Қарасай батыр ауылының тұрғыны Наталья Еренкованың әр күнгі таңы өзінің сүйікті гүлзарын аралаудан басталады. Оның бағында өсіп тұрған барқытгүл, үлпек, раушан гүлі, т.б. көздің жауын алады. Дегенмен, кейіпкеріміздің ең сүйікті гүлі, «гүлдердің патшайымы» саналатын раушан екен.
Ауылдық округ әкімдігінің аумағында Наталья Владимировна округ әкімі К.Елемесовамен бірге көпжылдық өсімдік отырғызып, ауланы безендіріп қойған. Гүлдің тұқымын жерге егіп, оны күтіп, бағу әркімнің қолынан келе бермейтін іс.
Гүл көшеттерін аулаға отырғызар алдында Наталья Владимировна олардың тұқымын жылыжайға себеді. Бақтағы раушан гүлдері көздің жауын алады. Мұнда парк раушан гүлі, таушымылдыққа ұқсас, түрлі-түсті майда раушан гүлдер бар. Жайқалып өсіп тұрған гүлдердің жанында құтының астында жаңа өскін шыбықтары бар, демек келесі жылы бақ раушан гүлінің жаңа түрлерімен толықтырылады деген сөз.Тұқым, гүлдің кесінділерін Наталья Еренкова көршілерден, таныстарынан алады екен.
-Әркім гүлді өзінше жақсы көреді. Оларды ұнатпайтын адам жоқ болар. Клематис, шырайгүл, гибрид, хоста, бругмансия…Гүлдердің атауының өзі әдемі әуен сияқты ғой, — дейді кейіпкеріміз.
Наталья Еренкованың гүлге қызуғышылығы бала кезінен басталған. Ата-анасы Владимир Павлович және Светлана Петровна Галетко агрономдар. Саналы өмірлерін «Алмалы» кеңшарындағы жұмысқа арнаған олар өсімдік туралы барлығын біледі. Кейіпкеріміз білмегенін ата-анасынан сұрап, біліп отырады.
Наталья Владимировнаның айтуынша, әр гүл тұрақты түрде жасалған күтім мен адамның ықыласына бейім болады. Гүлі жақсы өсетін әйел балаға да, жануарға да мейірімді болып келеді деген де пікір бар көрінеді.
— Еңбек еткен 30 жылда мен аспаз да, кассир да болдым, міне, енді жақсы көретін жұмысым үшін жалақы аламын. Бұл іс мен үшін мейрам тәрізді,- дейді гүлқұмар Наталья.
Гүлдер атауы әдемі әуен сияқты
Prev Post
Next Post