Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналғанын атап өтті.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Бегзат Болатбековтің төрағалығымен кездесу өтті. Жиынға аудан аумағында жұмыс жүргізіп жатқан этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ассамблея жастары Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қордай ауданындағы өкілі және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында этномәдени орталықтардың қызметі, этнос жастарының қазіргі жағдайы, қоғамдағы өзекті мәселелер, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жоспарлар мен этномәдени бірлестіктердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі кеңінен талқыланды. Басқосу ашық диалог форматында өтіп, еркін пікір алмасуға ұласты.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өз сөзінде:
— Өздеріңізге белгілі, Қордай ауданы — түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан қасиетті өңір. Сіздерді ел ішінде тұрақтылықты нығайту жолында белсенділік танытып жүрген азаматтар деп білемін. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты — қоғамда өзекті болып отырған мәселелерді бірлесе талқылау және жастар тәрбиесіне этномәдени бірлестіктердің қосар үлесін саралау, — деп атап өтті.
Жиын барысында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» РҚБ аудандық филиалының төрайымы Камиля Дургалова, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Хаджибалла Абдоллаев, «Отечество» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Харченко және өзге де қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуді қорытындылай келе, Бегзат Сейсенқұлұлы ауданда соңғы уақытта қол жеткізілген оң өзгерістерге тоқталып, бұл жетістіктерге этномәдени бірлестіктердің қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауданның одан әрі дамуына барша азаматтарды бірлесе еңбек етуге шақырды.