Былтыр халықтың нақты табысы 2022 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға өскен. Дегенмен үй шаруашылықтарының («бір отбасы» деп те түсінуге болады – ред.) шығыны да өскен. Табыс құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Жалдамалы жұмыстан түскен кірістердің үлесі өзгеріссіз қалып, шамамен 65% деңгейде сақталған. Кірістер құрылымындағы әлеуметтік трансферт үлесі төмендеп, жыл соңына қарай 21%-ды құраған. Бұл динамика пандемия жағдайында табысынан айырылған азаматтарға көмек көрсету шеңберінде жәрдемақы төлеу көлемінің және басқа да қолдау шараларының азаюына байланысты болуы мүмкін.
Инфляция баяулады
Бұл туралы Ұлттық банктің 2023 жылға арналған қаржылық тұрақтылық есебінде жарияланды. Құжатта елдің қаржы жүйесі, экономикадағы жүйелік тәуекелдер мен өсу факторлары талданған. Зерттеушілердің айтуынша, 2023 жыл ел экономикасының барлық саласы үшін «бетбұрыс» жылы болды.
«2023 жылы қаржылық тұрақтылыққа әсер ететін тәуекел факторлары қалыпты деңгейде болды. Қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздік жыл бойы несие берудің неғұрлым төмен өсу қарқыны мен жылжымайтын мүлік нарығындағы баға өсімінің баяулауы аясында төмендеді. 2023 жылы инфляцияның 9,8%-ға дейін төмендеуімен қатар, экономиканың 5,1%-ға едәуір өсуі байқалды. Теңге бағамының құбылмалы болуына сыртқы факторлар әсер етті», делінген зерттеуде.
Долларлану деңгейі төмендеді
Долларлану деңгейі кейінгі 16 жылдағы минимум нүктесіне жеткен. Бұл үдеріс негізінен ірі валюталық салымдардың шығарылуы, теңгелік депозиттер тартымдылығының өсуі және бағамдық қайта бағалау есебінен болды. Валюталық салымдар үлесінің айтарлықтай төмендеуі бөлшек және корпоративтік сегменттерде де байқалады. Банк жүйесі бойынша нетто ашық валюталық позиция едәуір құбылмалылыққа ұшырамай, шекті мәндерден аспады.
Көпшілік қолындағы долларын айырбастап, сыйақысы жоғары теңгелік депозиттерге сала бастаған. Ал қалталылар, керісінше, долларын сақтап қалуға бекінген.
«2023 жылы долларлану деңгейі мен депозит мөлшері арасында оң байланыс байқалды: салымдағы сома неғұрлым көп болса, оның долларлану деңгейі де соғұрлым жоғары болды. Мысалы, сомасы 1 млн теңгеге дейінгі жинақтарда доллардың үлесі 5,9%-ға дейін кеміді. 500 миллион теңгеден асатын депозиттерде доллар үлесі 63,8%-дан асады», деп жазған Ұлттық банк сарапшылары.
Былтыр отандастарымыздың депозиттерге салған қаражатының нетто-ағыны 4,8%-ға, яғни 160 млрд теңгеге ұлғайды. Халық жинағын теңгеде сақтауды жөн көреді. Бір жыл ішінде жеке тұлғалардың төл валютадағы депозитінің көлемі 3 трлн 758,4 млрд теңгеге ұлғайған.
Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, жаһандық экономиканың өсуі 2022 жылғы 3,5%-дан 2023 жылы 3,2%-ға дейін құлдыраған. Биыл жаһандық экономика өсімі 3,2% ғана болады деген болжам бар. Тоқырау басталған. Оған – әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуі себеп. Экономиканың жаһандық өсімі төмендегеніне қарамастан, еліміздің экономикалық өсу қарқыны жаһандық экономиканың өсімінен жоғары болып отыр. Біздегі ІЖӨ-нің нақты өсімі 2022 жылы 3,2% болса, 2023 жылдың қорытындысында 5,1%-ға дейін артқан.
Тұрғын үй нарығы тұрақталды
2023 жылы жылжымайтын мүліктің бастапқы нарығындағы баға наурыздан бастап біршама өсім көрсетті. Қайталама нарықтағы баға 2023 жылғы үш тоқсан бойы төмендеп, төртінші тоқсанда аздап қалпына келді. Жеңілдік қарастырылған бағдарламалар көлемі айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, жылжымайтын мүлік нарығындағы баға тұрақталып, белсенділік жоғары деңгейде қалды. Номиналды түрде бастапқы тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы – 494,9 мың теңгені, Алматыда – 577,6 мың теңгені, Астанада 588,8 мың теңгені құраған. 2023 жылы тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәміле саны 465,8 мыңнан 370,6 мыңға дейін азайған.
«2023 жылдың соңына қарай қайталама нарықта жылжымайтын мүліктің орташа бағасы 3,7%-ға төмендеді. 2022 жылы тұрғын үй жылжымайтын мүлі¬гінің орташа айлық бағаларының айтарлықтай өсуінен кейін 2023 жылдың басынан бастап қайталама нарықтағы орташа бағалардың кері түзетілуі байқалады. Сондай-ақ 2023 жылдың соңында бас¬тапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасының көрсеткіштері абсолюттік мәнде теңесті», деп жазылған есепте.
Номиналды тұтыну шығындары
Азық-түлікке жатпайтын шығыс үлесі өткен жылмен салыстырғанда 5,0%-ға төмендеді. Ақылы қызметтердің үлесі 3,5%-ға өсті. Салық және басқа төлемдер үлесі 10,9%-ға артты. Азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығын үлесі алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ.
«Бұл жағдай болашақта инфляциялық қысымның алғышарттарын жасайды. 2023 жылы номиналды тұтыну шығындары 13,2%-ға өсті, бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығынның өсуіне байланысты. Азық-түлік шығындарының номиналды өсімі 2023 жылы 14,3%-ды құрады», делінген есепте.
Азық-түлік пен жанар-жағармай материалдары бағасының қымбат болуы табысы төмен тұрғындарға ауыр тиеді. Азық-түлік шығыстарының тұтыну шығыстарына қатынасын қарастыру кезінде табысы ең аз үй шаруашылықтары үшін бұл көрсеткіш 63%-дан асқан. Макро-экономикалық шоктар, одан әрі инфляциялық қысым мен кіріс шоктары үй шаруашылықтарының несиеге қол жеткізуіне және оны төлеуіне де теріс әсер етуі мүмкін.