«ХЭЛЛОУИН» ҚАЙ АТАҢНАН ҚАЛЫП ЕДІ?

0

Елімізде қазақи салт-дәстүрімізге жат келетін шетелдік мерекелерді тойлау әсіресе жастар арасында сәнге айналған. Олардың қатарында көзге түрпідей тиіп, оғаш көрінетіні – Хэллоуин. Бұл күнді адамдар үрей тудыратын костюмдер мен бетперделерді киіп, үйлері мен дәмханаларды қорқынышты бұйымдармен безендіріп, «сән салтанатымен» қарсы алады. Әлем бойынша 31 қазан күні атап өтілетін бұл мереке осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-та тойланатын еді, кейінірек Еуропада, бертін келе біздің елімізде де танымалдылыққа ие бола бастады.
Жалпы «қорқыныш түнінің» тарихына келетін болсақ, христиандық дәуірге дейін қазіргі Англия мен Ирландияның, және Францияның аумағында кельт тайпасы өмір сүрген екен. Кельттер күнді өздерінің жоғары құдайы деп санап, күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады деп ойлаған. Осыған байланысты олар 31 қазанды Самхэйн мейрамы деп атап, тойлаған. Бұл мейрам сондай-ақ, күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жыл бітіп, жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен, ерекше мәнге ие болған. Қарап тұрсаңыз тарихи бастауы қазақтың сабантой дәстүріне ұқсас. Дегенмен, ХІХ ғасырда бұл күн қазіргі сипаттағы жын-ойнақ мерекеге айналған.
Өзге елдердегідей, қазақ қоғамында хэллоуинді тойлауға деген құштарлық жыл санап артпаса, кеми қойған жоқ. Бұл күн жақындағанда еліміздің ірі қалаларында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар бет-ауыздарын адам көргісіз етіп бояп, дәмханаларда арнайы шоу-программалар дайындалады. Тек жастар ғана емес, өткен жылдары тіпті қалалық жекеменшік балабақшалар мен мектептерде де атап өтілгені өкінішті-ақ. Кейбіреулер бұдан оғаштық көрмес. Бірақ бұл мерекеден жас ұрпақтың іліп алар пайдалы дүние, жарық сәуле жоқ. Сондықтан хэллоуин сияқты біздің ұлтымызға, салт-дәстүрімізге жат, бөтен мерекелерді тойлауды доғарсақ игі.
«Хэллоуиннің» Ислам дінінің қағидаларына қайшы келетіні жайында ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы: «Мүмін мұсылман мұндай нәрселерден ұзақ болуы керек. Алла тағала мүмін мұсылмандарды Құран кәрімде сипаттағанда «Олар намаздарында Раббысынан қорқып тұратын және де олар бос нәрседен аулақ болады» дейді. Мүмін мұсылман дүниесіне, ақіретіне пайдасы тимейтін нәрселерден ұзақ болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.а) бір хадисі бар «Кімде кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады» дейді. Өзінің сеніміне берік, жолын, дінін, дәстүрін білген мүмін адам мұндай бос нәрселелерлен бойын аулақ ұстағаны жөн. Бұл шариғатымызда тыйым салынған нәрсе»,-дейді.
Сонымен, дінімізге де, дәстүрімізге де жат мейрамды атап өтуге жастар неге сонша әуес болып кетті? Бұл біздің санамызға соншалықты қалай сіңіп кетті деген сауалдар еріксіз туындайды осы тұста. Бұл мерекенің түпкі мақсаты – әр нәрсеге еліктегіш келетін жастардың санасын улап, ұлттық құндылықтарымыз бен тәлім-тәрбиенің тамырына балта шабу. Сондықтан бұл «қорқыныш түнін» тойлауға елімізде заңмен тыйым салынса дұрыс болар еді. Оның орнына осы мерекемен тарихи бастауы бір, бүгінде ұмыт болып бара жатқан сабантой дәстүрін дүркіретіп тойлауды қайта жаңғыртып, ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төккен диқандардың еңбегі ақталып, мол өнімі қамбаға құйылған сәтте тойланатын сабантойға көңіл бөлсек дұрыс еді. Молшылықтың, ерен еңбек пен ризық-несібенің мерекесі саналатын ата дәстүр жас ұрпақты адал еңбекке баулитын еді. Тек соны түсінетін саналы ұрпақ көбейе түссе екен дейміз.
С.МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.