ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР – ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ

0

Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында ата-аналарға арналған жылдық қорытынды жиналыс өтті. Жиналыстың басты мақсаты – жыл бойы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, ата-аналармен ынтымақтастықты нығайту, балалардың даму көрсеткіштері мен жетістіктерін таныстыру болды. Сонымен қатар ішкі тәртіп, тазалық, ата-аналармен кері байланыс, тренингтер және алдағы жылға арналған жоспарлар жан-жақты талқыланды.

Жиын ата-аналардың көңіл-күйін анықтауға бағытталған шағын психологиялық жаттығудан басталды. Қатысушылар жасырын смайликтерді таңдап, ондағы эмоцияны қайталап, позитивті атмосфера қалыптастырды. Орталықтың әдіскерлері, тәрбиешілері, психологтары, медбикелері, дефектологтары, дене шынықтыру және еңбек пәні мұғалімдері, емдік дене шынықтыру мамандары мен әлеуметтік педагогтары жыл бойындағы жұмыстардың қорытындысын ұсынды. LED экран арқылы балалардың мамандармен бірге жасаған жаттығулары мен жетістіктері көрсетіліп, ата-аналар даму барысын көзбен көрді. Мамандар балалардың қабілеті, алға жылжуы, кездескен қиындықтары туралы ақпарат беріп, ата-аналарға қолдау көрсету жолдарын түсіндірді.

Ішкі тәртіп, тазалық, күн тәртібі, өзін-өзі күту дағдыларын қалыптастыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Жиналыс барысында ата-аналармен бірнеше тренинг ұйымдастырылып, олардың белсенді қатысуына мүмкіндік берілді. «Жылы сөздер шеңбері» жаттығуы ата-аналар арасында жылы лебіздер мен қолдау атмосферасын орнатса, «Менің баламды көзімнен танимын» психологиялық ойыны арқылы ата-аналар өз балалары жайлы әсерлі пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар додекаэдр әдісі негізінде сұрақ-жауаптан тұратын қызықты ойын жүргізіліп, ата-аналардың өзара жақындасуына себеп болды.

Жиын соңында орталық басшысы ата-аналарға жыл бойы ынтымақтастық танытқандары үшін алғыс айтып, келесі жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Ата-аналар да өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, орталық ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Кездесу аяқталған соң жиынға қатысқаны үшін ата-аналарға тәтті салынған ашық хаттар табысталды.

Бұл жиналыс ерекше балалардың әлеуметтік және психологиялық дамуына оң әсер етіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын көрсетті. Ата-ана мен мамандардың бірлесе жұмыс істеуі – ерекше балалардың жарқын болашағын қалыптастырудағы ең маңызды қадам екені тағы бір мәрте айқындалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.