2025 жылдың 6 айында Жамбыл облысында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 301,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 48,1%. Бұл бойынша Жамбыл өңірі еліміздегі инвестиция өсімі бойынша ТОП-3 аймақтың қатарына еніп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен облыс әкімінің қолдауымен Жамбыл өңірінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүруде.
Оған көп мысалдың бірі — Шу ауданындағы біраз жылдан бері тоқтап тұрған «JIBEK JOLY» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) қайта жанданып, бүгінгі таңда алып құрылыс алаңына айналуы.
Аймақтағы ең ірі жобалардың бірі – Fufeng Group Limited корпорациясының жүгеріні терең өңдейтін зауыты. Жоба көлемі – 400 гектар. Құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталды. Қазірдің өзінде:
4 өндірістік цех;
200 МВт қуаттылықтағы жеке жылу-электр орталығы;
200–300 мың тонна жүгері сақтайтын қоймалар салынып жатыр.
Алғашқы өнім – 2025 жылдың соңына дейін алынуы жоспарлануда.
Айта кетейік, Fufeng Group – тағам өнеркәсібіне арналған қоспалар мен биотехнологиялық өнімдер шығаратын әлемдік жетекші компаниялардың бірі.
Бұдан бөлек «JIBEK JOLY» АЭА-да 13 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішіндегі ең ірі жобалар:
SANY – 2 ГВт жел генераторларын шығарып, 300 жұмыс орны ашу көзделуде.
Yonggang Central Asia Iron And Steel – жылына 3 млн тонна темір өндіретін металлургиялық зауыт. 1000 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Altynalmas Reagents – жылына 25 мың тонна натрий цианиді, 226 жұмыс орны.
J Victor New Energy – жылына 30 мың тонна өнеркәсіптік кремний, 800 жұмыс орны.
Taraz Gelatin – 3 мың тонна желатин, 1 мың тонна коллаген, 83 жұмыс орны.
Kazakhstan Hydrogen Peroxide – сутегі асқын тотығы өндірісі, 100 жұмыс орны.
Алдағы уақытта АЭА аумағын қосымша 300 гектарға кеңейту жоспарланған.
Облыс әкімі аймаққа сапары кезінде инвесторларға қолдау жалғасатынын баса айтып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, құрылысқа қажетті материалдарды жеткізудегі мәселелерді шешуге басымдық берді.