Кенен ауылдық округінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш бейбіт заманда өмірден өткен ардагерлердің есімдерімен толықтырылды. Игі бастама ауыл тұрғындарының қолдауымен жүзеге асты.
Бұл игілікті істі ұйымдастыруға Кенен ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Думан Тоқтұров пен аналар алқасының төрайымы К. Қырықпаева ұйытқы болды. Ауыл азаматтары бірлесіп қаржы жинап, ескерткішке қосымша есімдерді қашап жазу жұмысын жергілікті шеберлер атқарды. Жалпысы ескерткішке 150 ардагердің есімі қосылыпты. Жобаны ауыл әкімдігі қолдап, қажетті ұйымдастыру шараларын қамтамасыз еткен.
Толықтырылған ескерткіштің таныстырылымына аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, ардагерлер және тұрғындар қатысты. Шара барысында ардагерлердің рухына тағзым етіліп, естеліктер айтылып, тағылымды тәрбие берерлік сөздермен жалғасты.
Осыдан кейін ауылдық мешіт жанындағы асханада ас беріліп, өмірден өткен ардагерлерге арнап құран бағышталды.
Бұл шара — ауыл жұртшылығының ұрпақтар сабақтастығына, тарихи жадыны сақтауға және ел қорғаған ерлерге деген құрметінің айқын көрінісі. Ескерткіштің жаңартылуы — болашақ ұрпаққа өнеге болар игі іс.