Осыдан 25 жыл бұрын егеменді ел болып, дербес даму жолына түскен мемлекетімізде әлемде теңдесі жоқ Қазақстан Халқы Ассамблеясы атты бірлестік құрылды. Оның негізін қалаған Елбасы Н.Назарбаев бұл институттың қоғамдық және этносаралық келісімнің негізі болатынына үлкен сенім артқан еді. Міне, ширек ғасыр өтіп, Қазақстан Халқы Ассамблеясы өзінің қажеттілігі мен маңыздылығын іс жүзінде дәлелдей білді.
Осы бірлестіктің дамуына біздің ауданның азаматтары да айтарлықтай үлес қосып жүргені белгілі. Ауданда отыздан астам ұлт өкілі тұрады. Қоғамдағы келісімді ұйыстыру, этномәдени бірлестіктермен байланысты жандандыру бағытында өңірімізде үйлесімді жұмыстар жасалуда. Бүгінде ауданда түрлі этностардың салт-дәстүрлерін сақтай отырып, этносаралық қатынасты нығайту мақсатында құрылған 9 этномәдени бірлестік жұмыс атқаруда. Осыған орай сәрсенбі күні этномәдени бірлестіктердің өкілдері аудан әкімдігіне шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Марапат иелеріне Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметіне ерекше үлесі үшін алғысын айтқан аудан әкімінің орынбасары Мырзағали Күзербаев этносаралық келісім туралы өз ойын ортаға салды.
— Ауданымызда Елбасының ұлтаралық тұрақтылық жөніндегі саясаты өз нәтижесін беріп қана қоймай, бүгінде аудан барлық сала бойынша облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінуде. Бұл біздің халқымыздың достығын, елдің ынтымағын білдіреді. Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің және өзімнің атымнан айтулы күнмен сіздерді құттықтаймын. Отбасыларыңыз аман, еліміз тыныш болсын, — деген Мырзағали Ыстыбайұлының сөзінен кейін марапат иелері де өз ойларын ортаға салып, алғыс сөздерін айтты.
Осыдан соң келесі азаматтар аудан әкімінің Құттықтау хаты және бағалы сыйлықтармен марапатталды: Станислав Насыров, Хаджибала Абдуллаев, Любовь Харченко, Салима Вансинвин, Шынар Саурукова, Камила Дургалова, Ислам Асадов, Эльсихан Гаджаев, Рустам Харсанов және Индира Дауткулова.
Еркін Қатбеков