ХАЛЫҚ – ОНЫҢ ШЫН АТЫ

0

Жасы егдеріп қалған бір қарт кісі үнін баяу шығарып, өзінше күбірлеп отыр. Жамбастаған қалпында көзін жұмып аспанға үңілген ол сәлден соң әлденені қайта есіне түсіргендей тебірене өлең оқуға кіріскен. Бұл жолы дауысы екпінді. Арындап аққан өзен сыңғырындай тұнық естіледі: «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым». Ол – Жамбылдың өзі емес. Ауылдағы тоқсаннан асқан ешкімге белгісіздеу қария. Дәурені өтіп бара жатқанын білсе де, Жамбыл жырын оқыған соң мәңгі өмір сүрердей аруақтанып кетеді. Жамбылдың киесі ме, жырлаған сайын тұңғиыққа батып бара жатқандай басын шайқай береді. Оның өлеңдерінде не құдірет барын кім білсін. Әйтеуір өзіне тым жақын бір күйдің қан тамырларына өлең боп тарап жатқанын сезінеді. Бұл алыс ауылдағы өзіміз куә болған қарияның бейнесі. Ол Жамбыл жырларын жатқа айтып, оған жалғап ара-арасында өз ойынан да қосып жіберетін. Жамбыл мен халықтың қарым-қатынасын айтқанда, дәл сол қартты көрсетуге болар еді. Өйткені оның Жамбылға ешқандай «қатысы» жоқ болса да оны әулиедей пір тұтатын. Жамбыл жырларының халықпен етене байланғанынан шығар. 

Жамбылды халық ауыз әдебие­тінің соңғы өкілі дейді. Ол өзіне де­йінгі жыршы-жыраулар өнегесін ­бойына сіңіріп, жиырмасын­шы ғасырға саф күйінде жеткізіп, ­аманаттап кетті. Жамбыл – жыршы, Жамбыл – жырау, Жамбыл – ақын. Бұның әрқайсысын жеке-жеке ­зерделеуге болады. «Сұраншы» мен «Өтеген батыр» дастандарының өзі неге тұрады. Жамбылдың совет­тік билікті, партияны жырлағаны ­туралы да түрлі пікірлер бар. 1936 жылы Мәскеудегі декадаға барып келгеннен кейін Жамбылға арнайы хатшылар тағайындалып, шығармаларын жазып алу тапсырылады.  Әдебиеттанушы ­Рафат Әбдіғұловтың айтуынша, үйіне келген жазушылар ­Жамбылды қоршап алып, «Жәке, мынандай дейтін адам бар, ­коммунист бар соны айтыңыз» деп ортаға алатын көрінеді. Сонда ­Жамбыл: «Ей, сендер мені неге ­зор­лайсыңдар. Сендер онан да менің өзімнің айтқандарымды ­жазып алмай­сыңдар ма?» дейді екен. ­Жам­­былдың «өз айтқандарым» де­генінен-ақ, оның ішінде жатқан қаншама қазыналары өзімен бірге кеткен бе деген ойға келесің. Не болса да, ауыз әдебиетінің соңғы өкілі Жамбыл Жабаев жазба әдебиетке де өзінің «жыр алыбы» атағымен енді. Жамбыл мұралары әдебиетіміздің жауһар қазынасына айналды. Ауыз әдебиетіне, дәстүрлі халық қазынасына сусындаған жан Жамбыл бұлағына кеп мауқын баса алады.

Жамбыл Жабаевтың шығарма­шылығы мен тұлғасы жайлы бү­гінгі әдебиет саласында жүрген жас­тардың пікірін тыңдаған едік.

– Жамбылдың есімі бала күнімізден әдебиет арқылы санамызға сіңді. Жыр алыбымен алғаш «танысқандағы» әсеріңіз қалай болды?

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Мен ата-әженің құшағында өскен, соларды «әке», «шеше» деп таныған баламын. Атам көненің көзі болатын. Естігені мен көргені, көңіліне түйгені мол еді. Әңгімеші, сөйлегенде сөздің түбін түсіретін нағыз шешен кісітұғын. Біз өскен жер – Ақсу-Қапал ықылым заманнан Жетісудың бір пұшпағы, ырысты да құтты атырабы саналатын. Жамбыл туралы ерте жасымнан естідім. Анық есте. Өйткені біздің әкейдің әкесі Аққұл бабам атақты Біржан мен Сараның айтысын өз көзімен көрген кісі болыпты. Жетісудың жүйріктері Сүйінбай, Толғанбай, Жамбыл, Бақтыбай, Қуат, Сара, Қалқа, Төребайлардың есімдері дастарқан басында үнемі айтылатын.

Кешқұрым ауыл ақсақалдары бір-бірінің үйіне жиылып, біз сияқты қара таныған балаларға «Бес ғасыр ­жырлайды», «Айтыс», «Алдаспан» сияқты жыр кітаптарын оқытып, өздері жастыққа қисайып, «Пәлі!» деп тамсанып жататын. Сондай рухани кештердің бірінде Жамбылдың кітабын оқытты. Алқақотан отырған ақсақалдарға сол ақшамның жыр сағатын мен «өткізіп» едім. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көроғлы» дастандарын оқығаным есімде қалыпты. Жамбыл бабаның сөз тіркестері мен ұтымды ойларына қызығып, қазыналы қарттарым «Апыр-ай!» деп қайран қалысып еді.

Сол кеште Жамбыл туралы біраз ­дерекке қанықтым. Біздің үйдегі ­ақ­сақалдың немере әпкесі Тұрысбекқызы Зылиха, Жетісудағы атақты бай Маман-Тұрысбек әулеті­нің тұқымы болған апамыз 1938 жылы Жамбыл-Жәкеңмен кездескен екен. Екеуі бірге түскен сурет те сақталған. Екі жақсының кез­десуі, сөз қағысуы ­туралы тың дерек естігенім бар-ды. Бірақ осы естіген әңгімем қағаз бетіне түспеген сы­қылды. Жамбыл бабаға қатысты естелік­терден кездестірмеппін. Сіздің сұрағыңыз есіме ескі бір оқиғаны түсіріп, жаңғыртып кетті. Бұйырса, биылғы ақынның мерейтойы аясында үлкендерден естіген сол әңгімені қаз-қалпында жазып, оқырманға ұсынармын.

Батырхан СӘРСЕНХАН, ақын:

– Жамбыл есімі – бала күннің күміс қоңырауындай ыстық әрі жақын. Алғаш мектеп оқулығына енген, майданнан оралмаған ұлы Алғадайды жоқтау өлеңін оқыдым. Жүрегімді жіңішке сезімімен осып жібергені сонша, бірден санама жатталып қалды.

Түнеу күнгі кеткеннен,

Ғали жаңа келдің бе,

Алғадайдың мүрдесін,

Жол-жөнекей көрің бе?

Топырағың торқа боп,

Тыныш ұйықта дедің бе,

– Қалай қыйып қалдырдың,

Қарт әкеңді еліңде?

Елжірейді өзегім,

Ауырады белім де…

Қаза болып көзелім,

Халім қиын менің де.

…Темір өзек пенде жоқ,

Өлмес адам елде жоқ.

«Орынсыз деп өлімі»,

Ондай ойлау менде жоқ…

Міне, осы шумақтар әлі күнге өмірдің кей тұсында ойыма оралады.

Әлішер РАХАТ, жазушы:

– Қазақ пен қырғыз елінің бас ақыны атанған жыр жолбарысының шығар­машылығымен мектеп қабыр­ғасында танысқанмын. «Алғадай туралы әрбір ой» деген жырын оқығаным есімде. Ол кезде нақты не сезінгенімді ұмытып тұрмын, алайда қазір не сезінетінімді айта аламын. Қаншама ғасырды қамтитын ауыз әдебиетінің көрнекті, әрі соңғы өкілдерінің бірі – Жамбыл Жабаев. Яғни Жамбылмен танысу – көшпелі қазақпен, қазақтың салт-дәстүрімен, аңызға айналған батырлармен танысу еді. Оларды «қоршаған сөздермен» жүздесу… Жамбылдың арғы шетінде – ашаршылыққа дейінгі қазақтың тіршілігі бар деп айтар едім.

 

– Қазақ поэзиясына Жамбыл әкелген өрнек-айшықтар несімен ерекшеленеді?

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Сөз жоқ, Жамбыл Жабаев – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Ол – баяғы сал-серілер мен жырау­лар­дың жалғасы, «Могиканның соңғы тұяғы» дейтіндей-ақ ірі тұлға. Жамбылдың поэзиядағы қолтаңбасы – ерте заманнан өзіне дейінгі барлық кезеңді қамтыған поэзиялық өлшем-бірліктерді жаңартқан құбылыс. Оның дастандары мен өлеңдері, айтыстары – бәрі-бәрі тек жыраулық әдебиеттің профессионалды жетістігі, мәдениетіміздің ерен үлгісі деп ойлаймын. Жамбыл абыздың сөзі – ұрпақтан ұрпаққа жететін асыл сөз, тағылымды мұра.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Жамбыл мұрасы ауыз әдебие­тімен біте қайнасып, жаңа заманның ай­шықтарымен әрленді. Ақынның сезіну түйсігі терең, тілі бай. Көп ақынның ішінен Жамбыл өрнегін лезде тануға болады.

Әлішер РАХАТ:

– Айтысқа тән тапқырлығымен, әрі дастанға тән эпикалық бояуларымен ерекшеленеді. «Патша әмірі тарылды», «Ленинградтық өренім», «Одақ», т.с.с. өлеңдері халыққа үндеу, жігерлендіру, арнау сияқты болып келеді. «Алғадай туралы әрбір ой», «Бұрымға», т.с.с. өлеңдерінде лирикалық сарын, ал «Батыр туы», «Сұраншы батыр», т.б. жырларында эпикалық реңк бар.

– Біз Бауыржан Момышұлын ­ата­ғанда дәстүрлі халық батырларының соңғы образын көргендей ­боламыз. Ал ­Жамбылды дәстүрлі халық поэзиясының соңғы өкілі деуге бола ма?

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Жамбыл – халық азаматы. Ғасыр жасаған ақын саналы ғұмырын туған жұртының ортасында өткізген. Ол – «келін емес, кесір» боп келген 1916 жылғы ойранды, Бірінші, Екінші жаһан соғысын көрген, үш революцияны да басынан өткерген тарих куәгері. Алапат қырғын ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ортасынан өткен-ді. Жамбыл мол мехнаттың да дәмін татып, Алғадайдай арысынан айырылып, жүрегі қан жылаған еді.

Жамбыл Николай заманында да, ­Сталин дәуірінде де халық сөзін сөйлеген кісі. Сондықтан Жамбылды қазақ өмірінен, мәдениеті мен тарихынан бөлек қарастыруға болмайды. Себебі Жамбылдың есімі халық деген ұғымның синониміне айналған. Жамбыл деген – халық, халық деген – Жамбыл.

Жамбыл Жабаев жырлары хатқа ­молынан түскен ақын. Суырып салма, төкпе ақын. Менің ұғымымдағы Жамбыл – табиғатынан ән-жырға құмар халық арасынан шыққан саф алтын, көмейіне Тәңір дарын мен талант сепкен біртуар бірегей.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Ұлттың ішкі арманы мен аңсарын, мехнаты мен махаббатын ­Жамбылша жырлаған ұлт ақындары көп емес. ­Жамбылдан кейін де бұл сара жолды ұстанған дарабоздар бар. Бола да бермек.

Әлішер РАХАТ:

– Жамбыл – ауыз әдебиетінің соңғы өкілдерінің бірі. Сол үшін қазақ қаламгерлері Жамбылды «жыр алыбы» атады. Ол кісіден ауыз әдебиетіндегі бар қазынаны алып қалуға тырысты. Өйткені Жамбылдың шығармашылығы – ауыздан аузыға жеткен халықтың әдебиеті еді. Таным-түсінік, тарих-тағылым – бәрі соның ішінде. Өзіңіз білесіз, бірнеше жыр-дастанның Жамбыл айтқан нұсқасы бар. Айтысы – айтыс өнерінің «алтын қорына» жатады. Патша үкіметіне қарсылығын білдірген жырлары бар. Романовтардың 300 жылдығына арнау айтпаймын дегені үшін түрмеге жауып, бір топ ақындар мен халық Жамбылды босатуын талап еткен соң, босатқан делінеді. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде шығарған жырлары бар, мұның бәрі оның поэзиясына «азаттыққа ұмтылыс» бояуын қосады.

– Жаныңызға жақын Жамбылдың бір өлеңін талдап берсеңіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Жамбылдың өлеңі дегенде менің есіме бірден оның «Сырттанға» атты ­арнауы оралады. Сырттан – Найманның ­Матай деген атасынан тараған Жетісуға аты мәлім батыр, өз заманының белгілі кісісі. Сырттан – қазақтың алғашқы Конституциясын жазған заңгер, ­реформатор, Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының әкесі. Осы өлеңнің тарихы туралы аз-кем айта кетейін.

1881 жылы Алматыда үлкен жәр­меңке өткен-ді. Жәрмеңкеге Жеті­судың атақты бай­лары мен өнер­паздары жиылыпты. Ұлан-асыр ас беріліп, өнерпаздар өнер көр­сет­кен екен. Осы жиынға Сырттан Боқыұлы да қатысқан. Жәрмеңкенің ал­дын­да бірер жыл бұрын кейбір бай-бағ­лан­дар батырды кекетіп, мұқатқан екен. Бұл жайсыз әңгіме ақынның да құлағына жетіпті.

Алматыдағы ер балалар гимназиясында оқып жатқан екі баласын ертіп, базар аралап жүрген батырды көргенде Жамбыл ағасына арнайылап барып, сәлем беріпті.

Ертесінде Жетісу ұлықтары мен байлары ақындар айтысын тамашалапты. Жамбыл айтысқа шыққанда төрдегілерге қарап:

Қыдыралы, Құлшаннан

Құлаш ұрған Сырттаным!

Жерді болжап, күн шалған,

Жүргеніңді ұққанмын.

Қыдыралы, Есімбек

Эрентальды сабаған.

Ер туған ұл десін деп,

Бір кәдеге жараған!

Маманыңның өрені

Тиын-тебен санаған.

Құтылғалы кетіпсің,

Солар жапқан жаладан.

Енді ниет етіпсің,

Кім кірмеген қаладан.

Сеңдей қазақ аз шығар

Үміт қылған баладан.

Екі балаң жетілсе,

Құтыларсың табадан.

Дәметемін жетімше,

Сендей білгір ағадан, – деп батыр Сырттанды жырға қосыпты. Бұл арнау – батырдың кескін-келбетін, сол заманның оқиғасын шынайы суреттеген өлең. Осы өлеңнің мазмұнына қарап-ақ, Жамбыл-Жәкемнің момын­ның жақтасы, нақақ күйгеннің әділ төрешісі екенін байқауға болады.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Жамбылдың жаныма ең жақын жыры жоғарыдағы Алғадай жайлы өлеңі. Әде­биетшілер талдай жатар, бірақ бұл өлеңді тек ақынның талдағаны жөн деп білемін.

Әлішер РАХАТ:

– «Сұраншы Батыр» дастанында:

«Сыя сауыт, қаламсыз,

Дәптер кітап қағазсыз,

Ой қозғаған домбыра

Сөз қозғаған домбыра» деп келеді де, «жасымда айтқан жырлардан, ес­керт­кіш еді батырға» дейді. Жамбыл жырменен ескерткіш қойды. Дәптер, қаламсыз ой қозғады, себебі сол замандағы әрбір адам, әр қазақтың санасында ауыз әдебиеті өмір сүрді, яғни әр адамның санасында том-том дастандар, аңыз-ертегілер болды деген сөз. Соншама ғасырлық әдебиеттің бір парасын Жамбыл ашып берді. Сол үшін де жыр алыбы саналады.

Әзірлеген

Нұрлайым БАТЫР

 

 

 

 

ЖАМБЫЛДЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫ

 

Әдетте, жыр алыбы Жамбыл ­туралы айтқанда, ең алдымен, оның сан қырлы талант иесі болғанын тілге тиек етеміз. Керемет жырау, таңды таңға ұрып айтатын жыршы, сыншыл ақын, тіпті дәулескер күйші болған еді дейміз. ­Алайда осы бір белгілі тұлғаның жұртшылыққа белгісіз тағы бір ­тамаша қыры болғанын көпшілік біле бермейді. Ол – Жамбылдың мәрттігі мен жомарттығы жайындағы әңгіме. Міне, бүгін ұлы ақынның жұртшылық назарынан тыс қалып жүрген адамгершілік қыры жөнінде бір қайырым сөз қозғамақпыз.

Бұл – осыдан он шақты жыл бұрын болған оқиға. Ойламаған жерден Алматы қаласының маңындағы Көкқайнар ауылында қонақта болдық. Біз түскен үйде көненің көзіндей көретін қариясы бар екен. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» демекші, үйге қонақтар келді деген соң, қарияның өтінішімен осы ауылға сыйлы біраз ақсақал-қарасақалды кешкі асқа қоса шақырыпты. «Қонақтар зерігіп қалмасын, дастарқан басында ауыл азаматтарымен емен-жарқын шүйіркелесіп отырсын» депті үлкен кісі. Кеңпейіл қазақтың қашаннан бергі әдеті осы ғой. Шақырылған кісілердің арасында түр-келбеті қазақтан гөрі таулықтарға көбірек келіңкірейтін сексендерді алқымдаған бір ақсақал ерекшеленіп отырды. Өзі анда-санда басын изеп әңгімешілерді құптаған кейіп танытқаны болмаса, көп сөзге жоқ сияқты көрінді.

Дастарқан үстінде алыстан орағытып, жақыннан желдіртіп түрлі әңгімелер айтылады. Бір кезде әңгіме төркіні өзінен-өзі Жамбыл бабамызға, оның ақындығы мен жыршылық қасиетіне ойысты. «Е, Жамбыл тәтеміз айдарынан жел ескен ұлы жыршы еді ғой» десті бір қария. «Несін айтасыз, Жамбыл домбыраның құлағында ойнаған асқан күйші болды, қазақ-қырғыз күйлерін шебер орындайтын, жарықтық» деп оны тағы біреуі қостады. Міне, осы кезде әлгіден бері үндемей отырған таулық қария әңгімеге араласты. Өзін Әли Мурсайдов (Әлде Мусайдов па екен, аты-жөнін ұмытыңқыраппын) деп таныстырған ақсақалдың ұлты шынында әзербайжан екен.

– Мен басқа ұлттың өкілі болғандықтан қазақтардың ішкі ісіне араласа бермеймін. Оны қазақ бауырларымның да ұнатпайтынын білемін. Ал Жамбыл жәкем туралы әңгімеге келгенде, мен үндемей отыра алмаймын. Мына жазушы балалар келіп қалған екен, соларға Жамбыл атамыз жайлы бір әңгіме айтып берейін, естерінде жүрсін, – деп бастады әңгімесін Әли ақсақал. –Қызыл үкіметтің қанды қасап қырғынын осы отырғандар барлығыңыз да білесіздер. Әсіресе, Сталиннің қас-қабағын баққан жендеттер түркі халықтарына қырғидай тиді емес пе. Империяның қанды шеңгеліне іліккен халықтар – әзербайжан, шешен, ұнғыш, неміс, кәріс, месхет түріктерін кір жуып, кіндік ­кескен атамекендерінен ешқандай ескертусіз бір-ақ күнде жер аударды. Бұл қуғын-сүргін 1937 жылдан 1945 жылға дейін, он жылға жалғасты. Сойқанның қатты болғаны сондай, қолдарына басы артық киім-кешек пен азық-түлік те алып үлгермеген, дұрысы әдейі алдырмаған. Жолда барынша көбірек қырғын тапсын дегендері болса керек. Жер аударылғандарды тауар вагондарына мал сияқты айдап тиеп, бір ай бойы селкілдетіп алып жүрді. Суыққа тоңған, аштыққа шыдай алмай бұратылған әлжуаз қарттар мен жас балалар жолда ондап, жүздеп қырылды. Өлгендердің мүрделерін жерлеуге рұқсат бермеді, жол жиегінде ашық-шашық қалып жатты. Капқаз халықтарын көбіне Сібір мен Қазақстанға жер аударды ғой. Жер аударылып келгендер сонда қазақ деген халықтың жақсылығын көп көрді. Қазақтар бірде-бір ұлтты жатсынған жоқ. Үйлерінің бір бұрышын босатып бергенімен қоймай, өздері аш-жалаңаш отырса да, бізбен бір жапырақ нанын бөлісті. Өздері зарлы, мұңлы, көздері жасқа толы болса да, ешкімді өзекке теппеді. Қайта «бауырым» деп бауырына тартты. Ол жақсылықты қалай ұмытасың?!

Сол нәубет жылдары Қазақстанға жер аударылып келген отбасының бірі біз едік.

Біздің отбасымыз Арменияда тұратын. Дұрысы, Арменияға өткен әзербайжан ауылында өз атамекенімізде болатынбыз. Халықтан сөз қалған ба, НКВД-ның сүліктей қара мәшинесін жергілікті тұрғындар «қара қарға» деп атайтын. «Қара қарғалар» біздің ауылға да жиі-жиі соғатын. Олар келіп кеткен  түннің ертеңіне ауыл ұлардай улап-шулап қалатын. Бір күні түн жарымда сол «қара қарға» біздің үйге де келіп, әкеміз Жалал Мурсайдовты күштеп салып алып кетті. Келесі күні шешемді балаларымен басқа бір мәшинеге тиейді. Қара киімді жендеттер қолға ештеңе алдырмайды. Тек сабаннан жасалған көрпе-жастық алуға ғана рұқсат беріпті. Ол кезде мен небәрі екі жастағы нәресте екенмін. Бізді тауар пойызына отырғызған соң, түнгі сағат 12-де әкемізді әкеп, ортаға қосыпты. Қорқыту-үркітуден әбден зәрезап болған әкеміз бұрынғыдай емес, жақ ашпайтын болып алған. Көбіне үнсіз отырады екен. Содан, әкемнің ­айтуынша, аттай 23 күн бойы жолда жүріппіз. Үш апта бойы  көрмегенді көріппіз, керек десеңіз, табиғи қажетті өтеу үшін де далаға шығармапты. Бұдан өткен қорлық бола ма?! Бізді тиеген пойыз алдымен Куйбышев деген қалаға алып келіпті. Үсті-басымыздың бәрі биттеп кеткен, жағдаймыз өте нашар. Сол жерде бізді моншаға түсіріп, жуындырып алған соң, қайта вагондарға тиеп, тағы жүріп кетеді. Тек үлкендер шығысты бетке алып келе жатқандарын шамалайды екен. Сол жүргеннен жүріп отырып, әрең дегенде Алматыға алып келді. Вокзалда екі-үш күн тағы жатып қалдық.

Сөйтіп, әбден арып-ашқан, қалжыраған, киімдері тозған әзербайжандарды басқалардан бөліп алып, осы Көкқайнар ауылына орналастырған көрінеді. Әрине, бұл жерде ешқандай жұмақ күтіп тұрған жоқ еді, бұрын сотталғандар тұрған ағаш барақтарға таратып жайғастырыпты. Улаған-шулаған, аш-жалаңаш халық не істейді? Еті тірі бірнеше кісі кеңес құрып, ақылдасып жергілікті қазақтардан көмек сұрайды. Ел басына күн туған осындай ауыр кезеңде қазақтар пана сұрап келгендерге адамгершілік танытып, бір жапырақ нандарымен бөлісіпті, бауырына басыпты, бөтен деп шетке теппепті, кеудесінен итермепті. Міне, Көкқайнарға жер аударылғандардың келіп қоныстанғанын, жағдайларының өте ауыр екенін естіген ­Жамбыл халықпен танысу үшін ауылға арнайы соғыпты. Бұл кезде Қазақстанда да қуғын-сүргін белең алып, «қара қарғалар» қазақтың көзі ашық зиялыларына жазықсыз шүйлігіп, абақтыға қамап, ал олардың әйелдері мен балаларын Карлаг пен Алжирге тоғытып жатқан нәубет күндер жүріп жатқан еді. Жұрт үреймен күн көретін. Соған қарамай, Сталиннің сұсты саясатынан қаймықпаған Жамбыл ата «халық жауы» деп танылған өзге ұлт өкілдерінің басына түскен қайғы-қасіретті көріп, қабырғасы қайысыпты. Жігері жасыған, еңсесі түскен әзербайжандарға жырымен жігер беріп, демеу болыпты. Менің түсінігімде, бұл батырдың батырының ғана қолынан келетін үлкен іс еді. «Қазақтың үлкен озаны (жыршысы) келіпті» дегенді естіп, әкем бастаған бір топ әзербайжандықтар алдынан шығып сәлем беріпті. Олар ұзақ сөйлесіпті. Үлкен кісілердің не жөнінде сөйлескендерін білмеймін, бірақ Жамбыл ата содан кейін жер аударылған әзербайжандарға арнап бір мәшине кездеме мата әкеліп берген екен. Әбден тозып ескірген шоқпытпен жүрген халық қазақтың ұлы ақыны сыйлаған матадан су жаңа киімдер тігіп киіп, қуанысып қалыпты. Таршылық, жоқшылық үстемдік еткен қиын заманда бір мәшине кездеме тауып сыйлау деген ол кезде өте бір қиын шаруа еді. Бірақ Жамбыл ата оның жолын тапқан сияқты. Мұндай қамқорлықты ұмыту мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Осылай Жамбыл атамыздың мәрттігі мен жомарттығының арқасында, біз бірсыпыра киімді болып қалғанымыз бар, – деп тебірене әңгімеледі Әли ақсақал.

Куәлердің айтуынша, бір көзіне бір көзін қарауыл қаратқан сол бір үркіншілік заманда Армениядан жер аударылып келген аш-жалаңаш әзербайжан халқына қамқорлық жасап, киіндірген жыр алыбы Жамбылдың бір мәшине кездеме матаны кімнен және қалай алғаны осы күнге дейін белгісіз екен. Керек десеңіз, оның осындай орасан көлемде мәрттік, жомарттық жасағанын көпшілік жұрт біле де бермейтін көрінеді. Ал көкқайнарлық әзербайжан бауырлар болса, ұлы ақынның сол бір қайырымды ісін әлі күнге дейін жүректері елжірей отырып еске алады.

Иә, бауырлас әзербайжан халқының басына түскен сол бір сындарлы кезеңде арнайы ат басын бұрып келіп, жырымен демеген, оларға қайрымдылық қолын созып, күш-қуат берген, сөйтіп еншілес екі елдің арасындағы өзара сенімді нығайтуға айтарлықтай үлес қосқан Жамбылдай ұлы жүректің өмірде болғаны қандай ғанибет! Біздіңше, жыр алыбының бұл ісін басқаларға үлгі ретінде үлкен мақтанышпен айтып жүру керек.

Аспан айналып жерге түсіп, жер төңкеріліп кетсе де жақсылардың жақсы ісі ешқашан ұмытылмайды деген – осы! Ендеше, бір қайырым сөзіміздің соңын Жамбыл Жабаевтың мынадай өлеңімен аяқтағымыз келеді:

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашанда жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға.

Баршаңызды ұлы ақынның рухы қолдай берсін!

Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.