Еліміздің әл-ауқатының артуы, гүлденуі үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің маңызы зор. Шаруаның еңбегі жай ғана қызмет түрі емес – ол өмір салты, ол – тағдыр. Дәуір өзгереді, бірақ диқан еңбегінің маңызы тек арта бермек. Демалыс және мереке күндерін білмей, олар таңнан кешке дейін жұмыс істейді, өйткені халық айтқандай, еңбек етуге ерінбеген адам ғана нан өсіре алады. Бүгін біз Қордайдың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан өңіріміздегі озат диқандарының бірін еске алуды жөн көрдік. Саят Сарғасқаев көзі тірі болғанда осы күндері 80 жасқа толар еді.
С.Сарғасқаев 1943 жылы 31 қазанда қазіргі Үлкен Сұлутөр ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін колхозда жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Одан кейін комсомолдың бастауыш партия ұйымының, аудандық комитетінің, облыстық комитетінің хатшысы болды. Қазақ ұлттық университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. «Көкқайнар» кеңшарының партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Красногор ауданы құрылғаннан кейін аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1977-1981 ж.ж. – еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1981 жылы «Красный Октябрь» колхозын, 1990 жылы «Георгиевский» кәсіпорнын табысты басқарды. Саят Келдібайұлы басқарған жылдары ауыл шаруашылығы бірлестіктерінің экономикасы артып, халықтың тұрмысы айтарлықтай жақсарды. Сонымен қатар, аймақтық рейтингте өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көрсеткіштері жоғары деңгейде көрінді. Саят Келдібайұлы қай салада қызмет етсе де өзін адамгершілігі жоғары, білікті маман, тәжірибелі басшы ретінде көрсете білді. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңдерде Саят Келдібайұлы «Георгиевский» кеңшарының басшылығына келді.
Бұл шаруа қожалықтарының еңбекақымен қалыпты қамтамасыз етілмейтін, электр энергиясы күніне бірнеше сағатқа ғана беріліп тұратын, ешнәрсе (жабдық, қосалқы бөлшектер, түрлі дақылдардың тұқымы, т.б.) сатып алуға қаражат болмаған кезең еді. Жаңа экономикалық байланыстар, тауарлар мен шаруашылық өнімдері үшін жаңа төлемдер орнатыла бастаған. Барлығын іздеп табуға, сондай-ақ шаруашылық өнімдерін сатуға жаңа сауда нүктелерін табуға тура келген, төлем әрқашан ақшамен емес, тауар айырбастау арқылы жасалды. Соған қарамастан шаруашылық өз көрсеткіштерінен айнымай, 2000 жылға дейін барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша Қордай ауданы, Жамбыл облысы, тіпті ел бойынша үздіктер қатарында болды. С.Сарғасқаев басқарған кезеңде «Георгиевский» кеңшары «Достық» элиталық тұқым өсіру шаруашылығы болып, кейін «Достық» кооперативіне өзгертілді. Шаруа қожалығының директоры қызметінде біршама жұмыстарды атқарды. Мәселен, С.Сарғасқаевтың басшылығымен наубайхана, май өңдеу цехы (мақсары және рапс), монша, жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған диірмен, жүгері кептіретін цех (шалақ барабанда кептірілді), спирт зауыты, шұжық цехы, қияр, қызанақ, саңырауқұлақ өсіретін жылыжайлар салынды. Жұмысшыларға арналған үйлердің құрылысы жүргізіліп, шаруа қожалығының кеңсесі салынды, барлық көшелерге асфальт төселіп, жарық, су құбырлары тартылды. Саят Келдібайұлы Сарғасқаев шаруашылықты 2000 жылға дейін басқарды, содан кейін еңбек демалысына шықты.
-Саят Келдібайұлы біздің жадымызда қамқор, турашыл, принципшіл, өз көзқарасы мен сенімінен таймайтын табанды, мақсатты тұлға ретінде сақталып қалды. Оның кәсіби шеберлігі, жоғары азаматтық жауапкершілігі, Отанға деген сүйіспеншілігі, ерекше көшбасшылық таланты ауданымыздың жақсы жаққа дамуына ықпал етті. Саят Келдібайұлы бар күш-қайратын, білімін халыққа арнаған, талапшылдығы жанашырлық пен жауапкершілікпен астасып жататын, — деп еске алады замандастары.
Ауыл шаруашылығы саласындағы лайықты еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жұмысшысы» құрметті атағы берілді. Саят Сарғасқаев «Еңбек Қызыл Ту», «Еңбек Ардагері», «Еңбек озаты үшін» медальдарымен де марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен наградталған. Облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болып сайланды. 2011 жылы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Саят Келдібайұлы қарамағындағы шаруашылықтардағы оқу-ағарту саласындағы лайықты еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Саят Келдібайұлы жұбайы Любовь Жұматайқызымен бірге 4 бала тәрбиелеп, 11 немере, 8 шөберенің сүйіспеншілігі мен мейіріміне бөленіп, өнегелі отағасы, аяулы әке бола білді.
Еңбек ардагері, құрметті Саят Келдібайұлы Сарғасқаев 2015 жылдың 1 ақпанында өмірден өтті. Оның жарқын бейнесі оны білетін, танитындардың жадында сақталатыны сөзсіз.