ГУМАНИТАРЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖАНДАНАДЫ

0

Қазақстанның сыртқы саясатында геосаяси тұрғыдан маңызды елдердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Бүгінде үкіметтік және мемлекетаралық екі жүзден астам құжатқа негізделген қарым-қатынас аясында стратегиялық әріптестік декларация­сын іске асыра отырып, тараптар көкжиегі кең конструктивті әрі ашық диалогта сауда-экономикалық, инвестициялық, сонымен қатар мәдени ықпалдастықты нығайтуға күш салып отыр.

Осы орайда сарапшылар соңғы 30 жылдағы тату көршілік қарым-қатынастарды әрі қарай дамытумен қатар жаңа технологиялық мүмкіндіктердің де зор екеніне айрықша назар аударудың маңызды екенін алға тартады. Бүгінде Қытай елі әлемде ең ірі энергия тұтынушы әрі жаһандық экологиялық бастамаларды қолдап отырған мемлекет ретінде белгілі. Трансшекаралық су ресурстарын үнемдеуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық бере отырып, жасанды интеллект, инновациялық экономика, робот техникасын жылдам дамытып отырған Қытай елімен алдағы уақытта ғылым, білім, мәдени-гуманитарлық саладағы интеграцияны қарқынды дамыту уақыт талабынан туындап отыр.
Философия, саясаттану және дінтану институты ғалымдары Шэньси педагогикалық университетінің «Бір белдеу, бір жол» мәдени зерттеулер институтымен бірлесіп өткізген «30 жылдағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы» халықаралық симпозиумында жетекші ғалымдар, тиісті министрлік мамандары сараптамалық және талдау қоғамдастығына екіжақты қарым-қатынастарға қатысты ғылыми және қолданбалы сипатта бірқатар мәселені талқылауға ұсынды. Осы орайда Қазақстан мен Қытай елінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары пікір алмасып, ықпалдастық жобаларды ғылыми тұрғыдан зерделеп, дамытудың маңызына тоқталды.
Симпозиум модераторы, Шэньси педагогикалық университетінің «Бір белдеу, бір жол» мәдени зерттеулер институтының атқарушы директоры, профессор Хэ Чжилун әлемдік ахуалдағы жағдайларды қаперге ала отырып, өзгермелі кезеңде Қытай-Қазақстан ынтымақтастығын ғылыми-талдамалық тұрғыдан зерделеу керегін атап өтті. Сарапшының айтуынша, екі елдің соңғы 30 жылдағы экономикалық, гуманитарлық ынтымақтастығы өз алдына терең талдауды қажет етеді. Өзара интеграциялық әріптестік экономикалық тұрғыда ғана емес, мәдени-гуманитарлық саладағы жобаларға негіз бола алады.
Жаңа дәуірде бұл бағыттағы қарым-қатынасты әрі қарай дамыту екі ел үшін де тиімділігін көрсетеді, деп пікірге қолдау білдірген Шэньси провинциясының әлеуметтік ғылымдар федерациясының төрағасы, Шэньси педагогикалық университетінің «Бір белдеу, бір жол» мәдени зерттеулер институтының директоры Гань Хуэй отыз жылдық ынтымақтастықтың ретроспективасында Қазақстан-Қытай қатынастарының жай-күйі мен дамуына жоғары баға бере келіп, әсіресе экономикалық, гуманитарлық бағытта іске асқан жобалардың нәтижесі туралы айтып өтті.
Ал қол жеткен жетістіктерді саралай келіп, экономикалық және саяси жетістіктерге егжей-тегжейлі ғылыми талдау жасаған Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, ҰҒА академигі Серік Сейдумановтың айтуынша, екі елдің «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру жөніндегі табысты ынтымақтастығына және ауыл шаруашылығы, «жасыл» энергетика, жасанды интеллект, қаржы, электрондық сауда салаларындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Экономиканың болашағы зор салаларын дамытуды екі елдің ғалымдары зияткерлік тұрғыдан қолдаған жағдайда алдағы жылдарда ауқымды жетістіктерді көруге болады.
Келесі кезекте сөз алған саясаттану ғылымдарының докторы Ақан Бижанов екі ел ғалымдарының тарихи тату көршілік жолын және өңірлік экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ресурстық мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану барысына тоқталды. Ал оны әрі қарай дамыту үшін ғылыми тұрғыдан дамытуға мән беру қажет.
Халықаралық симпозиум сарапшылары 30 жылдағы өзара тиімді саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық негіздері мен жетістіктерін саралай келіп, әсіресе елеулі кезең ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылғы қыркүйекте Қазақстан астанасында Жібек жолының экономикалық белдеуін бірлесіп салу туралы бастамасымен байланысты екеніне ерекше тоқталды. Осы бастама аясында экономика, сауда және көлік, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастықты үйлестіру бойынша жобалар тың серпін алды. Осы орайда Қазақстан көрші елмен ынтымақтастыққа ерекше мән бере отырып, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы жобаларды дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр.
Сарапшылар екі ел қатынастарының пандемия кезінде тың серпілісте болғанын атап өтіп, алдағы уақытта Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын кәсіби тұрғыда жетілдіре түсу үшін зияткерлік бағытта өзара тиімді жобаларды қолдап, іске асыруға, әрі қарай нығайту үдерістеріне басымдық беруге байланысты ұсыныстарымен бөлісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.