ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

0

Қазіргі таңда қаладағы жайлы өмір – ауыл азаматтарына жат емес. Соңғы бірнеше жылда Мемлекет басшысының бастамасымен Қордай ауданында қыруар жұмыс атқарылып, 22 ауылды газдандыруға 10 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Осының арқасында, қордайлықтардың «көгілдір» отынмен қамтылу деңгейі 47-ден 95 пайызға жетті.
Жалпы, Қордай ауылына газ құбыры 1987 жылы тартылғанына қарамастан, аудандағы үлкенді-кішілі елді мекендерді газдандыру мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген. Десек те, соңғы екі жылда мемлекет тарапынан ауданымызға ауқымды қолдау көрсетіліп, аудан орталығына жақын жатқан ауылдар былай тұрсын, тіпті шалғайдағы Көктөбе, Аңырақай, Бел сынды елді мекендерге газ құбыры тартылды.
Тарқата айтсақ, өткен жылы Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, бас-аяғы 392 шақырым магистральді газ құбыры салынды. Бұл іс өз кезегінде 62 мыңнан астам азаматқа қуаныш сыйлап, 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ, биыл «Отар» автоматты газ тарату стансасындағы жұмыстар аяқталып, осы аймақтағы тағы 12 елді мекенге орталық құбыр тартылды. Нәтижесінде Отар, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Бел, Аңырақай, Кенен, Алға, Мұзбел, Көгадыр, Соғанды ауылдарына газ құбыры жетті. Алайда, кейбір ауылдарда тұрғындардың газға қосылу ақысын кешеуілдетуіне байланысты ауылішілік құбырларды тарту жұмыстары әлі күнге жүргізілуде.
Ендігі кезекте, яғни 2022-2024 жылдар аралығында Қарасай, Еңбек, Керу, Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына газ құбырын тарту жоспарланған. Осының барлығы іске асқан жағдайда ауданымыздың барлық елді мекендері табиғи газдың игілігін сезінетін болады.
Айта кетсек, табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып табылады. Сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға ықпал етпек. Оның үстіне «көгілдір отынның» арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жеңілдеп, қыс маусымында отынға кететін шығынның да азаятыны, жайлы өмірдің арқасында жастардың ауылға тұрақтап, кәсібін дөңгелететіні де анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.