ІНДЕТ КҮШІНЕ МІНДІ

0

Елімізде кейінгі екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 3,2 есе өсті. Бүгінде індеттің белсенді таралу қарқыны барлық өңірде байқалып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды.

«Қазақстанда КВИ жұқтыру жағдайының қайта көбеюі сипат алып жатыр. Кейінгі екі аптада алдыңғы апталармен салыстырғанда індетке шалдыққандардың саны 10 мыңнан 34,5 мыңға жетті, яғни өсім 3,2 есені құрайды. Індеттің кең таралуы барлық өңірде байқалады. Бағалау матрицасына сәйкес бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта», қалған өңірлер «жасыл аймақта» тұр. Қазір вирустың бұл түрі жеңіл өтіп жатқанымен, бірнеше санаттағы адам үшін әлі де қауіпті болып отыр. Тәулігіне коронавирус инфекциясының оң нәтижесімен 3 мың жағдайға дейін тіркеліп отыр. Індеттің қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ аурудың қатаң түрімен ауыратындарға жүкті әйелдер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы, қосалқы аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы вакцина салдырмағандар жатады», делінген.
Жалпы, індеттің қайтадан күшіне міне бастағаны әлемнің тұс-тұсында байқалып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша кейінгі аптада 69 елде КВИ жұқтырушылар күрт көбейген. Мысалы өткен аптада әлемде 6,5 млн адам індетке шалдығып, осы дерттің салдарынан 14 адам қайтыс болған.
«КВИ-мен сырқаттанудың қазіргі сипаты – науқастарда ауру жеңіл түрде өтуінде. Алайда дер кезінде емделмесе, ауру асқынады. Бұл науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда емделетінімен де расталып отыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, КВИ-мен ауырған науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі жеткілікті.
Сонымен қатар індеттің таралуына байланысты білім беру ұйымдарында шектеулер енгізілуі мүмкін. Себебі қазір ауру жұқтырған балалардың саны да аз болмай тұр. Олардың ағзасының ерекшелігіне қарай вирусқа шалдыққанда сепсис, шок сияқты асқынулар болып жатады. Егер қыркүйек айында ауру өршіп тұрса, онда балалар қатысатын көпшілікке арналған іс-шараларға шектеу қойылады. Сондай-ақ өңірлердегі ахуал да ескеріледі. Індеттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру. Осы орайда елімізде вакцина қабылдауға жарайтын азаматтардың 80%-дан астамы немесе жалпы халықтың 56%-ы вакцина алды. Ал ревакциналаумен 5 млн-нан аса адам қамтылды. Бір тәулікте 14 мыңнан аса адам вакцина салдырып жатыр. Қазір Қазақстанда вакцинаның үш түрі – QazVac, Sinofarm және Pfizer қолжетімді, барлығы 1 млн 200 мың доза бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.