ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ЖОЛЫН ҚАЙТСЕК КЕСЕМІЗ?

0

Сандық технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы қылмыс әлемінің де түрленуіне ықпал етті. Мәселен, интернет кеңістіктегі қызмет көрсету аясы кеңіген сайын қарақшылық, бопсалау, ұрлық секілді қылмыстардың қатарына интернет алаяқтық қосылып, аса жылдам қарқынмен дами бастады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы телефон және интернет алаяқтары қазақстандықтарды 15 миллиардтан аса теңгеге шығынға батырған. Осылайша қазіргі таңда киберқылмыс еліміздегі алаяқтықтың ең көп тараған түріне айналды.

Жағдай күн санап ушығып бара жатқан соң 2017 жылы ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында киберқылмыспен күресу жайы айтылды. Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түскендіктен Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдау тапсырылған болатын.

Сөйтіп, 2017 жылы маусымда Үкіметтің «Қазақстан киберқалқаны» тұжырымдамасы бекітілді. Құжат мемлекеттік органдарды ақпараттандыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру саласындағы қазіргі жағдайды, цифрлық экономиканы дамыту әлеуеті мен өнеркәсіптегі өндірістік процестерді технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету саласын кеңейтуге негізделген. Тұжырымдама электронды ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін қорғау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындап берді.

Тұжырымдама екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезең – 2017-2018 жылдар. Екінші кезең – 2019-2022 жылдар. 2017 жылдың қазанында тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында ақпараттық қауіпсіздік саласының нормалары жетілдіріліп, заңнамалық түрде нығайтылды. Бұдан бөлек салалық заңға «киберсақтандыру» ұғымы енгізілді. Киберсақтандыру – компьютерлік шабуылдар кезінде ұйымға келтірілген мүліктік зиянды, сондай-ақ деректердің жария етілуі салдарынан жеке тұлғаға келтірілген моральдік зиянды өтеуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, аталған тұжырымдама мен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуына «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы көп күш жұмсады. Акционерлік қоғамның киберқауіпсіздік жүйесін дамытудағы қадамдары Қазақстанның халықаралық кибердайындық рейтингіндегі жағдайын біршама жақсартып берді. Қазақстан рейтингте 2017-2018 жылдары 83-орынды, 2018-2019 жылдары 40-орынды иеленді. Ал 2019-2020 жылдары 31-орынға көтерілді.

Сонымен қатар тұжырымдама шеңберінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді талдау, бағалау, болжау және алдын алу жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздіктің салалық жедел орталығы құрылды. Мұнан бөлек 150-ге жуық ақпараттық жүйе сынақтан өтіп, «ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардың нәтижелері бойынша акт беру» мемлекеттік қызметі бойынша актілер алды.

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласын оңтайландыру мақсатында ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынау актісін алуға электрондық лицензиялау веб-порталы арқылы өтінім беру рәсімі енгізілді.

Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту мақсатында тұрақты негізде халықтың киберқауіпсіздік қатерлері туралы хабардарлығын арттыру бойынша іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілді. Айталық, облысымызда халық арасында белсенді құқықтық түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп, нәтижесінде интернет алаяқтықтың 40 пайызға (155-тен 92-ге дейін) төмендеуіне әсер еткен.

Тұжырымдама негізінде 2021-2022 жылғы оқу жылында «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім беру грантының саны 2 632-ге дейін ұлғайтылды. Ал 2020-2021 жылдар аралығында ақпараттық қауіпсіздік саласында 542 маман дайындалды. 4 маман «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті.

Киберқылмыс күшейген сайын киберқауіпсіздік жүйесін жетілдіріп отыру маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді.

Президент тапсырмалары аясында өткен жылдан бері Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп интернет алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін қабылдап, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Іс-шаралар кешеніне құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіру, оның ішінде жедел ақпарат алмасу, жедел тергеу қызметкерлері үшін бейінді оқыту жүргізу, IT бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеу және енгізу, жауапкершілікті күшейту секілді шаралар кіреді.

Атап айтқанда, Бас прокуратура сұраныстарды санкциялау рәсімін сақтай отырып, банктік шоттар мен ақша қаражаттарының қалдығына сұраныстарды жіберу бөлігінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің әмбебап сервисі жобасын іске қосты. Ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік берген жоба қолға алынғалы бері кибер алаяқтардың ондаған қылмыстық тобы әшкереленген.

Алайда сарапшылар еліміздегі 10 интернет алаяқтың жоқ дегенде жетеуі жазадан құтылып кететінін айтады. Себебі киберқылмыс елімізде алаяқтықтың ең көп тараған түріне айналғаны соншалық, азын-аулақ ақшасынан айырылғандар құқық қорғау органдарына жүгінбейтін болған. Өткен жылы интернет алаяқтарға 36 мыңнан аса адам алданып қалған.

Ал киберқылмыспен күресушілердің айтуынша, онлайн сауда – киберқылмыстың ең қызған алаңы. Сауда-саттықтың таралған әдісі де кең және көбіне бірін-бірі қайталамайды. Тағы бір айта кетерлігі, банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн несиелерді тіркеу фактілері де азаймай отыр. Мұндай деректердің дені түрлі жобаларға – инвестиция, бәс тігу, ойынға және тағы да басқа ақшаны тиімді инвестициялау деген желеумен жасалған.

«Азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар қылмыскерлер онлайн қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады. Алаяқтар көбінесе құрбанына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды.

Уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі күрделеніп барады. Алайда көп жағдайда алаяқтардың қасақана ойын іске асыруына азаматтардың өзі де кінәлі. Өйткені қарапайым халық алаяқтардың жаңа әдістерін білмейді. Интернеттегі жарнамаға сеніп, оңай олжаға кенелемін деп опық жеп қалады», дейді ІТ маманы Бекарыс Құдайбергенов.

Сондай-ақ кейінгі бірер жылда банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон алаяқтықтары жиілеп кеткенін құқық қорғау органдары ғана емес, қаржы мамандары да мойындап отыр. Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер нөмірді ауыстыру қызметіне көп жүгінеді екен. Өткен жылы полиция қызметкерлері дәл осы тәсілмен жасалған 3 600 қылмысты анықтаған. Осыған байланысты ІІМ оларды бұғаттау мәселесін көтеріп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе «Ксеll», «КаР-Тел», «Altel» және «Теle2» ұялы байланыс операторларының антифрод-жүйелерінің дерекқорларын біріктіруді қолға алған. Қабылданған техникалық шаралар отандық абоненттік нөмірлерге халықаралық трафик арқылы өтетін фрод-қоңырауларды тануға және бұғаттауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өткен жылдың 6 айында 19 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталса, биыл 15 миллионнан астам қоңырау анықталған.

Осы орайда киберқылмыскерлердің құрығына түспеу үшін не істеу керектігін де оқырмандарымыздың есіне салып қойғанды жөн көріп отырмыз.

 «Бірінші. Құпиясөзіңізді есте оңай сақталады деп 1234567 деген сияқты комбинациядан немесе туған күніңіз бен жылыңыздың цифрларынан құрастырмаңыз. Оған қоса оны жиі ауыстырып тұрсаңыз, қауіпсіздеу болады. Бұл мәселеде құпиясөз құрастырып беретін қызметтерді де пайдалануға болады. Дегенмен өте қиын құрастырылған құпиясөз оны жиі ауыстырғаннан тиімді болуы мүмкін. Құпиясөзімді ұмытып қаламын-ау деген қорқынышпен қағазға жазып, оны жұмыс үстеліне қалдырып кетсеңіз, алаяққа үлкен сыйлық жасайсыз.

Екінші. Екі сатыдан тұратын аутентификация қолданыңыз. Мысалы, аккаунтыңыз басқа жерден ашылып жатса, қосымша мақұлдау, яғни қолыңыздағы смартфоннан растауды сұрайды. Егер банктегі жеке жазбаңызға кірмекші болсаңыз, SMS арқылы келген кодты сұрап барып ашылады. Бұл өзіңіз үшін аса қатты қиындық тудырмаса да алаяққа тұсау жасайтын тамаша тәсіл.

Үшінші. Кез келген жерде тегін немесе жылдам екен деп WiFi-ға қосыла салмаңыз. Киберқылмыскерлер адам көп жиналатын сауда орталығы, кафе немесе демалыс парктері сияқты жерлерде жалған желі құрып, сізді қармағына түсіруі мүмкін. Осы әдіспен сіздің банк картаңыздың логині мен құпиясөзі сияқты құнды мәлімет ұрлануы ықтимал. Сол үшін де қауіпсіздігіне көзіңіз жеткен интернет қызметін ғана пайдалануыңызға кеңес береміз.

Сонымен қатар банк картаңыздан қаржы шешілгенін SMS арқылы хабардар ететін қызметті пайдалансаңыз, дер кезінде дабыл қағып, қолды болған соманы қайтаруға мүмкіндік көбейеді. Оған қоса күдікті жағдайларды байқаған жағдайда кейінге қалдырмай, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сонда виртуалды әлемде жасайтын қылмыстары үшін алаяқтар шынайы өмірде жазаланатынына септігіңіз тиеді», дейді сарапшылар.

Жалпы мамандар тарапынан киберқауіптерден қорғанудың жолдары айтылудай-ақ айтылып жатыр. Дегенмен «борсықты ұрған сайын семіредінің» кері келіп, интернет алаяқтар да айылын жияр емес. Сондықтан Президент айтқандай, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыруға басымдық берудің және осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізудің маңызы зор.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.