Халқына қамқор болған – Ноғайбай би

0

Жетісу өңіріне белгілі шешен, би Ноғайбай Дәулетбақұлы ел билеген әулеттен шыққан. Ноғайбай Дәулетбақұлы 1834 жылы ата қонысы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сұлутөр өңірінде дүниеге келген. Дулат тайпасының Қасқарау руынан.  Атасы Малдыбай да, әкесі Дәулетбақ та қазақ, қырғыз жұртына белгілі би болған. Жастайынан алған тәрбиесінің, Құдай көкірегіне салған парасаты мен ақылының арқасында Ноғайбай бала кезінен дарынды шешен, саясатшы, би, дипломат деңгейіне көтерілген. Осындай дәрежеге  жетуіне өскен ортасының, әсіресе, әкесі Дәулетбақ би мен ұлы жүз, орта жүз арасындағы дауларды шешуге аянбай ат салысқан ұстазы – Кебекбай бидің  де үлесі зор.

Ол өмір сүрген кезеңде қазақ – қырғыз жерінің бір бөлігі Қоқан хандығына қарап, Пішпек, Тоқмақ, Ташкентті олардың ұлықтары биледі. Қоқан бектерінің зорлық-зомбылығына шыдамаған қырғыз-қазақтар әр жерде қарсылық көрсете бастайды.  Ал, екінші жағынан ақ патша қазақ жерінің солтүстік шекарасына шептер мен бекіністер тізбегін салып, батыс, солтүстік, шығыс жақ беттерін қоршауға алып, қазақ даласындағы Кіші жүз бен Орта жүзді өзіне қаратып үлгерген еді.  Жұрт олардың қайсысына бағынарын білмей екі жарылып тұрғанда,  Қасқарау руын билеп тұрған әкесі Дәулетбақ Қоқан ханына бағынуды құптағанда, Ноғайбай орыс ұлықтарына келіп: «әкемді тастап орысқа келдім, бала болсамда болыса келдім» деп әрі өжеттік, әрі дипломатиялық тапқырлық танытқан. Сөйтіп, Ноғайбай бидің билікке араласқан кезі қазақ даласының Ресей империясының қанды шеңгеліне біржолата өтіп, өктемдігі артып тұрған тұсқа тура келеді. Орыс армиясына қызметі үшін 1856 жылы майор шенін алады. Романовтар патшалығының 300 жылдығы тойына Санкт-Петербургке қырғыздан Шәбден, қазақтан Ноғайбай шақырылады. Сиқымнан меркілік жас болып Мейірді ертіп үшеуі бірге барады. Шәбден патшаға барыстың терісінен өзіне де, әйеліне де тон апарып сыйлайды. Ноғайбай әшекейлеп жасалған қазақтың киіз үйін тарту етеді. Патша Шәбденге подполковник, Ноғайбайға полковник шенін ұсынады. Сонда Ноғайбай: «Шәбден екеуміз қатар жатқан ағайынбыз, жасы менен үлкен, сондықтан полковник із» шенін осы кісіге беруіңізді сұраймын. Екінші тілегім – Шу өзенін шекара етіп қазақ – қырғыз арасын бөліп берің депті. Ақ патшадан Шәбден полковник, Ноғайбай подполковник, Мейір майор шенімен оралады. Патшаның пәрменімен Шу өзенінің екі жағы қазақ және қырғыз елдері болып белгіленеді. Сосын Ноғайбай Пішпекке баратын жолдың Шу өзеніне тақалған тұсына Жагор деген қарашекпендіні қоныстандырып «Ақ бұлым» бекетін салады. Бұл бекет деректі құжаттарда «Ноғайбай атындағы бекет» болып жазылып келген. Кейіннен бекет кеңейіп тұрғын үйлер көптен салына бастағанда алғашқы қоныстанушы Жагордың есімімен «Жагорский» аталып кеткені мәлім.

1865 жылы Ұлы жүз қазақтары Ресейдің  қол астына өткеннен соң, патша өкіметі қол астындағы халықтарды бір басқарманың астына біріктіру мақсатымен, қазақтарды басқарудың бұрынғы жүйесін толығымен өзгертіп, бұл өлкені өзінің әкімшілік жүйесіне енгізу шараларына кірісіп кетеді. 1865 жылы патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне ерекше Дала Комисссиясы шығарылып, Қазақ даласын басқару туралы «Ереженің» жобасын даярлауға кіріседі. Жаңа әкімшілік жүйе енгізу қарсаңында Ұлы жүз қазақтарын руластық негізде ауылдарға және болыстықтарға бөле бастайды. Бұдан кейін де бірнеше мәрте реформа жасайды. Сөйтіп, Жетісу өлкесіндегі жасалған әкімшілік-аумақтық реформаға сәйкес, қазақ ауылдарының руластық негізінде 22 болыстық құрылады. Соның ішінде құрылған Қасқарау-Сырымбет болысына Ноғайбай Дәулетбақұлы болыс болып тағайындалады.

Ноғайбай әкесі Дәулетбақ қайтыс болғанда әдейілеп Шудың бойына Кеңестің бас жағына – Күріш жеріне жерлейді. Осылай жерді бөліп алғаннан кейін 1860 жылдары Өтеғұлдың ұрпақтары сол маңға көшіп келе бастайды. Қытайдан көшіп келген дүнгендерге де Қарақоңыз өзенінің бойынан тастақтан жер берген. 1968 жылы Шу өзенінің Алмалы жақ тұсы да айқындалып, бергі беті қазақтарға қарады. Оны Шапырашты балалары еншіледі.

Осылайша, Ноғайбайсыз ешбір кеңес өткізілмей, дау – дамай бітпеген. Сонымен қатар, Сұлутөрде мектеп ашқызғандығы жайында да деректер бар. Ноғайбай бидің біліктілігі, ерен шешендігі, сырбаздығы, Шу бойындағы қырғыздарға зор ықпалы, орыс пен қоқан ұлықтарына жасап отырған амал – айласы  сонау Сарыарқаға дейін жайылған. Қазақтың небір атақтыларынан Абай, Шөже, Балуан Шолақ, Жамбыл, қырғыз ақыны Тоқтағұл әдейі іздеп келіп үйінен дәм татқан. Қырғыздың Тоқтағұлы: «Асып туған, Ноғайбай, Ноғайбай болмақ оңай ма-ай!» десе, Шөже: Арғы атаң арғымақтай Малдыбай би, Басындай Алатаудың бұлт шалған. Сен шықтың Қасқараудан Ноғайбай боп, Аруағың қалың орман тоғайдай боп, – деп толғапты. Қырғыз Шәбден манап: «Бұл Жетісуда Ноғайбайдан асатын адам баласы болмайды. Ноғайбай алғыс айтса атқан таңдай, қарғаса қара түндей қылады. Менің шенім үлкен. Ноғайбайдың бағы үлкен» деп бағалаған.

Ноғайбай би «Көп сөз – көбік, аз сөз – ақық» дейтін ұстанымына лайық «егескенді илеп, қағысқанды қағып, аңдысқанды, айтысқанды қыранша бүріп» өткен қайсар мінезді, от жүректі, көсем пікірлі қайраткер болған. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, ерте жастан бастап өткір ақылымен ерекшеленген, «адам баласының бет қаратпайтын қара тілді шешені, ақиық қыраны» атанған Ноғайбай Дәулетбақұлының туғанына бүгінде 190 жыл толып отыр. Ноғайбай бидің кесенесі Ноғайбай ауылдық округінде Шарбақты ауылында орналасқан. Кесене тарихи – мәдени ескерткіштер санатына жатады.

Ә.Ошақбай, аудандық Мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.