«Қызын қырық үйден тиып», ұлын бөтен жерден тойдырмаған текті елдің ұрпағы бүгінде осы бір тектіліктің тетігінен тайып, некесіз босанып, орнын оң босағадан тапқан қыздардың талқанды тағдырының көп болуына алаңдаулы. Біреулер мұны қазіргі кезде интернеттің тәрбие құралына айналғанынан көрсе, бірі, санасын тұрмыс билеген ата-ананың бала тәрбиесіне деген немқұрайдылығынан деп айтады. Аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысында қаузалған бұл тақырып көпке ой салғаны анық.
Қарасу ауылының мектебінде өткен келелі жиынға кеңес мүшелерімен қатар ақсақалдар, имамдар мен мұғалімдер, психологтар және құқық қорғау органдарының мүшелері қатысты. Жиынды ашқан кеңес төрағасы Әбдібек Сейілханов бүгінгі күннің трагедиясына айналып отырған мәселе турасында сөз қозғай келе күн тәртібімен таныстырды. «Ерте жүктілік, туыстық некелесудің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар» турасында алдымен мінберге Қордай ауданының орталық ауруханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі Шынар Усербаева көтеріліп, қазіргі кездегі ахуалға тоқталды. Маманның айтуынша ауданда ерте жүктілік, ерте тұрмыс құру ең алдымен жасөспірімдердің жеке қалауы емес ата-аналардың мұрындық болуымен жиі іске асуда. Ондай жағдайлар әсіресе Сортөбе, Масаншы және Ауқатты ауылдарында орын алып жататын көрінеді. Осыған байланысты дәрігерлер алдымен ата-аналармен жұмысты күшейту керектігін айтып, ол бойынша бірқатар жұмыстарды қолға алған. Ерте жүктілік туралы арнайы база ашылып, сол жерде мониторинг жүргізіліп отырады екен. Ерте жүктіліктің алдын алу бойынша қаншама жұмыстар жүргізілгенімен әзірге жасөспірімдер арасында осындай жағдайлардың болуы азаяр емес, дейді Ш.Усербаева.
Туыстар арасындағы неке және кәмелеттік жасқа толмай жүкті болу баланың түрлі ауытқулармен өмірге келуіне себепші болатынын айтады мамандар. Және де мұндай жағдайлар соңғы кездері ауданда жиілеп кеткені алаңдатушылық туғызып отырған көрінеді. Бірақ, ескілік дәстүрді ұстанып, мемлекет заңына қайшы келетін іс-әрекеттерге баратын ата-аналарға қандай да бір шара қолдану керектігі туындап отырғаны анық. Аудан әкімдігі жанынан құрылған жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия қазіргі таңда осы іспеттес жағдайлармен әрдайым бетпе-бет кездесіп отыратыны да жасырын емес. Түрлі шаралар қолданылғанымен әзірге жауапсыз ата-аналар саны артпаса кемімей тұр.
Кеңес отырысында мұндай жағдайға психологиялық тұрғыда қандай баға беруге болатыны жөнінде аудандық білім бөлімінің педагог-психологі Елмира Кереева айтып өтсе, №7 орта мектептің психологі аналардың бой жетіп қалған қыздарына, әкелері ұлдарына әрдайым ақылшы болып, ненің жақсы, ненің жаман екенін үйретіп, болашақта от баспас үшін бүгіннен баланың санасына барынша құйып отыру керектігін айтады. Өйткені, интернеттен тәлім алып, көшедегі көргенін істеген жасөспірімнің болашағы баянды боларына күмән бар.
Жиынға қатысқандар арасында сөз алған Құран қариларын дайындау орталығының директоры Ғалымжан Шерниязов діни тұрғыда бүгінгі көтеріліп отырған мәселе төңірегінде ой қозғап, алдымен ата-ана тарапынан ұл мен қыздың тәрбиесіне аса мән беру керектігіне тоқталып, оған бірнеше мысалдар келтіріп, ең бастысы болашақ ұрпақтың тағдырына балта шауып алмайық десек бүгіннен қимылдау керектігін алға тартты.
Кеңес барысында дүнген ағайындар көптеп қоныстанған ауылдарда балалардың көктемгі дала жұмыстарына тарту туралы да сөз болып, оның барлығын қолданыстағы заңнама аясында шешу керектігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудандық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасы Әбдібек Сейілханов қабылданған қаулымен таныстырып өтті. Онда аудан көлемінде жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу бойынша жұмыстардың көңіл көншітпейтіндігін жеткізіп, «Колхоз» аймағындағы мектептердегі осы бағыттағы жұмыстар жалаң сөзден нақты іске көшу керектігі айтылды. Балалардың мектепте толыққанды білім алу процесін үзбей, оны бақылау жауапты мамандарға жүктелсе, жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша балаларды оқу процесінен қалмауды жауапты мамандарға ҚР Заңнамасына сәйкес қарастыру ұсынылды.
Ж.Омаров