ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

0

Ұлы Отан соғысы 1941 жылы 22 маусымда, таңғы сағат 4-те басталды. Германия әскері  соғыс жарияламастан, КСРО шекарасына шабуыл жасады.

Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылынан 500 адам соғысқа аттанды. Ұрыс даласында 300 адам қаза тапты, 200 адам үйіне амандықпен оралды. Қара шаңыраққа аман оралғандардың бірі – Қаракемер ауылының тұрғыны, Машақ елінің ұрпағы әкеміз, атамыз Семетаев Мәмежан Семетайұлы. Атамыз 1924 жылы дүниеге келіп, небәрі 17 жасында соғысқа аттанған.

Атам Украинада 312-ші атқыштар дивизиясының қатарында 3 ай дайындықтан өтіп, Воронеж қаласына соғысқа аттанған. Майдан даласында 3 рет жарақат алған.

4 жылға созылған сұрапыл соғыстан аман-есен 1945 жылы 9 мамырда  Отанына оралып, отбасымен ата-анасымен, бауырларымен  қауышты. 1949 жылы Айтжан апамызбен отбасын  құрып, 6 ұл, 2 қыз тәрбиеледі. Чапаев колхозында зейнет жасына дейін еңбек еткен.

Батыр атамыз 1996 жылы желтоқсан айының 16-сында 72 жасында қайтыс болды. Мәмежан атамыз  тірі болғанда, биыл 100 жас мерейтойын бала-шаға, немере-шөбере ортасында атап өтер еді. 9 мамыр күні артында қалған ұрпағы атамыздың рухына Құран бағыштап, еске алдық. Бүгінгі күні 6 ұл, 2 қызынан 31 немересі, 77 шөбересі, 33 шөпшек тараған. Мәмежан атамыз өз балаларын адамгершілікке, Отанына деген сүйіспеншілікке тәрбиеледі. Атамыз: «Кейінгі ұрпаққа мұндай сұрапыл от жаудырған, жүрегіне оқ ұшқан, әйелін жесір еткен, баласын жетім еткен соғысты көрсетпесін»-деп айтып отырушы еді. Біз елім деген ерлердің ұрпағымыз, жау оғының алдында кеудесін тосқан, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін жанын берген батырлардың жалғасымыз. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске бүгінде, 79 жыл өтседе, ерлердің есімі мәңгі ел есінде қалады.

Мәмежан Семетаевтың немере, шөберелері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.