ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕУІ ТИІС

0

Жуырда аудан әкімі Мәден Мұсаевтың басшылығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиынға бөлім басшылары, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес барысында аудан халқының өміріне тікелей әсерін тигізетін мәселелер қаралды.

Бірінші кезекте қордайлықтар аса күткен газ мәселесі қаралды. Аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев жиылған жұртты біраз цифрлармен таныстырды. Баршаға мәлім, ауданымызды газдандыру мәселесі Президенттің тапсырмасынан кейін басталған еді. Мемлекет қаражат бөліп, магистралды орта қысымды газ құбырын бір жылдың ішінде бітіріп, пайдалануға берген. Алайда ауылдарға газ кіргізу мәселесіне келген кезде жұмыс баяулап қалды. Әр ауылда жағдай әр түрлі. Кей ауылдарда жұмыс қарқынды жүрсе, кейбір ауылдарда бәсеңдеп қалған. «Тұрғындарды газға қосу бойынша жұмыстарына талдау жүргізу барысында 22 елді мекенде (жалпы 10758 аула) газға қосылған тұрғындар саны «колхоз» аумағы бойынша 3685 ауланы немесе 51,2%-ды, «Отар» аумағы бойынша 1320 ауланы немесе 37%-ды құрады. Қалған 5753 аула газ құбырына қосылмаған. Қарасу, Өтегенде (мердігер «СКМ строй») мамыр айынан бері газ кіргізіліп жатқан жоқ», — деді баяндамашы өз сөзінде. Осы орайда, Мәден Тоқтарбайұлы ауыл әкімдерін сынға алды. «Әрбір ауланы аралап, адамдармен сөйлесіп, кім газға қосылуға дайын, кімнің қаражаты жетіспейді, кім бас тартты, сіздерде толық ақпарат болуы керек. Әр әкімде тұрғындардың газға қосылу графигі болуы керек»,- деді аудан басшысы. Мәселені қарастыру барысында Мәден Мұсаев ауыл әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, сұрақтың астына алды. Аталмыш мәселенің әлеуметтік маңызы зор екендігін айтып, қатаң шара қабылданатынын ескертті. Екінші сұрақ аудандағы жарияланған күзгі екі айлық санитарлық тазалық жұмысына қатысты болды. Аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев жүргізілген жұмысқа қатысты баяндама оқыды. Баяндама барысында аудан әкімі санитарлық жұмыстың жүргізілуіне қарамастан қоқыстың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. «Тонналап қоқысты шығарып жатырмыз деп есеп беріп жатырсыздар, неліктен онда әр жерде қоқыс көбейіп бара жатыр. Оны халық көріп жатыр. Маған хабарлап жатыр. Осы жұмысты күшейту қажет», — деді аудан басшысы.
Аппараттық кеңесте одан бөлек міндетті медициналық сақтандыру, Отбасылық цифрлық карта бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Аудан әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Көпешов міндетті медициналық сақтандыру жарнасын жинау статистикасын келтірді. Ауылдарда бұл жұмыс бойынша да біраз кемшіліктер анықталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.