ЕТ БАҒЫТЫНДАҒЫ БАҒДАР

0

Еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының алар орны ерекше. Аталмыш салаға Қордай ауданында көптеп көңіл бөлініп, қыруар тірлік қолға алынып келеді. Солардың ішінде мал шаруашылығының қазір «тасы өрге домалап» тұрған шағы. Өйткені, елімізде қордайлық шаруалар өсіріп жатқан төрт түлікке деген сұраныс, оның ішінде ет өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, аудан аумағында 1500 ден бастап 7000 басқа дейінгі мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Сұраныс бар жерде ұсыныс кем болмауы керек, сол себепті жұмыс та ауқымды болары анық.

Солардың бірі – «Бай-Нұр» шаруа қожалығы. Асыл тұқымды мал өсіру және ет шаруашылығымен айналысатын қожалық қазіргі таңда жалпы облыс бойынша іргелі шаруашылықтардың біріне айналған. Негізі 2001 жылы отбасылық болып ашылған «Бай-Нұр» шаруа қожалығы бүгінгі таңда 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 2010 жылы мал бордақылау орталығын ашып, қазіргі таңда 3 мың бас ірі қара малын бордақылауға дейін жеткізген. Негізгі сиымдылығы 7 мың басқа дейін жетеді. 2019 жылдан бастап Қытай, Иран мен Араб елдеріне шығып, ет экспортымен айналысуда. Бұл аудан, облыс ғана емес жалпы ел экономикасын арттыруға деген сүбелі үлес болып отырған жайы бар.

Осындай ірі шаруалар қатарында «Медет» шаруа қожалығы да бар. Бұл қожалық облыстағы санаулы асыл тұқымды етті мал өсірумен айналысатын, экспортқа ет шығаруға қауқарлы агроқұрылымдардың қатарына жатады. Шаруа қожалықтың мал ұстайтын негізгі орындарының бірі – Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылындағы жабық алаңда қазір 1500 ірі қара бордақыға кіргізілген. Негізі бұл орын 3000 бас ірі қара бордақылауға қауқарлы. Орта есеппен жылына 600 тоннадан астам сиыр етін сатылымға шығаратын қожалық басшысы Кенжебай Тілеубердиев алда ет экспортын жұмысын артыру ниетте.

Жайық Манасбаев жетекшілік ететін Қордай ауылы жанынан орын тепкен «Дәурен ай» шаруа қожалығы жұмысын 2002 жылы бастаған болатын. Қазір 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмысын сәтті жүргізіп отыр. Қажетті жем-шөбін өзі дайындайтын шаруашылық қорасында семіртілген мал етіне сұраныс та жоғары. Әрине, мемлекеттің қолдауын жақсы сезінген шаруа қожалығы түрлі бағдарламаларға қатысып, арзандатылған несие алып, соның арқасында қазір табиғи таза жем-шөппен бапталған мал өсіруде.  Бүгінде, мал бордақылау, ет өнімдерін өткізу жұмысын жақсы жолға қоя білген «Дәурен ай» орта есеппен жылына 300-400 тонна ет сатылымға шығарып отыр. Сұраныс жағы арта түссе қожалық бұл межені асыра орындауға дайын.

Жалпы аталып өткен үш шаруа қожалығы, олардан бөлек ет бағытында жұмыс жүргізіп отырған қордайлық шаруалардың қазір жұмысшылары, материалдық-техникалық базасы, жалпы техникасы да жетерлік.

Сөз ет өнімдері туралы болған кезде өз қасапханасында ет дайындаудың ең жоғарғы деңгейін көрсетіп жүрген «Первомайские деликатесы» ЖШС атап өтпеске болмас.  Ол жылына 6380 тонна ет өндіре алатын әлеуетке ие кәсіпорын.  Бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындарынан талап етілетін «НАССР» стандарттарына сәйкес сертификаты бар серіктестік. Негізінен онда қоғамдық тамақтану және ет өңдеу кәсіпорындарына бөлшектелген және жартылай бөлшектелген ет, буып түйілген вакумды қораптағы ет кесімдісі, сорпа-жинағы, филе өнімдері өндіріледі. Мұнда да шетелдік озық техникалар талапқа сай жұмыс істеп, аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып отырған жайы бар.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.