – деді Д.Щеглова.
Осы орайда Павлодар облысында машина құрастыру, мұнай-химия, тау-кен секторы сынды өнеркәсіп түрлері жолға қойылғанын айта кету керек. Бұл өңірдегі кәсіпорындар өндірісті замануи тұрғыда, әсіресе цифрлы технологиялардың негізінде дамытуға басымдық беріп келеді. Осы арқылы өндірістік процесті оңтайландырып, жоғары еңбек өнімділігін арттыруға жол ашылып отыр. Айталық, 2018 жылдан бері облыс аумағында шамамен 5 млрд теңге сомасына 30-ға жуық жоба іске асырылыпты. Сонымен бірге 2024 жылы тағы да 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар энергия үнемдеу басқармасының диспетчерлік бөлімшесін автоматтандыруға, сондай-ақ компьютерлік тренажермен қызметкерлерді аттестациялауға дайындығын жетілдіруге және т.б. бағыттағы көрсеткіштерді жақсартуға арналған.
Бұдан басқа Д.Щеглова павлодарлықтарға e-Qurylys цифрлы жүйесі арқылы еліміздегі құрылыс саласын жандандырып, жұмыс тиімділігін арттыру жоспарланғанын айтып берді. Ал, зияткерлік көлік жүйесі салынып жатқан жолдарды бақылау мен сапасын жақсартып, жүк тасымалдау процесін оңтайландыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері еліміздің өңірлеріне барып, жергілікті халықпен кездесулері одан әрі жалғасатын болады.

ӨНЕРКӘСІПТІК ҚҰРАСТЫРУ
ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ
ЖОСПАРЛАНУДА

ҚР ИИДМ-нің «Ашық сағат алаңында» өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасау ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды.

Жиында министрліктің Индустриялық даму комитетінің, Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының және машина жасау саласындағы отандық кәсіпорындардың өкілдері бас қосып, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
Мәселен, енді көлік құралдарына өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді жасау үш кезеңде жүзеге асырылады деп көзделіп отыр. Атап айтқанда, бірінші кезеңде өтініш беруші көлік түрлерін өндіру бойынша инвестициялық келісімшартқа қол қояды. Сондай-ақ зауытты салу мен өндірістік жабдықтарды сатып алуды жүзеге асыруы тиіс.
Автомобиль құрастыру, арнайы және ауылшаруашылық машиналарын жасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдиновтың айтуынша, екінші кезеңде өтініш беруші тиісті құжаттарды тапсырып, өтініш жазады. Осыдан кейін арнайы комиссия кәсіпорынға барып, тексеріс жүргізеді.
«Қазір электронды форматта өтініш беру мәселесі қарастырылып жатыр. Сондай-ақ әр кезеңді нақты мерзіммен ретке келтірге жөн. Көшпелі комиссияның хаттамалық шешімінен соң ЭЦҚ-ның көмегімен электронды форматта келісімге қол қою жоспарланып отыр», деді Р.Хисамутдинов.
Үшінші кезеңде өндіріс процесін оқшаулауды бағалаудың балдық жүйесіне сәйкес жеңілдіктер мен артықшылықтар беру мәселесі қаралады. Өндірістік оқшаулау процесі тереңдеген сайын қолдау шаралары да соған сай жан-жақты сараланып көрсетіледі деп көзделген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.