ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ГАЗДАЛҒАН СУСЫНДАР ҚАНДАЙ АУРУЛАРДЫ ҚОЗДЫРУЫ МҮМКІН?

0

Қазір дүкендердегі тоңазытқыштар энергетикалық және түрлі тәтті әрі газдалған сусындарға толы. Әдемі қаптамалардың арқасында бұл сусындар балалар арасында ерекше танымал болды. Бір-екі жасқа енді ғана келген бала да осы газдалған тәтті сусынның дәмін жақсы біліп алған. Бірте-бірте газдалған және энергетикалық сусындарға тәуелділік пайда болады, олардан бас тарту қазірдің өзінде өте қиын. Әсіресе, осы күндері еліміздің аумағындағы аптап ыстықта адамдар кәдімгі судың орнына, тәтті сергітетін сусынды көптеп алып жатыр. Осы орайда, аталған энергетикалық сусындар адам ағзасы мен ДНҚ-сына қалай әсер ететіні жайында маманнан сұрап білдік.

 

Жарнаманың әсері

 

«Өкінішке қарай, жастар мен жасөспірімдер энергетикалық сусындарды көп алады. Бұл жағдайды қауіпті деп санаймыз. Осы сусындарды олар күнделікті дүкендерден сатып алып жатыр. Әрине, бұған ең алдымен жарнама қатты әсер етіп отыр. Дүкендер мен супермаркеттердің сөрелері осы сусындарға толы. Жарнамаларда «ерекше сергітіп, қуат береді» деген негізсіз уәде қаптап тұр. Жасөспірімдер осыған алданып жатыр, яғни бұл жарнама жастарға арналып жасалған. Әйтпесе, бұдан басқа шай немесе кофе сияқты сусындар бар емес пе? Дегенмен, жастар тәтті әрі газдалған сусындарға қатты қызығады. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам мектеп оқушысын қамтып, сауалнама жүргізді. Бұл зерттеудің нәтижесі сауалнамаға қатысқан балалардың 3%-ы осы сусындарды күнделікті тұтынатынын көрсетті. Әрбір бесінші жасөспірім күн сайын қантты сусындарды алады екен», — деді ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғары санатты әдіскер-дәрігері Гүлнар Тұрдынова.

 

Газдалған әрі энергетикалық сусындар жүрек ауруына алып келеді

 

Маманның айтуынша, энергетикалық сусындардың сергітетін әсері бар, бірақ ұзаққа созылмайды.

«Аз уақыт аралығына ғана адамның қалжырағаны басылып, төзімділік сезімі байқалады. Дегенмен, мұндай әсер көпке бармайды. Энергетикалық әрі газдалған сусындарды жиі ішетіндердің денсаулығына зор қауіп болады, әсіресе балаға зиянды. Энергетикалық сусын ересек адамға да теріс әсер етеді. Біріншіден, бұл орталық жүйке жүйесіне шамадан тыс қатты әсерін тигізеді, яғни адам ұйқысыздықтан зардап шегіп, мазасыз бола бастайды. Кейіннен энергетикалық сусындардың теріс әсері күшейе береді», — деп түсіндірді дәрігер.

Бұл ретте газдалған әрі энергетикалық сусындар жүрек-қан тамыр жүйесінің нашарлауына алып келеді.

«Бастапқыда тахикардия байқалады. Жасөспірім энергетикалық сусынды ішкенде, жүрек қағысы бірден үдей түседі. Содан кейін бұл қан қысымының жоғарылауына, жүрек ырғағының бұзылуына, сондай-ақ инфарктқа дейін әкелуі мүмкін. Инфаркт жастар арасында жиі кездесіп жатыр және бұған энергетикалық сусындардың қосқан үлесі зор екенін білеміз. Кофеиннің жоғары дозасы жүрек ауруы проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, энергетикалық сусындар аритмия дертінің қозуына әсер етуі ықтимал. Энергетикалық сусындарға кофеиннен басқа да заттар қосылады. Шын мәнінде, тиісті көлемдегі кофеин ағзаға зиян келтірмейді, бірақ оның дозасын бақылау керек. Денсаулыққа зиян келтіретін мөлшер ересектер арасында тәулігіне 400 мг-дан және жасөспірімдерде 100 мг-дан асқанда болады. Осы көрсеткіш 12 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты. Бұл – рұқсат етілген ең жоғары тәуліктік мөлшер», — деді кардиолог Рауза Сұлтанова.

 

Жаттығу алдында энергетикалық сусындарды ішпеңіз

 

Кардиологтыүң сөзіне қарағанда, адамдар жаттығу алдында энергетикалық сусындарды ішіп жатады. Алайда, оның қаншалықты зиянды екенін түсінбейді. Мәселен, жаттығу кезінде қан айналым жүйесіне онсыз да жүктеме түсіп, импульс үдеп, қысым көтеріледі. Энергетикалық сусындар да қан қысымын көтеріп, жүрек қағысының бұзылуына әкеледі. «Бұдан бөлек, жүйке жүйесінің нашарлауы, жабырқаңқы көңіл күй болуы мүмкін. Айта кету керек, кофеиннің бұл жанама әсерлері жиі болып жатады және дозаға тікелей байланысты. Мұндай теріс әсер осы энергетикалық сусындарды жиі әрі тұрақты ішкен кезде байқалады», — дейді кардиолог Рауза Сұлтанова.

«Бұл сусындар бауыр функциясының бұзылуына әкеледі. Зиянды заттардың бәрі содан кейін бүйрек арқылы шығады. Демек, энергетикалық және газдалған сусынды шамадан тыс көп ішу салдарынан зардап шекпейтін орган жоқ шығар. Энергетикалық әрі газдалған сусындарды жиі алатын адамдарда екінші типті қант диабеті болатыны туралы деректер бар. Қандағы қант деңгейі жиі көтеріліп тұрса, оны қалыпқа келтіру үшін ағза инсулин бөле бастайды. Бұл инсулин қант деңгейін қалыпқа келтіріп, глюкоза жасушаларға түседі. Дегенмен, қандағы қант деңгейі жиі көтерілгенде, ұйқы безі арнайы ферменттерді бөлмей, өз фунциясын тоқтатады немесе инсулинді аз мөлшерде бөледі. Сонымен қатар, инсулин бөлгенімен, бұл фермент қантқа әсер етпей қояды. Бұл жағдай екінші типті қант диабетіне әкелуі мүмкін», — дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жоғары санатты әдіскер-дәрігері Гүлнар Тұрдынова.

 

Қандай шектеулер енгізуге болады?

 

Дәрігердің пайымынша, тек тыйым салумен бұл мәселені шешу қиынға түседі.

«Дегенмен, тиісті шектеулер де болуы керек. Мәселен, 2013 жылдан бері Үкімет қаулысымен мектептер мен оқу орындарында энергетикалық сусындарды, тіпті тәтті, газдалған сусындарды сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл тұрғыда тиісті нәтиже болмай тұр. Өйткені, оқушы мектептен шығып, оны дүкеннен сатып алады. Кейбір қадамдар жасалып жатыр, сондай-ақ тиісті шектеулер де енгізілуі керек. Салық деңгейін көтеріп, жарнамаға тыйым салуға болады. Кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу керек. Бұл өз кезегінде жақсы қадам болар еді. Сонымен қатар, ел ішінде тиісті ақпаратты кеңінен таратқан жөн. Бұл туралы балаларға неғұрлым ерте жастан түсіндірсек, соғұрлым оларда пайдасы болатын түсінік қалыптасады. Атап айтқанда, ата-аналардың өздері балаларына үлгі болуы тиіс. Ересектер осы зиянды сусындарды алмауы қажет. Балалар суды көбірек ішкені абзал», — деді Гүлнар Тұрдынова.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.