ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ: «Жылумен сапалы және үздіксіз қамтамасыз ету — біздің басты міндетіміз»

0

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жылыту маусымына дайындық мәселесі пысықталды.

Кеңесте алдымен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың есебі тыңдалды.

– Облыста 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы 12 қазаннан басталды. Ал әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу 5 қазаннан бастап қосылған. Бүгінде облыстағы 1 665 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысан жылумен қамтамасыз етілуде. Оның ішінде 784 білім беру, 389 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт саласының нысандары мен 18 әлеуметтік арнаулы мекеме бар.

Облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Барлық жылу көздерінде температуралық кестелері бекітілді. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.

ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінде  жылыту маусымының 13 тәулігі өтті. Осы жылы жылыту маусымында жылу энергетика кешендерімен жалпы 1,100 миллион гкал жылу энергиясын өндіру жоспарлануда. Жылу энергетика кешендерімен жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтыну жоспарланып отыр. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 15,0 мың тоннаны құрайды. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына қаралған 8,804 миллиард теңге толық игеріліп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді Қ.Қорғанбаев.

Жалпы облыс бойынша 1 665 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда температуралық кестеге сәйкес жылу алуда. Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында.

Мұнан соң облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының маңызды науқанға дайындық жайы қаралды. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 389 денсаулық сақтау ұйымы бар. Оның ішінде 41 нысан орталықтандырылған, 218 нысан газдандырылған, 128 нысан қатты отынмен, 1 нысан дизельдік отынмен, 1 нысан электрлік пешпен қамтылған екен. Қатты отынмен жылытылатын нысандарға 4389 тонна көмір қажеттілігі жоспарланып, бүгінгі күнге сатып алыныпты. Аудандық орталық ауруханалар орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылғанымен, резервтік қорда жылытудың өзге түрлерін де пайдаланады екен.

Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева да аймақтағы білім беру ошақтарын жылу маусымына дайындау жіті назарда тұрғанын жеткізді.

Баяндамашылардың сөзін мұқият тыңдаған өңір басшысы көтерілген тақырып бойынша аудан басшыларынан жеке-жеке жауап алды. Басқарма басшыларына алдағы уақытта ауа райы болжамына сәйкес күннің күрт суытуы және қатты жел күтілетінін ескертіп, барлық нысандарды толық дайындыққа келтіру керектігін баса айтты.

– Баяндамада бәрін әдемі етіп көрсетесіздер. Алайда қаланы бір күн аралап шыға қалсам жылу қосылмаған мекемелерді оңай тауып аламын. Демалыс күндері ескертусіз қаланы аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жайын тексеріп тұрамын. Сол кезде жылуы жоқ мектеп, колледждерді байқағанмын. Ал баяндамада жүз пайыз қамтылған, барлығы жақсы дейсіздер. Ондай әңгіме болмайды. Тағы да қайталап айтамын, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы білім, денсаулық басқармасының басшыларымен, аудан, қала әкімдерімен үнемі байланыста болып жылыту мәселесін тексеріп отырыңыз. Тек айтып қоя салған жарамайды. Қай мекеме болса да барып, нысанның жайымен танысып, жылу қосылғанына көз жеткізіп қайтыңыздар. Жұмысқа жауапкершілікпен қараңыздар, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жалпы алғанда жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.