«Ақтас» ЖШС – Қордай ауданында ұзақ жылдар бойы табыс-ты жұмыс жасап жүрген алдыңғы қатарлы кәсіпорын. 1998 жылы құрылған серіктестік басынан қилы-қилы кезеңдер өтсе де алдына үлкен мақсаттар қойып, өздерінің бәсекеге қабілетті, кәсіби өнеркәсіп ошағы екенін дәлелдеп берді. Осыншама жылдар бойы өнеркәсіп салаларын шикізатпен қамтамасыз етіп, жоғары кәсіби мамандар даярлап, инновациялық тәсілдерді де дамытты. Бұл табыстың артында өз ісіне берік жандар тұрғаны жасырын емес. Ұжымда ұзақ жылдар бойы талмай тер төгіп келген жандар баршылық, солардың бірі – карьер басшысы Николай Созыкин.
Қазақстан Президенті 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осы орайда, біз елдің дамуы мен экономикасының өркендеуіне еңбек адамдарының қосатын үлесін көпшілікке жеткізуді міндет тұтқан еңбеккермен сұхбат жүргізуді мақсат тұттық. Әңгіме барысында «Ақтас» ЖШС сияқты үлкен кәсіпорындарда күнделікті тер төгіп жүрген азаматтардың жұмысының қаншалықты қиын екеніне көзіміз жетті. Ауыр жұмыста нағыз еңбек ерлері жұмыс істейді екен.
– Жұмысшы мамандықтары елдің экономикасының дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосады деп есептеймін. Мемлекеттік деңгейде мұндай еңбекті мойындау бізді қуантып, одан да жақсы жұмыс істеуге шабыттандырғаны рас, – дейді Николай Созыкин.
Еңбек пен жауапкершілік
Карьердегі жұмыс жоғары кәсібилік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Николай Созыкиннің басшылығымен кәсіпорын күн сайын 7 мың тоннаға дейін кен өндіріп, әрі қарай тасымалдайды.
Николай Николаевич кәсіпорында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, қатардағы жұмысшыдан карьер басшысы лауазымына дейін көтерілген азамат.
– Бұл жұмыспен бүкіл менің өмірім байланысып кеткен, – дейді ол.
Карьер жұмысының ерекшеліктері
– Мұнда өндірістен бөлек айналадағы көркем табиғатты тамашалап, тамсану маған қатты ұнайды. Кең байтақ жеріміздің байлығы расында да өте көп. Жұмыс күні ерте басталып, кеш аяқталса да тынымсыз еңбек ету біз үшін міндет. Таң азанмен қондырғылар мен ұсақтағыштар іске қосылғанда карьер жанданады. Бұрғылау, шикізат сапасын бағалау, жарылыс жұмыстары – бәрі үлкен назар мен жауапкершілікті қажет етеді, – дейді Николай Николаевич.
Карьер мен жақын маңдағы учаскелердің қоры кәсіпорынның 100–200 жылға дейін тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазір жаңа қабат игеріліп, алдағы уақытта бірнеше жаңа учаске де өндіріске дайын тұр.
Экология және тұрақтылық
Экологиялық жауапкершілікке ерекше көңіл бөлінеді. Карьерде рекультивация жүйесі қолданылады: өндіріс аяқталған учаскелерге топырақ төгіліп, олар біртіндеп шөппен қапталады.
– Біз қалдықсыз өндіріс принципін ұстанамыз. Цемент өндірісінде әктас, алюминат, темір сияқты шикізаттың барлығы дерлік пайдаланылады, – деп атап өтті Николай Созыкин.
Тәжірибелі ұстаз
Әріптестері үшін Николай Созыкин – тек басшы емес, тәжірибелі тәлімгер. Жас мамандар оның сабырлығы мен тәжірибесін бөлісуге дайындығын жоғары бағалайды.
– Үйренуден және қолмен жұмыс істеуден қорықпаңыздар. Карьер – тек жұмыс орны емес, үлкен отбасы мен өмір мектебі. Егер өз ісіңізге адал болсаңыз, табысқа жету уақыттың еншісінде. Сіздің еңбегіңіз маңызды және құнды екенін ұмытпаңыздар, – дейді ол.
Осындай жандардың арқасында «Ақтас» ЖШС өз саласында көш бастап, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Жұмысшы мамандықтар жылы осындай еңбек адамдарының жұмысын қараша халыққа жеткізіп, оларға деген құрметтің артатынына сенім көп.
Шолпан Талғатқызы