Фестивальді Масаншы ауылы жалғастырды

0

2025 жыл — елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Қордай ауданында мазмұнды іс-шаралар легі қолға алынып, тұрғындар арасында еңбекке құрмет пен жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Сол іс-шаралардың бірі — аудан көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Адал еңбекпен – жарқын болашаққа!» атты фестивалі. Бұл жолы аталған фестивальді Қордай ауданының Масаншы ауылдық округі жалғастырып, Қордай ауылының орталық саябағында кең ауқымды мәдени-көпшілік шара өткізді.

Фестивальдің негізгі мақсаты — жұмысшы кәсіптерінің қоғамдағы мәртебесін көтеру, еңбек адамына деген құрметті арттыру, сонымен қатар жастар арасында қол еңбегіне деген оң көзқарас қалыптастыру.

Масаншы ауылдық округі бұл бастамаға үлкен жауапкершілікпен қарап, ауыл тұрғындары мен қонақтарға тағылымы мол әрі мазмұнды бағдарлама ұсынды.

Фестиваль аясында ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзіне айналған кәсіп түрлерін қамтитын көрме ұйымдастырылды. Мұнда қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылып, қатысушылар қазақ және дүнген халықтарының бай дастарханымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл — тек тағам ғана емес, түрлі этностардың мәдениетін дәріптейтін үлгілі қадам болды.

Шара барысында түрлі танымдық, тәрбиелік бағыттағы ойындар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, балалар мен жастар да шет қалмады.

Масаншы ауылдық округінде өткен бұл фестиваль — жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Осындай шаралар арқылы еңбекке деген құрмет артып, жастардың санасында адал еңбек — табысты болашақтың кепілі деген түсінік қалыптасатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.