ИСЛАМ НАСИХАТЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

0

Сан ғасырдан бері бүкіл өміріне Ислам дінін тірек етіп келген қазақ халқына «насихат» сөзі етене таныс. Елімізде әлі күнге дейін өмірлік тәжірибесі мол кісілерден насихат сұралады. Қарапайым бір отбасына ат басын бұрған қонақ та, ауыл деңгейіндегі кеңеске келген мәртебелі меймандар да, үлкен алқалы жиынның төрінде отырған қадірменді кісілер де отырған жерде көрген-білгенін жұртпен бөлісіп отыруы біздің тамырымызға сіңген қасиет десек артық айтқандық емес.
Аллаға мың шүкір, қазақ қазақ болғалы елдігімізді сақтап келе жатқанымыздың да бір сыры осы насихатта жатса керек. Ал енді осы насихат деген маңызды құндылықтың әу бастағы шығу төркіні тікелей Ислам дінімен байланысты екенін бүгінде біреу білсе біреу білмеуі ықтимал.
Иә, насихат – асыл дініміздің сыйға тартқан ең бір құнды қазынасының бірі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір ғана хадисін келтірейік. Бір күні ол (с.ғ.с.) қасында отырған сахбаларына: «Дін-насихат» деген бір ауыз сөзді үш мәртебе қайтарып айтты. Әр нәрсенің байыбына барып, бойларына түбегейлі сіңіріп алуды әдетке айналдырған саңлақ серіктері сонда: «Уа, Алланың елшісі, дін кімге қатысты насихат?» деп сұрады. Сонда Алла тағаланың жер бетіне жіберген ең сүйікті елшісі Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Аллаға, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және барша мұсылмандарға қатысты» деп жауап қайырды. Бұл айтылуы қып-қысқа болғанымен, мәні өте тереңде жатқан аса маңызды хадис. Оны бүкіл діннің төрттен бір бөлігіне балаған ғалымдар да болған. Өйткені насихаттың мәні адамдарды жақсылық атаулыға шақырып, барша жамандықтардан тыю. Мысалы, жұртты имандылыққа, тазалыққа, пәктікке, туралыққа, әділетке, адалдыққа, тақуалыққа, кісі ақысын жемеуге, т.б. мың сан жақсылықтарға шақыруды бір-ақ ауыз сөзбен ислам насихаты деп түйсек, сөзіміз жалған болмайды. Сондай-ақ өсек, өтірік, мақтаншақтық, көз бояушылық, екіжүзділік, сатқындық, опасыздық секілді тағы сансыз кесапат мінездерден сақтандыру да діннің насихат қуаты арқылы адамшылықтың нормасы болып қалыптасқан. Егер де, Алла тағаланың пайғамбарлары арқылы жіберген дінінің насихаты болмаса, адамдар ұрлық-қарлықтың, жазықсыз қан төгудің, қыздардың ар-намысын таптаудың, т.б. зорлық-зомбылықтардың зиянды, күнәлі қылық екендігін қайдан білер еді?! Адам жалаңаш туылғанымен, ұятты жерлерін қымтап, өзгелердің көрмесіне айналмауды өз бетінше ұғына алар ма еді. Әлбетте жоқ. Егер Жаппар иеміздің бұл дүниеге орнатқан ұлы заңында насихат ісі жоқ болса, бүгінде адамдар ең жыртқыш аңдардан да өткен қылмыстарды жасап, жер беті күнәлі істерге толып кетуі ғажап емес еді. Өйткені шын мәнінде, насихат атаулының төресі, әрі ең тереңі, ең пайдалысы, аса керектісі – Құран насихаты екендігі анық.
Ал енді Ислам насихаты қандай болуы керек? Бұл сұраққа да ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыда келтірген хадисінен артық ештеңе айта алмасымыз хақ. Ол (с.ғ.с.) дін насихаты «Аллаға, Оның кітабына, елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және барша мұсылмандарға қатысты» жүргізіледі деп түсіндірді. Енді осыларға қысқаша тоқталып өтейік. Біріншіден, Аллаға қатысты насихат дегеніміз не? Бұған он сегіз мың ғаламның жалғыз қожайыны, ұлы Алла Тағаланы алдымен танып-білу (Оның шексіз құдіретін, білімін, мейірімін, кешірімін, барша кемшілік атаулыдан пәктігін, т.б. сипаттарын терең білу), содан соң оған қалтқысыз құлшылық етуді жатқызуға болады. Сондай-ақ Оны барша жаратылыстардан артық жақсы көру, біздің әрбір басқан қадамымызды, ойымызды, сезімімізді, мінезімізді, жүріс-тұрысымызды Оның үнемі бақылап тұрғанын сезіну, күнәлі істерден аулақ болу, Оның жіберген қиыншылықтарына сабыр етіп, сансыз нығметтеріне шүкір ету де осы шеңберге енеді. Біздің Аллаға қатысты насихатымыз ең кем дегенде осы бағыттарда болуы керек.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) насихатта барша мұсылмандарға қатысты екендігін арнайы атап өтуі де бекер емес. Көпшілікке айтылатын уағыз-насихат ерекше маңызды. Өйткені көпшілік кез келген қоғамның, мемлекеттің құраушылары. Сондықтан оларға да Алладан қорқу, күнәлі істерден аулақ болу, жұртқа мейірімді болу секілді бағыттарда насихат көп айтылғаны дұрыс. Міне, пайдалы насихат жасаймын деушілердің есінде үнемі осы мәселелер тұрғаны дұрыс.
Отбасында ата-ана өз бала-шағасына, мектепте мұғалімдер оқушыларына, басшылар өз қызметкерлеріне, дос-жарандар бір-біріне тиісті жерде дұрыс насихат айтып отырғаны дұрыс. Өйткені «Мұсылман – мұсылманның айнасы» деген хадис бар. Бір адам өзіндегі және өзгедегі кемшін жағдайларды бір-біріне қарап біледі. Ал егер осындай насихаттар арқылы күнәлі істер дер кезінде тоқтатылып отырмаса, онда қоғамның рухани әлпеті де күн өткен сайын нашарлай берері сөзсіз. Имам Нәуауидің «Білім үйренушілер мен үйретушілердің әдебі» деген еңбегінде ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұған қатысты мынадай хадисі келтірілген: «Шындығында, Алла Тағала, оның періштелері, көк пен жердің мекендеушілері, тіпті өз илеуіндегі құмырсқа мен балықтардың өзі адамдарға жақсылық үйретушілерге игілік тілейді.»
Жинақтай келе айтарымыз, Ислам діні насихатқа негізделген дін. Насихат арқылы мұсылмандардың иманы күшейеді, жер бетінде адамшылық қасиеттер молайып, күнәлі қылықтар мен қылмыс, қиянат атаулы азаяды. Насихат арқылы адамдар екі дүниенің бақытына жетуге мүмкіндік алады. Қоғам ішіндегі өзара түсіністік пен сүйіспеншілік нығая түседі. Сондықтан дініміздің осы бір құндылығына немқұрайлы қарамауымыз керек.
Алла Тағала еліміздегі насихат жұмысының өрісі бұдан да әрі кеңеюін, өмірдің барлық саласында қанат жаюын нәсіп етсін. Жаратқан иеміз жаны мен тәні таза иманды ұрпақтың санын көбейткей! Әмин!

Аудандық «Қордай» мешіті

Leave A Reply

Your email address will not be published.