Газетіміздің өткен санында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты облыстық байқауда инновациялық грантты ұтып алған жас кәсіпкер Азиз Рзаев жайында жазған едік. Азиз байқауда гидропоника әдісін қолдану арқылы дәнді дақыл өсірудің инновациялық тәсілін ұсынған болатын.
Міне, сол уақыттан бері бірнеше ай өтті. Осы аралықта кейіпкеріміз қажетті құрал-жабдығын орнатып, қолға алған ісін жүзеге асырып үлгерген.
Тараз қаласының «Agro Green Tehnology» ЖШС көмегімен қажетті құрал-жабдық жеткізіліп, технология ретке келтірілді. Біз бұл кешенді өз көзімізбен көріп, жұмысымен танысу үшін аталмыш нысанға бардық. Сөрелері бар жабдықталған контейнер үйінің ауласындағы гараждың ішіне орналастырылыпты. Жеті қатар сөрелер қабат-қабат орналасқан. Шеттерінде су шашатын түтікшелері мен өсімдіктерге жарық түсіретін фитошамдар қойылған. Мұның бәрі автоматтты түрде жұмыс істеп, компьютер арқылы басқарылады. Қазіргі таңда мұнда гидропоника әдісімен бидай өсіріліп жатыр.
«Менің жұмысыма өнген бидайы бар сөрелерді шығарып, содан кейін дәнді сулап, қайтадан сөрелерге салып, контейнерге қою кіреді. Бар болғаны осы ғана. Анда-санда ылғалдылықты тексеремін, зеңнің пайда болмауын бақылау қажет. Сонымен бірге жүйенің қандай да бір бөлшегі бұзылып қалса, оны жөндеу қажет», — дейді ісін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкер.
Бір кешенге қызмет көрсету үшін екі адам жеткілікті. Технологиялық процесс күніне 150-200 кг өнген бидай алуға негізделген. Қазір Азиз өнімді алдын ала келісім-шарт жасасқан серіктестеріне жеткізеді. Бүгінгі күнге жұмыс реттеліп, тура жолға қойылған, дегенмен оның айтуынша бастапқыда оңай болған жоқ. Іс жүзінде құрал-жабдықты реттеу бойынша үлкен жұмыс атқарылған.
«Мамандармен бірге құрал-жабдықты реттеу үшін екі ай уақыт кетті. Бұл жерде ылғалдылық, сөрелердің орналасуы және тұқым сұрыптары ескерілуі қажет. Құрал-жабдық пен технологиялар израильден әкелінген. Контейнерді қосымша жылытуға тура келеді, өйткені біздің климат ол дақтан салқындау. Мұның бәрін жөнге келтіргеннен кейін де қиындықтар болды. Мен тұқым жеткізушілермен алдын ала келісім-шарт жасадым, олар тұқымды сапалы, жақсы деп мақтады. Алайда, бұл тұқымның өнгені қиын болды. Мен жүйеден көріп, мамандарға қоңырау шалып, кеңес алдым, олар маған әңгіменің бәрі тұқымда екенін түсіндірді. Сатып алған тұқымды қайтаруға тура келді. Енді қымбат болса да, сапалы тауар алған дұрыс екеніне көзіме жетті», — дейді Азиз. Кәсіпкердің айтуынша, малды бордақылау ісінде өнген арпа мен бидайдың әдеттегі жемнен артықшылығы басым. Біріншіден, оның көлемі ұлғаяды, 1 кг бидай сеуіп, 7 кг құнарлы әрі дәмді көк майса алуға болады. Шартты түрде екі есе шығынды азайтып, малға 1 кг жемнің орнына 3,5 кг өнген бидай беруге болады. Екіншіден, мал көк майсаны рахаттанып жеп, тез салмақ қосады. Малшылар құрғақ жемді ұнатпай жейтін мал өнген бидайды түк қалдырмай жейтінін байқаған. Жалпы, артықшылығы көп, кемшіліктер қатарында өнімнің бағасы. Дегенмен жас кәсіпкердің есебі бойынша шығындар 2,5 жылдың ішінде ақталады. Содан кейін Азиз фермасын ұлғайтып, тағы бір құрылғы қоюды жоспарлап отыр.
«Маған бұл іспен айналысқысы келетін таныстарым мен көршілерім жиі келіп тұрады, мен оларға барынша кеңес беруге тырысамын. Білгеніңді жаныңдағыларға айту керек деп санаймын. Жаңа технологиялар туралы көп адам біліп, бұл іске бет бұрса жақсы емес пе? Жақында аудандағы бір колледж басшылығымен агроном-студенттерін гидропоника технологиясымен танысу үшін маған жіберу туралы ауызша келісім жасадық», — дейді Азиз.
Біздің кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүреді екен. Гидропоникадан басқа Азиз бизнестің басқа түрлерін қарастырып, өз ісін әртараптандыруды жоспарлауда. Азиз жастарды бір орында тұрып қалмай, жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа белестерді бағындыруға шақырады.
Серғазы Манасбаев