ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ – ҚАРАПАЙЫМ ІСТЕР

0

Қазақстан халқы Ассамблеясының қордайлық жастары жыл басынан бері белсенді түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. 2026 жылдың «Волонтерлар жылы» болып жариялануына орай, жастар еріктілік бастамаларын күшейтіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды өз борышы деп санайды.

Еріктілер Қордай ауылында тұратын екі отбасына барып, олардың ауласын қардан тазалап, үй шаруасына жәрдемдесті. Қыстың қақаған күнінде жалғызбасты қариялар үшін мұндай көмек – үлкен демеу, тірек екені сөзсіз.

Бұл игі іс тек тұрмыстық мәселелерді шешуге ғана емес, қоғамда өзара қолдау, мейірім мен жанашырлық сияқты құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Ассамблея жастары Қордай аудандық ұйымы басшысының орынбасары Станислав Насыров жастардың белсенділігін ерекше атап өтіп, аудан тұрғындарына үн қатты:

«Біздің басты мақсатымыз – бір-біріне бейжай қарамайтын, жанашыр қоғам қалыптастыру. Қарияның үйіне кіріп, қарын күреп беру немесе аздаған шаруасына көмектесу – әр адамның қолынан келетін игілік. Жастарымыздың белсенді әрекеті көңіл қуантады. Барша тұрғындарды осы бастамаларға қосылып, айналамызды мейірімге толтыруға шақырамын. Бірге әрекет етсек, өмірді жылы әрі жарық ете аламыз», – деді ол.

Алдағы уақытта Ассамблея жастары жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға және қиын жағдайға тап болған азаматтарға бағытталған тұрақты волонтерлік жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бұл бастамаға жастар да, ауыл тұрғындары да, айналасындағы адамдардың тағдырына бейжай қарамайтын кез келген жан қосыла алады. Ниет болса – жеткілікті. Жақсылық жасау – оңай. Бізбен бірге болыңыз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.