Таяуда Масаншы ауылдық округіне қарасты, Күнбатыс-1 елдімекенінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына құран бағышталып, ас берілді. Шараның басталуымен аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин САДЫҚОВ, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан МОЛДАБЕКОВ, округ әкімі Хусейн БУЛАРОВ және бірқатар мәслихат депутаттары мен қадірлі қонақтар ауыл тұрғындарына арнап сөз сөйледі.
Олар ардагерлердің Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерліктері мен қажырлы еңбектері жөнінде сөз қозғап, өткен тарихымызды ұмытуға болмайтынын, отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама адам жан қиып, күрескенін атап өтті.
Келесі кезекте қонақтар мен ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысы ардагерлері ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтауға бағытталған шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен жергілікті өнерпаздар өз өнерлерімен көрермендерді қуантты.
Сонымен қатар, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы мен «Аmаnаt» партиясы атынан бірқатар азаматқа алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі бірнеше азаматқа берілді.
Жиын ауылдық мешітте жалғасып, соғыс ардагерлеріне құран бағышталып, ас берілді. Ардагерлеріміздің ерлігін еске алу және олардың көрсеткен үлгісін бағалау – біздің ұлттық борышымыз.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ