ЕЛОРДАҒА ҚОРДАЙЛЫҚТАР ҮЛЕСІ

0

6 – шілде астана күні. Осы орайда елордамыздың асқақ бейнесі мен көркем келбетіне қордайлықтардың да үлесі зор болғаны туралы айта кетуді жөн көріп отырмыз. Бас қаланың сәулетінен бастап мәдениетіне дейін ауданымыздың аздаған болса да үлесі бар екені мақтаныш тудыратыны анық. Соларға аз-кем тоқтала кетсек.

Түсі қызғылт, беріктігі жөнінен әлемде өндірілетін граниттерден бір де кем түспейтін қордайлық гранит Астана құрылысына кеңінен қолданылғаны туралы осыған дейін де айтылып келген. Осыған дейін Алматының, облыс орталықтарының басты алаңдары мен гүлзарларын, ескерткіш тұғырларын безендіруге қолданылған, бұрынғы КСРО елдерінде де Қордайдың қызыл гранитімен сәндеп қапталған ғимараттар көптеп кездеседі екен. Сол грнит Астанадағы Бәйтерек монументінің алаңы, «Астана» концерт залы және теміржол вокзалы безендіріліпті. «Бәйтерек» алаңына төселген гранит плиталары немесе бордюрлерден құралған тақтайшалар эстетикалық әрі механикалық тұрғыдан беріктікті қамтамасыз етеді. Яғни, өзінің беріктігімен, ұзақ мерзімге жарайтын мықтылығы үшін құрылысшылар таңдауы осыған түскен сияқты. Ал, «Астана» концерт залы Қордай гранитіне тән қызыл-қызыл түсті реңк пен берік құрылым сияқты ерекше қасиеттері арқасында концерт залының сыртқы көрінісіне бедер беріп, фасадқа ұтымды, ерекше әсер бергені анық. Ал, қала вокзалында Қордай граниті әдетте платформалардағы бордюрлер, баспалдақ қадамдары үшін қолдалынылыпты.

Осы ретте айта кетсек, қордайдың граниті Медеуге көтерілетін баспалдақтарды, Тараздағы облыстық прокуратура ғимаратын безендіруге пайдаланылыпты. Тараздың 2000 жылдығына дайындық кезінде қордайдағы өндірістік цехтарынан жүздеген шақырым бордюрлер дайындалған. Сондай-ақ, аудан орталығындағы соғыс құрбандарына арналған мемориалдық кешенде де жергілікті гранит қолданылған.

Ақын ескерткіші

2023 жылы Астанада қазақтың айтулы ақыны, жырау Кенен Әзірбаевтың туғанына – 139 жыл толуына орай ұлы тұлғаның ескерткіші ашылған болатын. Халқымыздың сал-серілік, жыраулық және айтыскерлік дәстүрлерін жалғастырған өнер иесінің құрметі өткен шараға ақынның ұрпақтары мен қоғам қайраткерлері қатысқан болатын. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қаламгер, академик Уәлихан Қалижанұлы, ақынның ұлы Бақытжан Кененұлы мен қызы Төрткен Кененқызы, сондай-ақ астаналық өнерсүйер қауым болған еді. Жыраудың елге кең танылған әндері айтылып, өлеңдері оқылды. Ескерткіш Кенен Әзірбаев пен Жұмекен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында орналасқан. Яғни, Қордайдан шыққан атақты тұлғаның өз атымен аталатын көше қиылысында өзінің ескерткіші бой көтерген еді. Тұғырдың биіктігі 2 метрге жуықтайды, ал жалпы ескерткіш биіктігі 3,2 метр.

Астанадағы Қордай көшесі

«Астана қаласында Қордай көшесі барын білесіз бе?», — атты мақаламызды біз былтыр жариялаған болатынбыз. Ұзындығы 2641,9 шақырымды құрайтын Қордай көшесі елорданың оң жағалауында Алматы ауданында орналасқан. Бауыржан Момышұлы даңғылынан басталып, Сұлутөбе, Талғар, Обаған, Жанкент, Балқантау, Таскескен, Құмкент, Айнакөл көшелерімен қиылысып жатыр. Көше атауына байланысты ақпарат алу мақсатымен Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Ономастика және әдістемелік жұмыстар бөлімі 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен бұл көшеге «Қордай» деген атау берілген. Көшенің жаңа атауын нақты бір азаматтар ұсынбаған. Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, онда Қазақстанның мәдени, тарихи, географиялық дидарын беретіндей атаулар болуы қажет. Қалалық ономастика комиссиясы осыны басшылыққа ала отырып, көптеген көшелерге еліміздегі жер-су атауларын беруді дұрыс деп тауыпты. Ол көшеге бара қалсаңыз «Алға» азық-түлік дүкенін, «Қордай» көлік жуу орнын көресіз.

Бұл Қордайдың Астанадағы аз ғана үлесінің көрінісі. Сарыарқа төріндегі асқақ Астанамыздың келбеті күн санап айшықталып жатқаны рас. Ал, оған қордайлықтар сүбелі үлес қоса беретіні анық.

Дайындаған Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.