Жеңіс күні — бұл елінің еркіндігі мен бейбіт болашағы үшін жанын қиған жандарды еске алатын қасиетті күн. От пен оқтың ортасында жүріп, Жеңіске дейінгі даңқты жолды жүріп өткен ерлердің есімі Кордай ауданының тарихына алтын әріптермен жазылды. Олар — Отанға адалдық пен ерліктің символына айналған тұлғалар.
Уақыт жылжып, Ұлы Отан соғысының оқиғалары алыстай түскенімен, сол кезеңнің маңызы мен рухын ұмытпау — бүгінгі ұрпақтың парызы. Біз — бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан, Жеңістің мұрагерлеріміз. Майданнан оралмаған, оралса да өмірі мәңгі өзгерген бабаларымыздың ерлігі ұрпақ жадында мәңгілік сақталады.
2025 жылғы 9 мамыр күні Кордай ауылындағы Даңқ аллеясында Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері, құқық қорғау және әскери құрылым қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанатты рәсім барысында жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткіш іргесіне гүл шоқтары қойылды. Бұл — халықтың мәңгілік алғысы мен тағзымының белгісі. Жеңіс күні — әр отбасының жүрегінде сақталған естеліктермен астасқан ерекше күн. Сарғайған жауынгер суреттері мен майданнан жеткен хаттар — ұрпақтар сабақтастығының айғағы, ел тарихының ажырамас бөлшегі.
Олардың ерлігін ұмытпай, өмірлік өнегесін жас ұрпаққа жеткізу — баршамызға ортақ міндет.
Тарих — тек өткеннің шежіресі емес.
Тарих — жауапкершілік.
Шолпан САБАНОВА