БИЫЛ ӘУЛИЕАТА ӨҢІРІНДЕГІ БАСПАСӨЗ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРҚАТАРЫ ҮШІН МЕРЕЙЛІ ЖЫЛ. ОБЛЫСТЫҚ БАС ГАЗЕТ — «АҚ ЖОЛ» ЖҮЗ ЖАСҚА
ТОЛЫП ОТЫРСА, ОҒАН ІЛЕСЕ ҚОРДАЙ ӨҢІРІНІҢ ШЕЖІРЕСІН ТЫНБАСТАН ЖАЗЫП, САРҒАЙҒАН ТІГІНДІЛЕРІНДЕ ҚАТТАП КЕЛЕ ЖАТҚАН АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ.
Газет тарихынан бізге жеткен деректер бойынша Қордайда газет шығару жөнінде мәселе алғаш рет 1931 жылғы 26 наурызда аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралыпты. Екінші мәрте сол жылғы 10 қазанда тағы қаралады. Бірқатар дайындықтардан кейін келер жылы, яғни 1932 жылдың қазан айында газеттің алғашқы нөмірі орыс тілінде «Бригада» деген атпен жарық көреді. Содан бастап газет екі бет болып айына бір рет шығып тұрған. Бастапқы кезде қолмен жазылған газет материалдары аудан орталығынан жиырма шақырымдағы Фрунзе қаласының (ФЗУ) фабрик-зауыттық училище баспаханасына атпен жеткізілетін. Таралымы алпыс дана болып, жауапты редакторлығына В.Савельев бекітілген екен. Міне, бұл қазіргі «Қордай шамшырағы» — «Кордайский маяк» газетінің түп негізі болып саналатын ауданның алғашқы мерзімді басылымы болатын. Алға озып айтар жай, 1982 жылы газеттің жарты ғасырлық мерейтойын өткізуге дайындық барысында редактордың орынбасары Жапар Көпбаев Мәскеуге арнайы барып Ленин атындағы Мемлекеттік Орталық кітапхананың баспасөз архивінен сол «Бригаданың» және одан кейінгі газеттердің біраз фотокөшірмелерін алып келген еді.
1934 жылы Қордай, Красногор аудандарының бөлінуіне байланысты “Бригада» газетінің тарихы тек қазақ тілінде жарық көретін «Екпінді» газетіне жалғасты. (Ал, Красногор ауданында Красногор МТС-і жанынан «Красногоршы» газеті жарық көре бастады). «Екпіндінің» алғашқы редакторы Оспанқұл Тоқтағұлов болыпты. Георгиевканың Красный Октябрь көшесінде кішігірім баспахана үйі ашылып, газет осында басыла бастаған.
Неліктен екені белгісіз, араға он тоғыз жыл салып, 1953 жылдың бірінші шілдесінде «Екпіндінің» орыс тіліндегі нұсқасы — «Ударник» шығарыла бастайды. Көп ұзамай газет «Октябрь туы» — «Знамя Октября» деген атпен аптасына үш мәрте, төрт беттен жарық көреді. Ал, 1963 жылдың бірінші мамырынан бастап газет “Қордай шамшырағы» — «Курдайский маяк» атауын иеленеді. Газетті жалпы кеңестік кезеңде редакторлар О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, А.Жұматаев, С.Баймұханов, Б.Сақауов, С.Керімбаев, С.Тілеуқұлов, А.Андреев, В.Бондарева басқарды. Осылардың ішінде ең ұзақ — жиырма жылдан аса (1963—1985) газетті басқарған А.Андреев болды. Сондай-ақ, қазақ бөлімінде Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Ж.Сатаев, Қ.Дәуітов, А.Қуандықов, Г.Кемпірова, орыс бөлімінде Негрышев, Хорошевский, Прохоровский т. б. журналистер еңбек еткен. Газет тігінділерінен сол кездің фототілшілері Сабыр Зәкірұлы Тарханов пен Рашида Рахимовалар түсірген суреттерден елуінші-алпысыншы жылдарғы қордайлықтардың бет бейнесін көріп, өмір тынысын сезінуге болады.
Мен газетке 1976 жылы наурыз айында келдім. Ол кезде әр ауылдан газетке мақала жазып тұратын «селолық тілшілер» болушы еді. Мен де Қаракемерден шағын хабар-ошар, аратұра өлең, әңгіме жазып тұратындықтан аудармашылық жұмысқа шақырды. Газет аптасына үш рет шығады да, мақалалар міндетті түрде екі тілде жарияланатын. Аудармашы шақ келмей жататын. Мені үш айлық сынақ мерзімімен орыс тіліндегі мәтінді қазақшаға аударуға қойды. Ал, қазақша жазылған мәтіндерді орысшаға Тәңірберген Майжанов аударады екен. Шыны керек, басында қатты қиналдым. Тіпті, бәріне қолды бір сілтеп, ауылға тайып тұруды да ойладым. Бірақ, шыдадым. Академик Сауранбаевтың басшылығымен жарық көрген қалыңдығы кере қарыс «Орысша-қазақша сөздікті» жата жастана жүріп үйренуге тура келді. Газеттің редакторы соғыс ардагері Анатолий Иванович Андреев болатын. Ал қазақ бөлімінде редактордың орынбасары Жапар Көпбаев, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мақан Боқаев деген майдангерлер, жауапты хатшы Несіпбек Дәутайұлы, хат бөлімінің меңгерушісі Сағыныш Медетбекова, тілші Қырықбай Мақаметжанов жұмыс істейтін. Менің аударма ісін меңгеріп шығуыма осы кісілердің барлығының үлкен көмегі тиді. Бастапқыда көлемді мақалаларды өздері аударып, маған шағындарын беріп жеңілдік жасады. Сақа журналистер көбінше мақаланы қолмен жазып отырмайтын. Іссапардан келе салып бірден машинкашының қасына отырып, блокнотын барақтап отырып ауызша жаздыратынына, орысша мәтіндерді де қазақ тіліне солай аударатынына қатты қызықтым. Мұны «диктовка» дейді екен, біртіндеп бұл тәсілді де меңгеріп алдым. Ал, орыс бөлімінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Владимир Бочков, бөлім меңгерушісі Валентина Бондарева, тілшілер Эдуард Прохоровский, Петр Немцев жұмыс істейтін. Кейіннен Бондарева аупарткомға нұсқаушы болып ауысып, Прохоровский мен Немцев басқа жаққа кетті де, олардың орнына В.Загуменный, Александр Жаров, сондай-ақ, Светлана Кожина, Валентина Кернер деген талантты қыздар келді. Облыстық «Знамя труда» газетінің меншікті тілшісі болып істейтін Александр Изюмов та біраз уақыт бізде қызмет етті.
Жазу өнерін меңгеруге деген ішкі жан қалауы мен аға журналистердің көмек қолдауы арқасында редакцияға «тастай батып, судай сіңдім» ақыры. Келесі жылы ҚазМУ-дің журналистика бөліміне оқуға түстім, партия мүшелігіне өттім. 1979 жылы КСРО Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым. Аудармашыдан кейін тілші, бөлім меңгерушісі болдым. Қазақ бөліміне Зернебек Шілдебаев, Қайрат Исаев, Ғалым Қасабаев, Қыдырбек Мұсабеков, Ибрагим Исаев, Шалабай Мәжінов келіп біраз жылдар қатар еңбек еттік. Ол кезде редакцияның штаты барлық шығармашылық және техникалық мамандарды қосқанда он тоғыз адам болатын. Қызметкерлер бірі келіп, бірі кетіп жатты. Аудармашылар Таңатар Сандыбаев, Кемелбек Сүйімқұлов, Роза Қалиева, фототілші Санхур Идыбо, бухгалтер Анна Михайловна Карпцова, кейіннен Тамара Райымқұлова, мәшіңкешілер Бибігүл Байқасқаева мен Галина Голодова, корректорлар Валентина Чапаева, Әмірхан Шәкиева, Татьяна Малышева, Эрна Сагина, Бейсекүл Естемесова, Айкүміс Қосақова, Зәуреш Әміржанова, Зура Жанұзақова, Қарлығаш Жабдықбаева, Элмира Омарова – мен редакцияда жұмыс істеген алғашқы он жылдықта осындай адамдармен қызметтес болдым.
Төле би (ол кезде Коммунистический) көшесі бойындағы ескі моншаның жанында редакция үйі мен қасында баспахана болатын. Баспахананы ұзақ жылдар Нұрғазы Үкібасов ағамыз басқарды. Ол кезде газет линотип машинасында ерітілген қорғасын әріптермен терілетін. Одан газеттің беттері жасалатын. Әр беттің салмағы жиырма келідей болатын. Линотипист Лидия Зинченко мен Надежда Чернокалова, Вера Мосницкая, бет жасаушылар Эльвира Вальнер, Вера Юркова мен Лидия Лачимова, газет басушылар ерлі-зайыпты Владимир және Евдокия Боковалар мен Болат Медетбеков сол ескі баспаханадан зейнетке шыққандар еді. Қазіргідей кез-келген мақала мен суретті үлкейтіп немесе кішірейте қоятын компьютерлік техникалар ол кезде атымен жоқ, қорғасын бетті бір жасаған соң өзгерте алмайсың. Фотосуретті Бішкекке апарып арнайы цехта клишеге түсіртіп келетін. Оған ең жедел дегенде екі-үш күн уақыт кететін. Сонымен қатар, ТАСС пен ҚазТАГ әлемдегі және елдегі жаңалықтардың мәтіндерін, суреттерін пошта арқылы жіберіп тұратын. Газеттің әр ауылдан, әр мекемеден жазып тұратын штаттан тыс жанашырлары да аз болмайтын. Н.Бушмакин, И.Юнкман, Қ. Садықов, Н.Нүпбаев, Н.Тілеубаев, Қ.Жүргенов, Ж.Әбдірахманов, Қ.Ораздыбаев, Р.Тұрғанова, А.Көрпелдесов, А.Бокслер, П.Энс, Р.Молдашев, Ж.Нүсіпбаева, С.Әбдіқадыров, Г.Семухин т. б. есімдері бүгінде құрметпен атап өтуге лайық.
Мен бұл мақаламда отыз жылдан аса аудандық газетте қатар жүріп қызмет атқарған, газет шығару ісіне азды-көпті үлес қосқандардың барлығын атауға тырыстым. Әрине, редакция ұжымы ұдайы өзгеріп тұрды. Қарттар зейнетке шығады, орнына жастар келеді. Қызметі өсіп жоғарылайды дегендей. Былтыр ғана дүниеден өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың екінші жартысында осы газеттің жауапты хатшысы қызметін атқара жүріп республикалық жүлделер иеленген алғашқы очерктері мен әдеби шығармаларын сол ескі редакцияда отырып жазғанына куә болдық. Некең 1980 жылы облыстық «Еңбек туы» газетінің Қордай және Красногор аудандары бойынша меншікті тілшісі болып ауысты. Орнына мен жауапты хатшы болдым. 1986 жылы Ж.Көпбаев ағамыз зейнетке шықты да, мен редактордың орынбасары болып тағайындалдым.
Таралым жөнінен облыстағы аудандық газеттердің бәрінің алдында тұрдық. Жалпы таралымы кей жылдары он екі мыңға жуықтайтын. Ол кезде газетті полиграфиялық безендіру деген облыстық байқау өткізіліп тұратын. Бұл негізінен жауапты хатшылардың шеберлік жарысы еді. Ұдайы осы байқаудың алғашқы үш орнының бірін иеленетінбіз.
Жыл өткен сайын өмір өзгеріп жатты. Газетті дөңес баспа (высокий печать) тәсілімен шығаратын ескі баспа машиналары мен линотиптердің күні бітуге таяу еді. Жетпісінші жылдары линотиптің өзі үлкен жетістік саналды. Ал одан жиырма-отыз жыл бұрын газеттегі бүкіл әріпті бір-бірлеп қолмен теретін «тас дәуірі» кезеңінен өткенін аға газетшілер бізге аңыздай етіп әңгімелейтін. Газет басылып болған соң әлгі беттегі әріптерді бір-бірлеп қайтадан өз ұяшықтарына теріп жинаумен әріп терушілер мен баспашылар қолдары май-май болып түні бойы баспаханада таң атырады екен. Енді міне, өркениетті дүниеде компьютерлік дәуір есік қағып, оның таңғажайыптары құлағымызға еміс-еміс жете бастаған кез келді. Алда – Тәуелсіздік жылдары күтіп тұр еді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист
(жалғасы бар)