Шекара қызметі – ол еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды және жауапты қызмет. Шекарашы сарбаздар, күн мен түн демей, Отанымыздың шекараларын қорғап, елді сыртқы қауіп—қатерлерден қорғау үшін аянбай тер төгуде.
Осы тұрғыда, біз «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай ауданына қарасты шекара басқармасының техникалық және кәсіптік даярлау бөлімі сарбаздарының бір күндік тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.
Шекара басқармасы орналасқан әскери қалашық ауқымды, бірнеше гектарды алып жатыр. Мұнда сарбаздардың тұрғын үйі, жатын орнына арналған казармалар, сондай-ақ, әскери қызметшілердің көпқабатты қызметтік үйлері алыстан-ақ көз тартады.
Әскери қызметшілердің өмірі тәртіп пен жауапкершілікке негізделген. Біз барған кезде, техникалық және кәсіби даярлау бөлімінің бірінші оқу бөлімшесінің бастығы, майор Сымбат Мухамбетов бізді басқарманың бақылау өткізу пунктінен қарсы алып, сарбаздардың күнделікті өмірі туралы жан-жақты ақпаратпен таныстырды.
Майор Сымбат Мухамбетовтың айтуынша, мұнда 350 сарбаз Отан алдындағы серттерін орындап, қызметтерін адал әрі жауапкершілікпен жалғастыруда. Сарбаздар келешек кәсіби шекарашы болып дайындалу үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеріп жатыр. Олардың өміріндегі басты міндет – еліміздің шекараларын қорғауға әрқашан дайын болу. Жас сарбаздардың әскери дайындығы, спортпен шұғылдануы, теориялық білімдері жүйелі түрде жетілдіруде. Сарбаздар күн сайын қарсылас күштермен күрес, тактика, оперативтiк дайындық секілді түрлі оқу сабақтарын өтеді. Бұл сабақтар сарбаздардың психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болуына үлкен үлес қосады. Еліміздің бірнеше аймағынан келген жас сарбаздар мұнда 4 ай бойы әскер өміріне бейімделіп, шынығады. Одан соң, Қордай ауданына қарасты әскери заставаларға бөлінеді екен. Сарбаздар өздерінің борыштарын орындаудың маңызды екеніне сенімді, және олар болашақта отанымыздың ерекше қырағы күзетшілері болуға ниетті.
«Мен Қызылорда облысынан әскер қатарына шақыртылдым. Мұндағылардың басым бөлігі – қатарластарым. Тез тіл табысып кеттік. Әскери борышымды өтеу барысында ер жігіттің бойынан табылуы тиіс жауапкершілік, шыдамдылық сынды асыл қасиеттерді меңгердім. Отан алдындағы борышымды абыроймен өтеп, болашақта шекара қызметінде келісімшартпен қызметімді жалғастырмақ ниеттемін», — дейді жас сарбаз Саят Өтегенов.
Шекара басқармасының сарбаздары күнделікті адалдық пен қызметтік жауапкершілікті ұстана отырып, еліміздің болашағын қорғау жолында аянбай қызмет етуде.
Сарбаздардың күн тәртібі таңғы ұйқыдан басталып, түрлі әскери тапсырмалар мен жаттығулармен толы болады. Әскери өмірдегі тәртіп – сарбаздардың өмір сүруінің басты негіздері.
Таңертең, сағат 06:00-де, сарбаздардың күні басталады. Ұйқыдан тұрғаннан кейін, олар бірінші кезекте гигиена ережелерін сақтай отырып, жеке бет-әлпеттері мен дене күтіміне көңіл бөледі. Сарбаздар уақытының әр сәтін ұтымды пайдаланып, жатақханадағы төсектерін жинап, өздерінің киімдерін ретке келтіреді. Бұл шаралар олардың тәртіптілік пен жауапкершілік сезімдерін арттырады.
Келесі кезекте, таңғы жаттығу шарасы басталады. Сарбаздар жиналып, жаттығу алаңына шығады. Бұл кезеңдегі жаттығу бағдарламасы әр түрлі дене жаттығуларын қамтиды. Сарбаздар жүгірістен бастап, күштік жаттығуларға, қан айналымын жақсартатын жаттығуларға дейін қатысады.
Таңғы жаттығудан кейін, сарбаздар таңғы асқа жиналады. Ас мәзірі негізінен теңдестірілген, протеин мен көмірсуларға бай болады: жұмыртқа, балық, ботқа, көкөністер.
Таңғы ас аяқталғаннан соң, сабақтар басталады. Сарбаздар әскери тактика, тактикалық даярлық, қару-жарақты қолдану, және әскери этика, заңдар мен құқықтар туралы білім алады. Сабақтар теориялық және практикалық тұрғыда өтеді.
Шекара қызметіндегі сарбаздардың күн тәртібі олардың дене, психологиялық, және әскери қабілеттерін дамытуға бағытталған. Тәртіп, жауапкершілік, және командалық рух – сарбаздардың күн сайынғы өмірлерінің негізі.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Сондықтан, әрбір ер азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен асу баспалдағы тұрғанын естен шығармауы тиіс.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ