Алаяқтық қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беріп жатады.
Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, яғни интернет алаяқтық болып отыр.
Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерге барады. Бүгінде интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өсуде.
Интернет алаяқтықтың бір түрі – фишинг. Бұл – интернет пайдаланушының жеке мәліметтерін (логин мен пароль) жасырын алу. Қаскүнемдер алдымен танымал брендтердің немесе банктердің атынан жаппай электронды хаттар таратады.
Негізі, айта кететін нәрсе, электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген хаттарды ашпаған жөн, ашқан күннің өзінде ол жерде көрсетілген сілтемелерге кірудің қажеті жоқ. Ондайларды мүмкіндігінше сол келген бойында жойып отыру керек және міндетті түрде вирусқа қарсы бағдарламаларды қолданған жөн.
Интернет-алаяқтық жаһандық мәселеге айналып отыр. Ақпараттық сауаттылықты дамыту және сақтық шараларын қолдану арқылы ғана біз өзімізді және жеке деректерімізді алаяқтардың ықпалынан қорғай аламыз.