Ұлттық мереке саналатын Республика күні қарсаңында, Ноғайбай ауылында шағын футбол және «Street workout» алаңшасының ашылу рәсімі өткізілді.
Енді ауыл балалары жасанды көгалда доп теуіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Шараның ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсенбаев, аудандық мәслихат депутаты Ғабиден Тулақбаев, Қордай ауданының «Құрметті азаматы» Бақберген Орналин, ауыл әкімі Ер-Серік Ешмұратов, ауылдық ардагерлер алқасының мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып, білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ ұлттың ең қымбат байлығы екенін атап өтті. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындау мақсатында ауылымызда, аудан әкімдігі тарапынан кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі ашылғалы отырған шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы — жергілікті бюджет есебінен бой көтеріп, жас жеткіншектерімізге тарту ретінде ұсынылып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікте көтеруіне тілектеспін»,-деді облыстық мәслихат депутаты Талғат Сәрсенбаев.
Келесі кезекте, ауыл әкімі Ер-Серік Аманбекұлы футбол алаңшасының пайдалануға берілуін ауылдың жас спортшылары асыға күткенін және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігерлік мекеме «TNAY stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағанын атап өтті.
Алаңның салтанатты ашылуы шағын футболдан жолдастық кездесу ойынымен жалғасын тапты.