Елші болып барған жерлестеріміз

0

Күні кеше күллі әлем көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Дүбірлі дода жоғары деңгейде өтіп, дүйім жұрт бірауыздан ұйымдастырушылардың еңбегіне оң бағасын берді. Әр спорт түрі бойынша жоғары бәсеке болып, жарыс тартысты өтті.

«Шетелден келген меймандар ашылу салтанатының өте керемет ұйымдастырғанына таңдай қақты, тіпті жазда өткен Париж олимпиадасымен салыстырушыларды да естідім», дейді сол байрақты жарысты өз көзімен көріп, сондай-ақ соған қатысып келген жерлесіміз, спорт ардагері Мықтыбек Алтыбаев. Қазақ күресінен талай палуанды тәрбиелеп өсірген Мықтыбек аға №19 БЖСМ-нің тоғызқұмалақтан жаттықтырушы Мәди Шараппен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына елші ретінде аттанды.

Олар Жамбыл облысының атынан құрылған «Бірлік керуені» атты делегацияның құрамына кірді. «Бірлік Керуені» – Қазақстанның 20 өңірінен құрылған, құрамында ұлттық спорттың «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандары, қоғам қайраткерлері бар. «Бірлік Керуені» іс-шарасының сценариі бойынша сол керуеннің құрамына енген спортшылар, қоғам қайраткерлері, түрлі облыстың батырлары Астанаға Қазақстанның қасиетті көздерінен су жеткізді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған су Астанадағы тайқазанда ойындардың ашылу күні қосылып, бірліктің басты символына айналды.

Жамбылдық елшілер Тараз қаласының маңында орналасқан «Момыш бұлағынан» қасиетті суды алып, оны Астанаға жеткізіп, «Бірлік Керуені» іс-шарасына, кейіннен ашылу салтанатына қатысты. Жарыстар басталғанда еліміздің барлық өңірлерінен келген елшілер әрқайсысы өз спорт түрі бойынша ойындарға қатысып, бақылады. Ауданымыздың атынан барған Мықтыбек Алтыбаев күрес ойындарына қатысса, Мәди Шарап тоғызқұмалақ ойынын бақылады. Атап өту керек, көшпенділер ойындарында күрестің 6 түрі бойынша бәсеке өтті.

— Біздің мақсатымыз ұлттық спортты маман ретінде насихаттау, шетелдік қонақтарға түсіндіру, ойындардың тиісті деңгейде өтуін бақылау болды. Шетелден келген адамдармен көп сұхбаттастық. Олар қазақ жерінде жайлылықты сезінгенін, халқымыздың қонақжайлығына тәнті болғандарын айтты. Көшпенділер ойындарының болашағы жарқын болатынына өз басым көзім жетті, – дейді  Мықтыбек Алтыбаев.

Жалпы көшпенділер ойыны үш бағыт бойынша өткізілді: спорт, мәдениет және ғылым. Яғни, дүбірлі дода тек спорттық ойындармен ғана шектелмей, көшпенділердің мәдениетін, тарихын, болмысын насихаттайтын іс-шаралар да өтті. Қордай ауданының 4 үздік қолөнершісі «Аламан құрақ» жобасына шақырту алған болатын. Атап айтар болсақ, Ләззат Толеуова, Гулдари Ахмедова, Гульнар Алдаберген, Гульгаухар Курманхожаева дүниедегі ең ұзын құрақ көрпе құрауға қатысып, «Киннес» және «Гиннес» кітабына енгенін атап өту керек.

Осылайша, 8-13 қыркүйек күндері өткен көшпенділер Олимпиадасына 90-ға жуық мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Еліміздің спортшылары жалпы командалық есепті бірінші орынды алғаны белгілі. Ең бастысы – байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғаны анық.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.