ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

0

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойына орай жазушының шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мен халық театрларының шеберлігін шыңдауға бағытталған «Театр өмір айнасы» атты облыстық халық театрлары фестивалі өтті.

М.Әуезовтың 125 жылдығын атап өту, халық театрларының қойылымы арқылы оның өмірі мен шығармашылығын насихаттап, халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған шараға Жамбыл облысы аудандары мен Тараз қаласынан 12 халықтық театр ұжымдары қатысты.
Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткен шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, өнерпаздарға жылы лебізін арнады.
Халық театрларының өнерін ҚР еңбек сіңірген артисі, қазылар алқасының төрағасы А.Сейілханов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Н.Абдуллаев, Жамбыл облысы халық театрлар одағының төрайымы Э.Асылбекова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Б.Ізбасаров және А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының труппа меңгерушісі Б.Көпжасаров бағалады.
Облыстық өнер фестиваліне Қордай аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театры да қатысып, бақтарын сынады. Ауданнан барған өнерпаздар М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының желісінде жазылған «Махаббатсыз дүние бос» қойылымын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Облыс орталығы тұрғындарын өнерімен тәнті еткен аудандық халық театрының әртістері алғыс хатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.