Бүгінгі таңда қай салада болмасын заман көшінен қалмай, әрекет еткен адам ғана табысқа қол жеткізеді. Осы ақиқатты дәлелдегендердің бірі – өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпазы, кәсіпкер, «Алатау Групп» ЖК басшысы Әлкен Ашамаев.
Бүгін Әлкен Иванұлы құрылыс саласындағы инновациялық өнім — полистиролбетонды өндіруді қолға алып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Құрылыс саласы елімізде тұрақты сала ретінде қала беретіні жасырын емес. Экономиканың ауытқуларына қарамастан құрылыс материалдарына деген сұраныс қашанда болмақ. Сондықтан кәсіпкер полистиролбетон жақын арада тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді.
«Алатау Групп» басшысы инновациялық материалға 2000 жылдардың басында назар аударыпты. Кәсіпкерді ерекше бетонның жоғары жылы сақтағыш қасиеті қызықтырған екен. Жылыблоктан салынған үй жазда салқын, ал қыста жылы, бұл үйді жылыту шығындарын айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді.
Оған қоса, блоктардың көлемі ірі болғандықтан қалау жұмыстары да жеңіл өтіп, тез арада бітеді. Полистиролбетоннан қаланған қабырғалар ауаны жақсы өткізіп, бактериялардың әсеріне ұшырамайды. Сонымен қатар, полистиролбетон жанбайды, өрт шыққан жағдайда пенополистиролдың түйіршіктері буға айналып, өзі жанбайды және бықсымайды.
-Тұрғын үйде ең маңыздысы – жайлылық. Ал, ол өз кезегінде жасалған материалға байланысты. Полистиролбетон құрылыстағы тиімділігін бірнеше мәрте дәлелдеді. 2007 жылы мен құрал-жабдықты Тула қаласынан сатып алып, өндірісті іске қостым, — дейді кәсіпкер.
Материалдың жылу оқшаулағыш қасиеттерінің арқасында қабырғаларды қосымша жылытудың қажеттілігі жоқ. Бұл кәдімгідей арзанға түседі. Оған қоса үйреншікті бетонға қарағанда полистиролбетон блоктар неғұрлым жеңіл. Яғни іргетасқа жүктеме азайып, іргетасты көлемді етіп жасамаса да болады. Демек, тасымалдау мен қалауға шығындар азаяды.
Бір блок шамамен 18 кірпішті алмастырады. Мәселен, ауданы 100 ш.м. стандартты үй салу үшін 1200 блок жеткілікті. Қазіргі таңда өнім Қордай ауданы бойынша, бүкіл Жамбыл облысына, Алматы, жақын жердегі қалаларға, тіпті Қырғызстанға жеткізілуде.
Айта кетерлігі, Қордайда өндірілген құрылыс материалы басқалардан сапасымен ерекшеленеді. Себебі блоктарды өндіру барысында дірілмен пресстеу тәсілі қолданылады, соның арқасында блоктар қатты болып шығады. Әзірлеу үстінде барлық техникалық сипаттамалар Алматы қаласында құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтында расталған. Сондықтан ол үйді салу кезінде көтергіш қызмет атқара алады. Қазақстанда осындай инновациялық әдісті қолданып жатқан басқа кәсіпорындар жоқ.
Өндірісті іске қосқаннан кейін біраз уақыт өткен соң бизнесмен ісін кеңейтіп, тұтасқұйма құрылысын қолға алған. Бұл әдіс арқылы қабырғалар әдеттегідей қаланбай, қалып қолданылып, полистиролбетонмен құйылады. Осылайша бірден еден мен қабырғалар салынады. Нәтижесінде еңбек шығыны аз, жылы үй шығады.
Қазір кәсіпорын бір ауысымда 40 куб өндірістік қуатқа шыққан, дегенмен ол ең алдымен тапсырыс санына байланысты. Сондай-ақ, мұндағы барлық жұмыс автоматтандырылған.
-Бізде білікті кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілуде, сондықтан автоматтандыру бизнестің көптеген проблемалары мен мәселелерін шешудің жолы. Адам еңбегін көп талап етпейтін жүйе жақсы нәтиже береді.
Сыртқы және бөлмеаралық қабырғаларға арналған екі түрлі блок шығаратын кәсіпорынға шикізат Ресей, Корея, ҚХР жеткізіледі.
Өміріміздегі көп нәрсе қаланған іргетасқа байланысты. Іргетас берік болса, өмірің тыныш, игілікті болары анық. Қазан айында «Алатау Групп» ЖК республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатыспақ. Біз қордайлық компанияға республикада танылған көшбасшы болуларына тілектеспіз.