ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

0

Екейбай Қашағанов – халқына елеулі еңбек сіңірген тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1920 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Иірсу ауылында дүниеге келген.

«Екейбай» деген есімді жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаевтың өзі қойған екен. Екейбай Қашағанов бұл туралы естелігінде:

«Әкем Қашаған – ұқыпты шаруа болатын, бақша өсірумен қызыға айналысатын. Анам Хадиша – ұлы ақын Жамбылдың ауылынан шыққан. Ол кісі он бес құрсақ көтеріпті, бірақ тоғызы сәби кезінде шетінеп кеткен. Мен анам төркінінде жүргенде туыппын. Атымды Жамбыл атамның қалауы бойынша, сол кісілердің руына байланысты Екейбай деп қойыпты», – деп жазған.

Анасы балалары шетінеп кеткен соң, аяғы ауыр кезінде төркініне барып, байырғы қазақ ырымын жасап, жеті шал мен жеті кемпірдің тақымының астынан өтіп, бір қап ұнға «сатылып» қайтып келеді. Ал Ұлжан есімді қызын төркінінде қалдырып кеткен екен.

Қазақтың ақиық ақыны Кенен Әзірбаевтың ауылында өскен Екейбай бала күнінен арманы асқақ, болашаққа құштар болып өседі. 1934 жылдың күзінде туған колхозында бұрын-соңды болмаған мол астық жиналған соң, Алматыға оқуға аттанады. Ол заманда алыс жолға шығу аса қиын болған. Екейбай еңбекақы есебінде колхоз басқармасының төрағасының рұқсатымен бір пұт бидай алып, сапарға жол тартады.

Алматыдағы педагогикалық техникумды аяқтап, туған ауылына қайтып оралады. Жергілікті жетіжылдық мектепте тарих және география пәндерінен сабақ береді.

1939 жылдың қараша айында бір топ азаматпен бірге әскери міндетін өтеуге әскерге алынады. Ол кезде Екейбай да, ел де 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталатынын білген жоқ. Өзі айтқандай:

«Біздің ұрпақ өмір сүрген кезең өте ауыр болды. Ал балалық шақтағы көргенімізді ешкімнің басына бермесін», – деп еске алады.

Әскер қатарында жүргенде кіші командирлер (қазіргіше сержанттар) даярлайтын бөлімді тәмамдайды. 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталып кеткенде, Екейбай Батыс шекара әскері құрамында, Молдавияның Леоново қалашығы маңында қарсы алады.

Балта маңындағы шайқаста оң қолынан жараланып, әскери госпитальге түседі. Емделген соң байланысшылардың үш айлық курсына жіберіліп, оны аяқтаған соң Қырым майданындағы 277-атқыштар дивизиясының байланыс бөлімшесіне қосылады.

1060-атқыштар полкінің байланыс взводында қызмет етіп, күніне 10-15 шақырымдық байланыс желілерін қалпына келтіру – оның күнделікті міндеті болады. Қиян-кескі ұрыстардың бірінде өртенген жау танкісінен радиоаппаратураны алып келу тапсырмасы беріледі. Бұл тапсырманы сержант Гаранинмен бірге орындайды. Алайда немістер байқап қалып, оқ жаудырады. Оқ қабырғасына тиіп, Екейбай қатты жарақаттанады. Сөйтіп, Новороссийск қаласындағы госпитальге жатқызылады. Ал серігі Гаранин қаза табады.

1942 жылы маусымда жазылып шыққаннан кейін Кавказ қорғанысына қатысады. 1943 жылдың қыркүйегінде Новороссийск қаласын азат ету шайқасына қатысады. 1944 жылдың күзінде Югославия жерінде югослав сарбаздарымен бірге жауды елден қуып шығады. Соғысты 1945 жылы Чехословакияның Прага қаласында аяқтайды.

Екейбай Қашағанов соғыстан кейін үйленіп, отбасын құрады. Жұбайы Мархаба Керімқұлқызы – жоғары білімді, білікті ұстаз әрі мәдениет саласында еңбек еткен танымал тұлға. Ол Семейдің өлкетану музейінде, облыстық филармонияда, «Қазақконцертте» және Халық аспаптары мұражайында қызмет етіп, «Мәдениетке еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болады.

Жас отбасы 1948 жылы Жамбыл облысының Луговой ауылына қоныстанып, 8 жыл сол жерде тұрады. Бұл жылдары Екейбай Қашағанов бөлім меңгерушісінен бастап бірінші хатшыға дейінгі лауазымдық сатылардан өтеді.

1955 жылы Мәскеудегі партия мектебіне оқуға түсіп, 1958 жылы оны үздік аяқтап, Жамбыл облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Одан кейін Луговое, Шу аудандық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, екінші хатшы, кейін бірінші хатшы қызметтерін абыроймен атқарады.

1968 жылы Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, бұл қызметте де халық сенімін ақтайды. Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады.

Екейбай Қашағанов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VII, VIII және IX шақырылымдарының депутаты болды.

Бүгінде оның есімі ел есінде – ардақты. Ол туралы естеліктерді көзкөргендер – Балтабек Ерсәлімов, Мұстафа Ильясов, Қожағұл Тоқабаев сынды ардагер ақсақалдар елге кеңінен әңгімелеп жүр. Олар 1960-70 жылдары бірге қызметтес болған, оның еңбекқорлығы мен адалдығына куә болған азаматтар. Екейбай Қашағанов 1985 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Шығыс Қазақстан облысында Екейбай Қашағановқа арналған ескерткіш тақта орнатылған. Ал 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің Қаулысына сәйкес, Қордай ауданы, Кенен ауылындағы орта мектепке Екейбай Қашағановтың есімі берілді.

 

С.Мырзақұлова,

аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.