ЕЛОРДАДА ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖЕЛІСІ КЕҢЕЙЕДІ

0

Мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы саясатты жетілдіру. Осылайша, олардың қоғамға толыққанды сіңісіп, басқалармен тең өмір сүруі, жұмыс істеуі және оқуы, қоғам өміріне еркін қатысуы, белгілі бір шешімдер қабылдауы үшін кедергілерді еңсеруге, жоюға бағытталуы керек. Өйткені ерекше қажеттіліктегі адамдарға қамқорлық көрсету – қоғам алдындағы парыз.

Елімізде қазір осындай топтағы 705 мың адам тұрады. Оның 421,5 мыңы еңбекке қабілетті жаста, 181,9 мыңы зейнеткер және 101,6 мыңы балалар. Оның ішінде бас қалада 26 730 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың дені ересектер. Мемлекеттің қолдауы мен қоғам өкілдерінің қамқорлығына мұқтаж осынша жанға кедергісіз орта қалыптастырылып, оңалту жұмыстарына да ден қойылып келе жатқаны қуантады.
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және олардың тiршiлiк-тынысы, қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайтын заң да, бағдарламалар да баршылық. Сол арқылы оларға әлеуметтік жәрдемақыдан бастап оңалту жұмыстарына дейінгі қажетті қызмет нормативтік құқықтық актілермен реттелген. Мысалы, әлеуметтік оңалтуда техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз ету мақсатында мүмкіндігі шектеулі адамдар жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтылады. Сондай-ақ оңалтудың техникалық көмекші құралдары да қарастырылған. Айталық, есту қабілеті бұзылған адамдарға веб-камерасы бар ноутбук, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жеткізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, көру қабілеті бұзылған адамдарға дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефондар секілді 55 түрлі заманауи сурдотехникалық және тифло¬техникалық құралдар да беріледі. Биылдың өзінде қызмет көрсетудің бұл түрі ашық әрі оңайландырылған. Мәселен, жыл басынан бері елордада портал арқылы 20 010 тапсырыс берілген екен. Одан бөлек, 18 өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді, онда мамандар оқыту жүргізеді және порталды қолдану бойынша түсіндіру жұмысы жасалады. Себебі портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік жасайды. Яғни, көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Ал тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарды қолданушыға жеткізу қызметі бар. Өз бетінше алып кетуіне де болатын мүмкіндік қарастырылады. Қазір бұл порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін медициналық-әлеуметтік мекеме, ОТҚ жеткізуші, жеке көмекшілер, ымдау тілінің қызметі, санаторлық-курорттық емдеу, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген. Қызметті алушылар көмек керек болғанда 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып кез келген кеңес алуына болады. Мысалы, сондай елордадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға техникалық оңалту құралдарын ұсыну және әлеуметтік қызметтер көрсету мерзімдерін 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік беретін онлайн-дүкеннің артықшылығы көп. Қазір ерекше қажеттілігі бар жандар өзіне керекті қызметтерді электронды цифрлық қолтаңба арқылы үйден шықпай-ақ портал арқылы ала алады. Ал тауарларды жеткізушілер осы порталда тіркеліп, барлық тиісті сертификаттар мен құжаттарды ұсынса болды.
Қалалық әкімдік әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау секілді арнаулы әлеуметтік қызметке де көп көңіл бөлуде. Айталық, ол қажеттілікке байланысты әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 8 бағытты қамтиды. Стационарлық ұйымдардың тиімділігі сол, соңғы жылдары отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыс өз жемісін беріп келеді. Нәтижесінде, бұрын республика бойынша стационарлық мекемелерде болған 800-ден астам бала өз отбасыларына қайтарылды.Ендігі жерде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту міндетіне сәйкес, алда оңалту орталықтарының желісін кеңейту міндеті тұр. Бұл орайда да елорда әкімдігі ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге әзір. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу жолымен кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша белсенді шаралар қабылданып, білім беруде жеңілдіктер ұсынылады. Мәселен, қоғамның әлжуаз тобына кіретін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар адамдарға жәрдемақы тағайындау да жолға қойылған. Бүгінде бас қаладағы осы санатқа жататындарға жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты есептеледі.
Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін кедергісіз ортаны қамтамасыз ету бойынша жол картасын орындау – алдыңғы кезекте атқарылу міндеттелген. Оған сәйкес, қаладағы ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігі, ақпараттық қамтамасыз ету, автомобиль жолдары мен тротуарлардың болуы, жұмысқа орналастыру, оңалту қызметтерінің сапасын арттыру да маңызды.
Мәселен, былтыр Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл ауданы әкімдерінің аппараттарымен объектілерді паспорттауды жүргізу бойынша жұмыс топтары құрылды. Сөйтіп, паспорттауға және бейімделуге жататын объектілердің тізімдері қалыптастырылды. Ол бойынша 259 нысанды бейімдеу бойынша жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, шағын және орта бизнес, мемлекеттік мекемелер, ХҚКО, Қазпошта филиалдары, әуе¬жай, вокзал секілді қоғамдық орындар кіргізілді. Шағын жо¬лау¬шыларға арналған пандустармен 839 автобус жабдықталған. Бұл дегеніңіз, қаладағы қоғамдық кө¬ліктердің жалпы санының 75,6%-ы. Пандустармен жабдықталған 839 автобустың ішінде 628-і IVECO маркалы және 211 жиналмалы МАЗ және ЛиАЗ маркалы автобустар. Қазіргі кезде жаңа автобустарды сатып алу кезінде пандустың болуы маңызды болып отыр.
Жалпы алғанда, бас қаладағы мемлекеттің мейіріміне мұқтаж жандарды қолдау мен қоғамда бейімдеу жұмысында атқарылып жатқан оң істер көп. Әлеуметтік қызмет қана емес, әкімдік тарапынан «әлемді мейірім құтқарады» демекші, әр күн сайын ерекше қажеттіліктегі адамдардың көңіл-күйін көтеріп, өмірден күдерін үзбеуге айрықша назар аударылады. Мәселен, жақында ғана елордадағы «Тарлан» мұз алаңында айрықша физикалық қажеттіліктері бар балаларға арналған «Мұздағы көңілді старттар» отбасылық мерекесі ұйымдастырылды. Бұл шара соңғы жылдары дәстүрлі түрде өтеді. Шара мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, отбасы мен қоғамда баланың тұлғалық дамуына жәрдемдесу, балалар үшін мазмұнды шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға арналған. Сондай-ақ Астана қаласы Мәдениет басқармасы және Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен «Біз әртүрліміз, бірақ бәрімен теңбіз» ұранымен «Инклюзия ханымы – 2022» әлеуметтік жобасы да рухы мықты қыздарды ортаға бейімдеуге арналды. Сұлулық сайысы мүмкіндік шектелсе де өмірге құштарлық өшпейтінін дәлелдей алды. Ерекше жандардың ерік-жігері төрт құбыласы түгел жандардан да мықты болатынын көрсететін мұндай шара елорда төрінде үнемі ұйымдастырылады. Себебі өмірдің сынағына қайыспас қайсарлық танытқан жандарды материалдық қолдаумен бірге рухани демеу де ерекше маңызды.
Ж.МҮСІЛІМ

Leave A Reply

Your email address will not be published.