ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНА 10 ЖЫЛ

0

Кез келген мемлекеттегі ең өзекті әрі маңызды проблемаларының бірі – халықты жұмыспен қамту мәселесі. Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мемлекеттің дамуын айқындайтын басты көрсеткішінің бірі саналады. Осы орайда, елімізде халықты жұмыспен қамтудың кешенді шаралары әзірленіп, бүгінде ол өз жемісін беруде. Ал, осы мәселенің шешілуіне жәрдемдесетін мекеменің бірі – халықты жұмыспен қамту орталықтары. Елімізде аталмыш орталықтар 2011 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.

Қордай ауданындағы жұмыспен қамту орталығы да 2011 жылдың 1 шілдесі күні ашылды. Жұмыссыз жүрген азаматтарға «екі қолына бір күрек» тауып беруді мақсат еткен орталық ашылған сәттен бастап 2017 жылға дейін «Жұмыспен қамту» және «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламаларына басымдық берсе, 2017 жылдан қазіргі таңға дейін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда.

Бүгінде орталықты Саламат Көпешов басқарады. Ол осы мекеменің ашылған күнінен бастап жұмыс істеп, қарапайым қызметкерден директорға дейін көтерілген азамат. Орталық ашылғанда мұнда 15 адам қызмет етсе, бүгінде олардың саны 31-ге жетті. Негізі қаланған күннен бастап қазіргі күнге дейін еңбек етіп жүргендер Жамиля Абасова, Сәуле Төкенова, Серік Арданов, Әйгерім Абдраимова, Айнұр Қасымханова, Айман Сағындықова және алғашқы директор болып, бүгінде зейнетке шыққан Күлшат Ермұхаметованы атап өтуге болады. Осыған орай орталықтың мерейтойы қарсаңында аудан әкімі Рүстем Дәулет барлық қызметкерлерді қабылдап, 10-жылдықпен құттықтап, орталықтың дамуына сүбелі үлесін қосқан аталмыш азаматтарды марапаттағанын атап өту керек.

Жалпы, 10 жылда жұмыспен қамту орталығын 4 басшы басқарған екен. Олар – Күлшат Ермұхаметова, Бақыт Сахатов, Оразқұл Сейдекеш және қазіргі директор Саламат Көпешов. Директордың айтуынша, халықты әлеуметтік қорғау саласына стреске төзімді, шыдамды және мейірімді жандар қызмет етеді.

Сырт көзге қарағанда оңай көрінетін жұмыс шындығында өте ауыр. Адамдар әр түрлі болады. Әр азаматқа ерекше қарым-қатынас қажет. Ал, біздің міндетіміз – орталыққа қайырылған әр тұрғынға сапалы, кәсіби түрде жәрдем беріп, қызмет көрсету. Біздің мамандар жұмыссыз азаматты тіркеу, оған жұмыс орнын іздестіру, әлеуметтік төлемдерді тағайындауға жіберу, жергілікті еңбек нарығын тұрақты түрде мониторинг жасау сынды өзге де шараларды атқарады. Халықты жұмыспен қамту орталығы халыққа және жұмыс берушілерге барлық мемлекеттік қызметтерді тегін көрсететінін атап өткім келеді, — дейді орталық директоры.

Орталықтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсек. Мысалы, биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында 50 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, жаңа мамандықты игерді. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 507 азаматқа жолдама берілді. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін аз пайызбен 60 адамға микронесие үлестірілді. Ал, 300 азамат мемлекеттен қайтарымсыз гарнт алып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 1227 азамат және де әлеуметтік жұмыс орнына 90 азамат жолданып, оның 9-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал, жастар тәжірибесіне 90 азамат жіберіліп, оның 21-і тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасты. 10 отбасы немесе 25 адам еңбек күші тапшы Солтүстік өңірлерге қоныстанды. Осының барлығы қажырлы еңбектің жемісі екені шындық.

Бұл орталық он жылдық тарихында көптеген жанұяның қиын жағдайдан шығып, жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлер санатына енуіне жол ашты. Қаншама жерлесіміз қайтарымсыз грант және кәсіптік білім алып, өз істерін бастап кетті. Білікті қызметкерлер жылда алға қойылған көрсеткіштерге қол жеткізіп, Тәуелсіз қазақ елінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Ауданымыздың әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында қажырлы еңбектеріңіз еленіп, ел игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер!

 

Еркін Қатбеков

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.