Қордай ауданы әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы бірлескен есебі сейсенбі күні түс ауа Қаракемер ауылдық округінде жалғасын тауып, бірқатар өзекті мәселелердің түйіні тарқатылды. Құрамына шалғайда орын тепкен Керу ауылы кіретін іргелі елді мекенде былтырғы жылы ауқымды жұмыстар қолға алынып, Атымтай Жомарт азаматтарымен аты шыққан ауылға байланысты жаңа жоспарлар жайы да сөз болды кездесу барысында.
Аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысқан ауылдық мәдениет үйіндегі жиынға ауыл тұрғындары көптеп жиналып, жергілікті билік өкілдерінің өткен жылы атқарған жұмысы жайындағы баяндамаларына мұқият құлақ асты. Есепті кездесу барысында бірінші болып ауыл әкімі Рашид Алыбаев баяндама жасаса, келесі кезекте Мәден Мұсаев Қаракемер ауылдық округі тұрғындарын Алғыс айту күні мерекесімен құттықтап, одан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық саласындағы жетістіктерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы көрсеткіштерді жіпке тізіп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Баяндама барысында жолдарды жөндеу, ауыз су жүйелерін қалпына келтіру, елді мекендерді газбен қамту, тұрғын үй салу мәселелері де аудан әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Осылайша, азаматтарды мазалаған әрбір жәйтті егжей-тегжей баяндаған Мәден Тоқтарбайұлы ауыл тұрғындарының сұрақтарын тыңдады.
Ең бірінші кезекте ауыл ақсақалдары ауылдағы пошта мәселесіне қатысты шағымын айтып, ғимараттың іші суық, төбесі тесік екенін алға тартты. Ұзақ уақыт жөндеу көрмеген пош-та ғимаратын ретке келтіріп беруді қаракемерліктер бұрыннан бері сұрап жүрген болатын. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі аудандық поштаның басшысына ескерту жасап, тиісті тапсырма берді. Маманның айтуынша, биыл ауылдардағы пошта ғимараттарын жөндеуге мекеме басшылығы тарапынан қаржы бөлініп, бұл іс жақын арада шешімін таппақ. Барлығы ойдағыдай болса ғимараттың іші-сырты жасалып, жылыту жүйесі де іске қосылмақ.
Сонымен қатар, жиын барысында ауылдың шеткі көшесіндегі жарықтандыру мәселесі белгілі болды. Бұл жағымды жаңалыққа ауыл тұрғындары ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін тұрғындар Керу ауылына барар жолға, жедел жәрдемге, ауылдың маңындағы қоқыс орнына, “Қарасу” шекара бекетінің маңындағы көлік кептелісіне қатысты сұрақтарын қойып, құзырлы мекеме мамандарынан жауап алды. Мәден Тоқтарбайұлы ауыл азаматтары көтерген сұрақтар бойынша нақты жұмыстар атқарып, жауаптыларға жуық арада нәтижесі туралы ақпарат беруді тапсырды.
Осыдан кейін тұрғындар аудан басшысының жұмысын жоғары бағалап, алғысын білдірді.