Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
– Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.
– Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда.Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұның, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызы зор екеніне сенімді. Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.
Президенттің айтуынша, полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажет. Бұл, ең алдымен, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білу деген сөз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты.
Алқа отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.
Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.
Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.
Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқықтарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс.
Сонымен бірге Президент құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі туралы түсінік қалыптастырады деп санайды.
akorda.kz