«ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

0

«Аманат» партиясы аудандық филиалында Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбеков фракция мүшелері алдында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының ауданда орындалуы бойынша есеп берді. Бірнеше бөлімнен тұратын бағдарламаның Қордайда іске асып жатқанына тұрғындар куә, ал, алда қолға алынатын жүйелі жұмыстар да жетерлік. Ол бойынша аудан басшысының баяндамасына

шолып өтсек.

                 

 Бағдарламадағы 80 көрсеткіштің 55-і 2024 жылға қатысты екен. Ағымдағы жылдың І-ші жартыжылдығында жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 55 көрсеткіштің 17-і орындалса, қалған  көрсеткіш орындалу барысында.  Олар бойынша Бегзат Сейсенқұлұлы жекелей тоқталып өтті. Мәселен, су қоймаларын реконструкциялау бойынша 2024 жылы Қарақоңыз су қоймасы жоспарланып, қазіргі таңда аталған нысанға «Биосфера» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізіліпті. Жамбыл облысындағы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде ауыл халқына 300 микрокредит беру жоспарланып, «Ауыл Аманаты» жобасының 2-бағыты бойынша (мал шаруашылығы) Сарыбұлақ ауылдық округінде 75 адамға, Қақпатас ауылдық округінде 67 адамға несие беру жоспарлануда. Жалпы барлығы 142 адамға несие беру көзделсе, бүгінгі күнге 94 адам қажетті қаржысын алып үлгерген.  Қалған 48 тұрғынның құжаттары облысқа жолданып, қаражат түседі деп күтілуде.

Сайлауалды бағдарламада тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға 125 грант беру  жоспарланса, аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан 95 азаматқа мемлекеттік грант берілген.

Аудан басшысы толығымен орындалған индикаторларға да ерекше назар аударды. Мәселен, суармалы жерлердің жалпы алаңын 22,1 мың га дейін жеткізу жоспарланып, ол толығымен орындалса, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып жыл сайын кемінде 388 жұмыссыз азаматтарды білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің жұмыс орнындарында оқыту бойынша жоспар 40 адам болса, нақты 75 азамат оқу курстарына жолданып, бұл жоспар артығымен атқарылған.

Партия бағдарламасында халық денсаулығына да айрықша мән берілген. «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 1 ФАП құрылысы жоспарланып, Сұлутөр ауылында 5 келушілерге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілгені де айтылды.

Жамбыл облысынан шыққан танымал тұлғалардың мұрасын дәріптеу,  «Ұлттық мұра» жобасы аясында да жұмыстар қолға алынып,  «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы»,  «BIR TOLQYNDA» «Кедергісіз келешек», «Qaisar», «TazaLike»   партиялық жобалары аясында көптеген шаралар қолға алынуда. 

Аудан басшысының баяндамасынан кейін фракция мүшелері бірқатар сұрақтарын қойып, оларға лайықты жауап алды. Ал, сұрақтардың кейбірі назарға алынып, ол бойынша жауапты мамандар жұмыс жүргізетін болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.