Ертеңгіліктен түйген ой

0

Айналаны алтынмен көмкеріп, берекелі күз мезгілі табадырығымызды аттады. Әдетте, күз келген соң Сабан тойын тойлайтын елміз. Ала жаздай адал терін төккен шаруа халық жемісін жинайтын. Қамба толған мерекеде әуезді ән шырқап, тоқшылықтың белгісі деп би билеп, ұлтына тән ойын ойнап, бейнетті шаруа аяқталды деп бөрікті аспанға лақтыра мәре-сәре болатын кезең.

Жаңа оқу жылы басталып, ата-ана мен баланың тығыз қарым-қатынасқа түсетін кезі де күзде басталады емес пе? Мақаланың негізгі идеясы бала санасына мезгіл кереметін сезіндіру, байқампаздыққа баулу жолында қандай игі іс істеп жатырмыз соны ашу болатын. Білім беру саласында мұның маңызы ұшан-теңіз. Әлемді таңғалдырудан жалықпайтын күн шығыс елі жапон халқы бастауыш мектебінде “Сакураға тамсану” сабағын өткізеді екен. Білген адамға мұнда мол ғибрат бар. Біз баланы сезімтал етсек, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарайтын өмірге ғашық, сау тұлға өсіретініміз хақ.

Бала тәрбиесі ісінде еңбек етіп, ауданымызға жақсы атымен танылып жүрген “Керім бала” бала бақшасының мерекелік ертеңгілігіне ата-ана ретінде өз куәлігімді білдіріп, әрі алғыс, әрі тәрбиеші еңбегін жария етіп көпшілікке айдарлап айтқым келді. Аталмыш бала бақшаның білікті тәрбиешісі, “Сұңқар” орта тобының жетекшісі Назерке Сағынбекқызының педагогикалық методикасы мен бала тәрбиелеу шеберлігіне күн сайын куә болып келеміз.

Сау ұрпақ жарқын болашақтың кепілі. Тілі енді шығып, қоршаған ортаны тани бастаған баланы позитивті дамытып, қабілетін арттырып, өнер үйретіп, мерекелік көңіл-күй сыйлай алды.

Бала психологиясы еліктеуден тұрады. Еңбектің бал дәміне үйретіп, әрі оған баулу, тәрбие ісінің бір бөлшегі. Және оны көркем жеткізу өз ісінің хас шеберіне тән болса керек.

Барша білім ошақтарында мерекелік көңіл-күй сезілді. Әр кез ұстазға қарыздар екеніміз осындай тамаша көріністерде ойымызға еріксіз оралады. Ел егемендігі мәңгі болсын! Қамба астыққа толсын!

Карима Ахан, Қордай ауылы тұрғыны

Leave A Reply

Your email address will not be published.