Жасөспірімдер жүктілігі – 19 жасқа толмаған қыздар арасындағы жүктілік болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, жүктілік пен босануға байланысты асқынулар 15–19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар өлімінің негізгі себептерінің бірі саналады. Бұл мәселе бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпай, қоғам назарын талап ететін күрделі әлеуметтік және медициналық мәселе болып отыр.
Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдердің отбасын жоспарлау және жыныстық өмірді саналы түрде бастау мәселелері бойынша хабардар болу деңгейі әлі де төмен. Ақпараттың жеткіліксіздігі мен ашық диалогтың болмауы қажетсіз жүктіліктің көбеюіне алып келуде.
Осыған байланысты жасөспірімдер арасында ағартушылық жұмыстарды күшейту аса маңызды. Олар ойланбаған жыныстық қатынастың салдары, өзін қорғау жолдары, түсік тастаудың зияны, сондай-ақ ерте жүктілік пен босанудың денсаулыққа төндіретін қауіптері туралы нақты әрі түсінікті ақпарат алуы қажет. Бұл ретте ата-аналардың рөлі ерекше, себебі бала тәрбиесіндегі жауапкершілік ең алдымен отбасынан басталады. Дегенмен, жасөспірімдер жүктілігі – жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесі.
Осы мақсатта «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде «Ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Кездесуге аудандық аурухана дәрігерлері – гинеколог Шынар Усербаева мен психолог Жұлдыз Оспанқұлова, сондай-ақ «Жастар орталығының» өкілдері Аяулым Бейсембай мен Тоқжан Дүйсенғали қатысты.
Іс-шараның ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі – колледж медбикесі Гулуйпа Оспанова. Колледж студенттері де белсенділік танытып, «Жігерлі жастар» командасын құрып, «Спортқа қадам – денсаулыққа жол» ұранымен өз өнерлерін ортаға салды. Білімгерлер баяндамалар жасап, өлең оқып, би билеп, тақырыпқа сай бейнероликтер ұсынды.
Шараны колледж директорының орынбасары Камила Дургалова ашып, жас ұрпақтың денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталған мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында мамандар жасөспірім қыздарға ерте жүктіліктің медициналық және психологиялық салдары, оның алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Өз сөзінде колледж медбикесі Гүлуйпа Әбдіқызы бұл мәселенің ауқымы кең екенін, оның қоғам дамуына тікелей әсер ететінін жеткізсе, дәрігерлер ерте жүктілік физиологиялық және психологиялық тұрғыда әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдер үшін үлкен қауіп төндіретінін атап өтті.
Іс-шара соңында колледж директоры Аида Намазова сөз алып, ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғысын білдірді. Ол мұндай кездесулер студенттердің отбасын жауапты жоспарлау жөнінде саналы шешім қабылдауына ықпал етеді деген сенімін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың үйлесімді еңбегі мен мамандардың мазмұнды баяндамаларының нәтижесінде іс-шара жоғары деңгейде өтті. Бұл кездесу студенттердің ерте жүктілік проблемасының маңызын түсінуіне ғана емес, өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарауына да зор әсер етті. Осындай ашық диалогтар саналы әрі салауатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мадина УЗБЕКОВА