Елнұр жеңімпаз атанды

0

Қазақ тарихында ерекше орын алатын елдік тұлғалар қатарында Алаш қайраткерлерінің орны қашанда бөлек. Олар халқымыз үшін тағдыр кешті күрделі кезеңде  «Оян қазақ!» деп халқына үндеу тастап, білім-ғылымға шақырды, қазақтың  өзге елдермен терезесі тең болғанын қалады,  елдіктің іргесін қайта көтермекке Алашорда үкіметін құрды. Бірақ, оның ғұмыры қысқа болғанымен  қазақ тарихында алар орны ерекше. Алаш қайраткерлерінің сол мұрасына әр қырынан зерттеу жүргізіп, насихаттау мақсатында «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы биыл 13-ші мәрте ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының финалдық бәсекесі  Қарағанды қаласында өтті.    

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау болып табылады. Байқаудың бірінші кезеңінде 4 номинация бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен  250 ғылыми жұмыстар қабылданған болса,  қазылар алқасы  әр номинация бойынша үздік шыққан 10 жұмысты (барлығы 40 жұмыс) іріктеп алды. Олар  16 қарашада Қызылорда қаласында өткен байқаудың екінші кезеңінде өзара сайысқа түсіп,  үздік деп танылған 14 жұмыс  ақтық бәсекеге жіберілген болатын.  Байқаудың қорытынды кезеңі Алашорда үкіметінің құрылған күні мен Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі қарсаңында (10 желтоқсан) ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында өтті

Осы байқауға  Қордай ауданынан №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Елнұр Әскенұлы да қатысып,  финалдық кезеңге жолдама алған-ды. Ол «Алаш» қайраткерлерінің Алаш республикасының мемлекеттік құрылымы туралы идеясы және оның қазіргі Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша «Алаштықтардың ар-ождан бостандығы туралы идеяларының тәуелсіз Қазақстанның заңдарымен үндестігі» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жазған еді. Жұмысты әзірлеу барысында Е.Әскенұлы Алаш қайраткерлерінің саяси-құқықтық, әдеби-рухани мұраларына, Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық құқықтық құжаттарға зерттеу жүргізіп, өзінің білімі мен білігін сындарлы сында лайықты көрсете білді. Соның нәтижесінде  аталмыш номинация бойынша ол бірінші орынды жеңіп алып,  «Ақ жол» партиясы тарапынан арнайы дипломмен, 500 мың теңгелік сыйақымен және арнайы медальмен марапатталды.

– Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Оған  қатысушылардың Алаш қайраткерлерінің мұрасын әр қырынан талдаған құнды ғылыми жұмыстарымен таныстық, өзара тәжірибе алмастық. Әділ қазылардың айтқан ой-пікірлері де біз үшін мол тағылым болды. Сонымен қатар, байқау кезеңдерінде  тарихи танымдық экскурсиялар да  ұйымдастырылып,  Қызылорда, Қарағанды қалаларының тарихи орындарын тамашаладық,  – дейді өз ойын бөлісе отырып Елнұр Әскенұлы.

Біз тұғыры биік байқаудан жүлделі оралған жас ұстазды жеңісімен құттықтай отырып, оның ғылыми-педагогикалық қызметіне мол шығармашылық табыстар тілейміз.

Құрманбек  Әлімжан, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.