«ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА»

0

«Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге көп көңіл бөлінеді. Оған мысал ретінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына арналған тәрбиелік мәні айрықша іс-шаралар кешенін айтуға болады. Айтулы күн қарсаңында колледж студенттері мен оқытушылары салтанатты шара өткізіп, оған ауған жауынгерлері Ерлан Керімқұлов пен Ақылбек Мәмбетов арнайы шақырылды.

— Ардагерлердің біздің бастамамызға үн қосып, студенттерге әскери-патриоттық тәрбие беру аясында «ерлік сабағына» келгеніне қуаныштымыз. Интернационалист-жауынгерлер өз борышын абыроймен атқарды. Бұл кездесу студенттеріміздің болашақ Отан қорғаушылар рөлін, өткеніміз бен бүгінгі күннің байланысын ұғынуға септігін тигізеді», — деді қонақтарды қарсы алған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Дургалова. Кездесуде сұрапыл соғыс жылдары туралы өлеңдер оқылды. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен Ауған соғысынан оралмаған жауынгерлерді еске алды.

Қонақтар Ауғанстанның қатал табиғи жағдайында күрделі жауынгерлік тапсырмаларды қалай орындауға тура келгені туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ардагерлер Ауғанстаннан әскерлер шығарылған күннің барлық қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді еске алу және аза тұту күні екенін ерекше атап өтті.

Студенттер шақырылған сарбаздардың әңгімелерін қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Майдангерлер соғыста болған оқиғаларды есіне түсіруді ұната бермейді: бұл естеліктер олар үшін тым ауыр…

Leave A Reply

Your email address will not be published.